Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың орыс келіні

4830
Қазақтың орыс келіні - e-history.kz

Дүниенің бедерін бұзған атақты қазан төңкерісі әлі басталмаған мамыражай заман. Осындай жайма-шуақ, жайлы жаз күндердің бірінде еліміздің шығыс шебіндегі құнарлы өлке Зайсанның Үлкен Қараталына сонау Ресейдің Самара өлкесінен Михайл Кудряков деген орыстың дворяны көшіп келіпті. Қаратал ауылы Қытай елінің шекарасына тиіп тұрғандықтан, орыс саудагері көрші елмен сауда-саттақ жасап өрісі кеңіп, дәулеті артады. Қазақ даласына тамыр тартқан Кудряков жергілікті жұртпен етене араласып, дүйім әулеті қазақуарланады. 

Қаптаған малай, жалшы-құсшы ұстаған Михайл іргесінде құлап аққан Қаратал өзенінен тоғам тартып, бидай өсіреді. Сауырдың қызыл тасын жонып, су диірмен жасатады. Әбден қоңданған соң қазақтардан қалыспай кіл қаракөк жылқыдан үйір ұстайды. Михайлдың өзінен тартып, қыз-қырқыны, жігіт-желеңі, малшы-қосшылары да қазақша судай сырғытып, бұлақтай орғытып сөйлейтін болыпты. 

1900 жылдары қатыны ай маңдайлы қыз тауып, той жасап Елизавета деп атын қойыпты. Толық аты-жөні – Кудрякова Елизавета Михайловна. Осы қыз ержеткен соң көрші қазақ ауылындағы Қылыбай Күлкіашарұлы деген жігітке көңілі құлайды. Себебі Қылыбай ат құлағында ойнаған, әсіре шабандоз, әніне сәні жарасқан нағыз даланың көкжалы екен. 

Бірде  көкпар тартып арпалысқан топқа бір бүйірден қосылған Қылыбай жиырма шақты көкпаршыны жалғыз өзі ат-матымен аударып тастап қарагерін көсілтіп сытылып шыға беріпті. Осы оқиғаны топ қызбен бірге талдың ішінде тұрып тамашалаған Елизавета сұлу: «Шіркін, менің жарым болса ғой!» – деп тамсаныпты.

Ақыры Қылыбай серіге ғашық қыз жарына қосылып қашып кетеді. Оқиғадан құлақтанған Кудряков ақырып ашуына мініп кіл қаракөк ат мінген жасағын аяғына тік тұрғызып, берденкеден күрсілдетіп оқ атып жетеді. «Қыз қайда?» деп қаһарланады. Күжірейген божбан орыстардың алдына Қылыбай ер өзі келіп, көлденең тұрады. «Сендерге керек адам – мен», – дейді. Қоқиланған Кудряков қасқайып тұрған нағыз жігітті көріп, «Қызым теңін тапқан екен» деп, атының басын бұрып жүре беріпті.

Әңгімені ары қарай сабақтасақ, дүние бүлінді. Ақ қашты, қызыл қуды. Кедейлер мен батырақты бас қылған жаңа үкімет орнады. Бұл өкімет Қылыбай сияқты еті тірі, ел бастайтын азаматтарды ұнатпады. Қызылдар Жеменейда орнаған жаңа колхоздың төрағасы қызметін атқарып отырған Қылыбайды қыспаққа алды. Большевиктердің беталысынан сескенген Қылыбай ағайындары Мысықбай, Мылтықбай, Құсайын, Сахаба, Садубақас, Жапсарбайларды бастап Шыңжаң-Алтайға ауды. Мұнда да тұрақ таппай, 1932 жылы ағайындарымен бірге Моңғолияға барды. Сауаты бар Қылекең Ақбалшықта (қазіргі Бай-өлке аймағының Ұланқұс сұмыны) жерде елдің бала-шағасын жинап алып, қаратану мектебін ашты. Содан 1938 жылы «бала оқытқан молда» деген жала жабылып, Қобда қаласында атылды. 2015 жылы 31 желтоқсанда Моңғолия Бас прокурының №5/10 қаулысымен ақталды. 

Қылыбай ұсталып кеткен соң, жары Елизавета Михайловна тоғыз баласын асырап қақты. Елизавета аты ұмытылып, халық әз-ананы «Латипа» атап кетті. Латипа апамыз алғаш Байөлке аймағы орнаған жылдары аспаз қызметін атқара жүріп, Совет Одағынан келіп-кеткен орыс-орманға аудармашылық қызметті қоса жасады. Бес қызы: Мәкеш (байөлкеліктерге танымал күйші Өсерханның анасы), Марғуа және Бәтен (полиция полковнигі Меңгілістің анасы), Қаман, Шәмерия және төрт ұлы: Мәлік, Риян, Қуан, Қоңқайларды бағып-қағып жеткізді. Төрт ұлдың бірі Риян атақты күйші болды. Оның анасы Латипаға арнап шығарған «Қайран шешем» атты күйі әлі күні байөлкеліктердің есінде. 

1970 жылдары байөлкелік Мамархан атты журналшы Қазақстанда білім жетілдіру курсына келіп жүріп, Кудряковтар туралы сұрау алып көрген екен. Зайсан аудандық архивтен жауап хат келіпті. Онда бұл әулеттің аталары «халық жауы» атанып атылып кеткенін, кейінгі буын, яғни Латипаның ағалары Екінші дүние соғысына аттанып қаза тапқаны жайлы айтылып, бұл әулеттен қалған жалғыз тұяқ әйел заты барын жазған екен. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?