Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Бауыржан Ақтай: «Алаш аманаты» күйі Алаш  арыстарына деген құрметтен туған

1137
Бауыржан Ақтай: «Алаш аманаты» күйі Алаш  арыстарына деген құрметтен туған - e-history.kz

Осы күні саналы қазақ, әсіресе жастар «Алаш аманаты» деген күйді жақсы біледі. Әйгілі күйді өз беттерімен үйреніп, орындап жүрген жас талаптар қаншама! Сол талай жүректі тербеп, рухтандырған әйгілі күйдің авторы компоизитор, күйші, сан қырлы талант Бауыржан Ақтай екенін білесіз бе? Жұлдыз болып атақ қуып, даңқ пен дақпыртқа бөленбей, өнерімен ғана қарапайым күн кешіп, халық игілігіне қызмет қылып жүрген Бауыржан мырзамен сөйлесіп едік. Сол екеуара әңгімені көптің назарына ұсынайық.

Бәуке, көпшілікке өзіңізді таныстырсаңыз...

– Есімім – Бауыржан, тегім – Ақтай. Алаштың арысы Халел Досмұхамедұлы атамыздың туған жерінде дүниеге келдім. Дәлірек айтсам, Атырау облысы Қызылқоға ауданының Миялы дейтін  шағын ауылы бар, Міне,  сол киелі өлкеде туып, сол өлкеден қанаттанып ұштым... Бұл жер – Алаштың қасиеті қонған киелі мекен! Сол қасиет-кие менің де қанатымды қатайтып, талабымды ұшты. 

Өнер жолы қаннан берілді ме, әлде табиғаттан ба?

– Бұл сұраққа нақты жауап беру қиындау... Неге десеңіз, өнер, әрине, қаннан, тектен беріледі. Ата-бабаңның дарыны ұрпақтарына дейін жетіп, өнер жалғаса береді. Өнердің киелілігі де сонда деп ойлаймын. Шынымен де, кез келген нәрсенің себебі болады ғой... Десек те, өнердің одан кейінгі ғұмыры өнерлінің өнерге деген көзқарасында, өнерге деген ыстық іңкәрінде, өнерге деген сүйіспеншілігінде. Олай болмаса, өнер жалғаспайды һәм дарымайды.

 Жалпы, өнер – кірпияз, тазалықты жақсы көреді, еңбекқорлықты ұлықтайды. Осы шамадан келгенде өнердің тектен беріліп, сол таланттың ары қарай шыңдалуы нағыз өнердің көрінісі деп ойлаймын. Негізінде, менің талантым қандағы нәрсе сияқты... Отбасымызда әкемнің домбыра шертетіні бар, анамның ән айтатыны бар. Бірақ әкем қарапайым механик токарь ғой. Күнделікті қолында домбыра емес, құрал-саймандар жүреді. Домбырадан қарағанда солар жақын... Бірақ жанында әрқашан қазақтың қоңыр үні самал желдей есіп тұрады. Қолы қалт етсе, домбырасын алып, қазақтың небір жауһар күйлерін орындайды. Соны тыңдап өскен менің өзім әкеме ұқсасаған домбырашы болғым келді.  Ағаларым болса  суретші. Бір ағам құрылысшы, әпкем бар домбырашы. Мен үйдің кенжесімін. Сол бізге де әсер еткен болып тұр ғой... 

Бүкіл қазақты ынтықтырған әйгілі «Алаш аманаты» күйіңіздің тарихын білгіміз келеді... 

– «Алаш аманаты» күйі Алаш деген арда туған арыстарға деген құрметтен туған туынды ғой. Өткен тарихқа деген тағзым, ел мүддесі үшін жанын берген ардақтылардың жас ұрпаққа деген үміт күйі, аманат күйі дегім келеді. Солардай болмасақ та, соларға деген құрметім. Соңғы кездері жастар Алашқа қызығып жүр, зерттеп жүргенін білеміз. Сондықтан күймен де рух беруге, намыстарын қайрап, сол қайраткерлердің аманатын, серттерін арқалап жүргендерін жеткізгім келді. Сосын екінші бір себеп – Алаш ардақтыларымен өзімді салыстыра жазған едім. Мен сол кезеңде өмір сүрсем не істер едім немесе олардың басына түскен ауыртпашылық, олардың басына түскен жауапкершілік, мағанда тура сол тағдыр келсе мен не істер едім, Отаным үшін қасқайып тұрып бере аламын ба деген сұрақтарға жауап іздеген күй. Туындым осындай ауыр сұрақтарға жауап іздеумен, Алашқа деген құрметімді көрсетейін деген үлкен толғаныспен шыққан еді.

Композитор, күйші Бауыржан Ақтайдың қоржынында оқырман білмейтін қандай туындылар бар? 

