Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Таңбалар – мәдениет нышандары

6938
Таңбалар – мәдениет нышандары - e-history.kz

Түркі мәдениетінің, қоғамдық-саяси өмірінің тарих бойы қалыптасып, мызғымас ерекшеліктерге ие болған көптеген құндылықтары бар. Осылардың ішінде түркі өркениетінің өзі секілді көне «ұлыс», «төре», «таңба», «қағанат» (қағандық), «кеңес» (генешек) деген ұғымдар маңызды орын алады. Бұл ұғымдар тарихтың кейінгі процестерінде кейбір түркі халықтарында белгілі бір өзгерістерге ұшыраса, ал кейбіреуінде сол күйі, өзгеріссіз қалды.

«Ұлыс» – ең көне түрк жазба ескерткіштерінде қолданылған сөз. Бұл - прототүрік тілінде «ил» (ел) түбірінен жасалған, кейінгі семантикалық және лексикологиялық дамуында одан әрі байып, синтез түрінде «ел», «этнос», «халық» және «өлке», «мемлекет», «қоғамдық-саяси құрылыс» ұғымдарын білдірген. Түркі мемлекеттілік генезисінің зерттелуінен туындаған алғашқы маңызды пікір де осы маңызды менталды мәдениеттанушылық фактіге сүйенеді. Бұл бойынша, түркілер бір ел, ұлыс ретінде өз мемлекеттерімен бір жерде тарих сахнасына шығып, тарихи уақыт пен кеңістікте өз орнын айқындауға тырысқан секілді көрінеді. Бір этнос ретінде олардың тарихы осы мемлекеттердің тарихымен басталады. Мажар тарихшысы Льюис Лигети де түркілердің мемлекет өмірінің басты ерекшелігіне назар аударып «Түркі халқы кең таралуға бейім жауынгер халық. Ол, бұл істі шебер меңгерген, әрі мұның ең тамаша мысалы бола алады. Оның ұйымдасу күшіне, мемлекет құру қабілетіне қаншалықты қайран қалсақ та аз» - дейді. Ұлыстың (қауымның, халықтың, ұлттың) мемлекет, мемлекеттің ұлыс секілді ұғынылуы - түркілердің әлеуметтік-саяси ой-пікір жүйесінің мәнінде жатыр. Ұлыс – мемлекеттің армиясы, этникалық біртұтастығы, қорғайтын және қорғалған шекарасы болып саналады. Мемлекет пантеоны - «әскер-ұлыстан» тұрады. Осыған байланысты әскери күш, армия тарихтағы барлық түркі текті мемлекеттердің бел омыртқасын құраған. Сол себепті, түркілер қайда барса да, мемлекеттерін де, немесе «мемлекет архитектурасының естелік жобаларын» да өздерімен бірге алып барған. Түркілердің тарих бойы Еуразияда құрған мемлекеттерінің архетиптік ұқсастығын, яғни ұлттық тұрғыда біркелкі болуын да, тек осы арқылы түсіндіруге болады.

Түркі суперэтносының тағы бір маңызды ерекшелігі - шешуші маңызға ие болуы: түркі суперэтносы ежелден біркелкі болмаған, әрі ішкі этникалық құрылымын ұдайы дамытып, өзге ұлыстарды өзінің этникалық жүйесінің ажырамас бөлігіне айналдыруда айқын әмбебап өлшемдер бойынша әрекет еткен. Алайда мемлекет құрудың негізгі жауапкершілігін түркілер әрдайым өз мойындарына алып отырған. Өздері құрған мемлекеттерінде алға тартушы ұлыс ретінде дәл осы түркілер этножүйенің тірегі, әрі бірлестіруші бөлшегі болған. Қай кезде болмасын, этножүйенің «алтын қағидасы» бұзылған кезде, мемлекет-ұлыстың тіректері де жығылған. Этножүйедегі түркі пассионарлығы оны әрдайым ұлыс тудырушы, мемлекет құрушы істерге жетелеп, оған жаһангерлік, әрі жеңімпаздық миссиясын да жүктеген.

Ал енді «төре» сөзі көне дәуірлерден қазіргі дәуірлерге дейін көптеген түркі тілдерінде фонетикалық өзгерістерге ұшыраса да, әлі де қолданылып келе жатқан басты сөздердің бірі. Ол «төремек» (таралу, пайда болу) етістігінің есім сөзге айналған түрі.

Төре - түркі ұлысының қоғамдық, саяси, рухани және ахлақи тұрмыс-тіршілігінің әмбебап тәртібін тудырған, өзін құру қағидаларын бір жүйеге түсірген әдет-ғұрып, дәстүр және қылық-әрекеттердің жиынтығы; әрі түркі болмысына сүйеніп, негізге алатын этикалық (әдеп) конституциясы. Жеке-жеке түркі халықтары, ұлыстары дәл осы «төрешілік» заманында біртұтас мемлекеттілік идеясының төңірегінде біріккен. «Түрк бұдын» (түркі халқы) - түркі тайпалық одақтардың бірігуі мен біртұтас халық ретінде қалыптасуы, ұлтқа айналу процесін дамытуы және «төре» тәртібі бойынша жаңаша құрылымға ие болуы деген сөз.