– Қазақтың қара домбырасын серік еткен күннен бері біраз дүние жазыппыз, біраз туындыны дүниеге әкеліппін. Қоржынымда бірнеше авторлық күй, бірнеше авторлық өңдеулер бар. Қазақ халық композиторларының туындыларын өңдегенім бар. Мысалы, Құрманғазының, Ахмет Жұбановтың, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина шешеміздің біраз туындыларын  өңдегем. Жеке өзімнің «Көшпенділер рухы», «Алаш аманаты», «Көктем сазы», «Арнау» деген  отызға тарта туындым бар. Санап көрмедім. Сол өңдеулермен баршасын қосқанда біраз болып қалады енді. Әрқайсысы менің өмірім, менің ішкі толғанысым, менің жан дауысым, қоғамның дыбысы, жүректен шыққан туындыларым. Домбыраның қос ішегінен іңкәр сарын тауып, оны тірілту, оған үн беру, оған жан беру оңай дүние емес. Әр күй менің тағдырым, тіліммен, қаламмен жеткізе алмағанды қасиетті қара домбыраға беріп, онымен біртұтас болып, тылсым күш арқылы байланысқа түсесің. «Көшпенділер рухы» болсын, «Алаш аманаты» болсын халқымның өр рухын көтеретін, ұлтшылдықты жүк қылатын туындылар. Алда осындай күйлермен қуантуға бар күш жігерімізді салуға дайынбыз. 

Қазақ күй өнерінің қазіргі ахуалы турасындағы көзқарасыңыз қалай? 

– Жалпы күй өнері деп бөле қарағанымыз дұрыс емес сияқты, мәдениет туралы айтсақ дұрыс болатын сияқты. Біздің мәдениетіміз бай, тарихы терең де болғанымен, қорғауға, қолдауға, қолпаштауға зәру болып тұр. Менің көзқарасым осылай. Шығармашылық бір жеке бастың жеке мүдделерінен  аса алмай тұр ғой. Күй болсын, ән өнері жалпы мәдениет еркін, тәуелсіз болу керек. Кең далам секілді тау мен тасын, өзен, көлін еркін шарлап, ұлы даламнан нәр алып туындылық тұғырынан түспегені керек. 

«SARMAD» ансамблі қалай, қашан құрылды?

– «SARMAD» ансамблі 2017 жылы құрылды. Бір қызығы – сол кездері мен Атырау қаласында ұстаздық қызметте болғам. Сол жерде шәкірттерімнің басын қосып «SARMAD» деп ансамбль құрған болатынмын. Ансамбльді құрудағы әлқисса мақсат – күй, ән өнерінің «қарашаңырағына» айналған, Атыраудан Құрманғазы бабамыз,  Дина, Қаршыға, Рысбайлар, Азидолла Есқалиев аталарымыз шыққан жердегі сол дәстүрді жалғастыру болса,  екінші жағынан, ескіден келе жатқан ән мұраларын халық арасына дәріптеу еді. Оның сыртында қазір ән өнерінде мектептер ұмытылып келе жатқанда, сол мектептердің ішіндегі Жайық өңіріндегі мектепті ұлықтау болды. 

Әлбетте, топты құрғанға дейін көптеген эксперименттер жасап көрдім... Бәрі бірден құрылмады... Қиындықтар кездесті. Оны былай қойғанда  көптеген шығармалар жазып көрдім. Түрлі түрлі стильде түрлі түрлі варианттармен шығардым. Міне, осылай «SARMAD»  ансамблінің негізгі формасы осылай қалыптасқан еді. 

Сүйікті күйшіміз Атырауда ма, әлде Астанада ма? Қайда тұрып жатырсыз? Не жазып, не істеп жүрсіз? Жалпы шығармашылық лабораторияңыз туралы айта кетсеңіз...

– Жалпы мен қазір Алтай мен Атыраудың арасындамын. Осы мәдениетке қызмет ету ниетімен бірнеше облыста жүремін.  Арасында Астана, Атырау, Түркістан, Семей, Қостанай, Ақтөбе, туған жерім Қызылқоғаға да барып тұрамын. Сондықтан да менің жұмысым «көпшпелі» жұмыс. Ел кезу, жер көру – шығармашылық адамның белгілерінің бірі. 

Қазіргі уақытта өз басым орындаушылықты қойғаныма біраз болыпты. 2012-ден бері қарай орындаушылықты қойдым. Тек қана  шығарма жазумен ғана айналысамын. Сосын тағы тілге тиек кететін нәрсе Алланың көмегімен Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы конкурстағы әндерінің бәрін мен жазып шыққанмын.  Бірақ соңғы бір-екі жылдықта шығармашылық кішкене тоқтап тұр... Оның өзіндік себептері бар. Шынымен де, біраз болды ғой шығарма жазбағаныма...  Бұйырса толғаныстан ой туар... сәтін салсын... 

Әсерлі әңгімеңізге зор алғыс! Құрманғазы, Тәттімбет, Тоқа, Нұрғисалардың жолын жаңғыртып, қазақтың рухын аспандата беріңіз! 

Жауынбай Жылқыбайұлы 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?