«Таңба» («tamğa») - түркілердің генеологиялық тегінің коды. Әрбір түркі тайпасының өзіндік таңбасы болған. Мысалы, оғыз, қынық, қайы, йыва, салұр, авшар, байділі, бүкдүз, баят, йазқыр, эймур, қарабөлік, алқабөлік, ығдыр, үрегір, тұтырқа және т.б. түркі тайпалары (халықтары) ұзақ ғасырлар бойы таңбаларын сақтап келген, Тайпа (тек) ұлғайып, дамыған сайын, жаңа тайпаларға бөлінген сайын не өз таңбасын сол күйі сақтап қалған, не болмаса оған қажетті элементтерді қосқан, ал кейде оны өзгертіп, жаңасын қабылдап отырған. Таңбалар түркілерде әлі жазу болмаған кезеңдерде пайда болған. Ежелгі дәуірлерден қазіргі заманымызға дейін түркі этникалық топтары оны бір символ ретінде қолданып келген. Сонымен қатар, бұл таңбалардың кейбірі түркілердің Орхон- Енисей жазба ескерткіштерінің алғашқы тәуелсіз төл жазуы болып саналатын руникалық әліпбиінің кейбір таңбаларына арқау болған. Көне түркілердің кілем, алаша, мазар тастары секілді материалдық мәдениет үлгілерінде (туындыларында) бейнеленген таңбалар кейде әріп, кейде символ, кейде ою- өрнек, ал кейде бір құпия жұмбақ түрінде бізге келіп жеткен. Қазір ғылыми айналымда Еуразияның аяқталған тұсы Беринг бұғазынан өтіп, Америкаға көшкен алғашқы адамдардың түркілер не болмаса азиялықтар болғандығы жөніндегі жорамал да бар. Бұл жорамалды жақтайтын ғалымдар мұның ең маңызды дәлелі ретінде Америка үндістерінің таңбаларының көне түркі таңбаларымен ұқсастығын немесе кей жағдайларда бірдей екендігін алға тартады. Шынында да, Америка үндістерінің әдет- ғұрыптары мен салт-дәстүрлері, қолданатын таңбалары көне түркі этножүйесі мен мәдениетінің іздерімен едәуір дәрежеде үйлесіп, ал кейде бірдей болып келеді. Таңбалық символдар - түркі халықтарының мәдениетінде аса маңызды орын алған нышан-белгілер жиынтығы. Түркілер үшін таңбалық символдар ерекше талғам, тәуелсіздік сондай-ақ бір әшекей немесе өнер туындысы болумен қатар архетиптік-мифологиялық ерекшеліктерге де ие. Ал «қаған» сөзінің түбірінен туындаған «қағанат» ұғымы – Көктүрк (немесе Ұлы Түркі) қағанаты ( 552-745 ) кезеңінен бастап түркі саяси мәдениетінің маңызды құраушы бөлігі болған. Орхон-Енисей ескерткіштерінде «қаған құрған мемлекет немесе империя» мағынасында қолданылған. «Қағанат» мән-мағынасы жағынан Еуропа дәстүріндегі «корольдік» («Kingdom»), яғни «король құрған мемлекет немесе империя» деген сөзге сәйкес келеді. Этимологиясы бойынша, «үлкен басшы, жетекші көсем» мағынасына келетін «қаған» сөзі кейінгі дәуірлерде фонетикалық өзгерістерге ұшырап, «хакан» деген форма алған. Бұл екі форма да осы күнге дейін түркі тілдерінде қолданылады. Түркілер ғасырлар бойы өз империяларын «қағанат» немесе «хақанлық» деп атаған. «Кенес» (генешек) - қазіргі әзербайжан тілінде және бір қатар түркі тілдерінде дәл осы немесе сәл басқаша формада қолданылатын сөз. «Кеңесу» (яғни, «мәслихат жасау, шешімді кеңейтілген ортаға шығару») етістігінен туындаған. Маңызды әлеуметтік-саяси мән мазмұны бар бұл сөз классикалық түркі мемлекеттілігінің құндылықтарын өз бойына жинақтаған. Білге қағандар (білікті, дана басшылар) «кеңес» деңгейінде ақылдасып, кеңескеннен кейін шешім қабылдайтын болған.

Түркі мемлекеттілігін дамытқан, империяны кеңейткен түркі билеушілері - қағандар өз ерік-жігерлерін жалғыз абсолютті билік негізінде жүзеге асырған тирандар емес, керісінше, ел басқару істерінде бір қағида ретінде кеңесуге басымдық беретін болған. Әскери жорықтармен, соғыстармен өткізген өмірінде маңызды тарихи шешімдер қабылдаған, өз заманының ең мықты әміршілерімен соғысқан, аталары Шыңғысханнан кейін Еуразияда ең үлкен территорияны жаулап алған Әмір Темірдің (Темірланның) қазіргі заманғы мағынада парламенті мен әскери кеңестің орнына жүретін кеңесі болған. Мемлекет пен армия басшылары кеңеске (генешекке) жиналып, тиісті мәселелерді талқылап, кеңесіп, әміршіге ең соңғы шешімді қабылдау үшін ұсыныс беретін болған. Жан-жақты талқыланып, талданған нұсқауға қатаң түрде бағынып, әрекет етудің арқасында ғана жеңіске жетуге болады. Түркі қоғамында кеңестің әлеуметтік моделі ретінде азаматтық проблемаларды қарастырған құрылтайлар да тарихи маңызға ие. «Құрылтай» сөзі этимологиясы жағынан «құрылу, құрылыс алу, құрылған бір мекенде бірігу, бірге болу, серіктес болу» мағыналарын қамтиды. Осылайша, түркі саяси-қоғамдық және мәдени- әлеуметтік өмірінің негізіне сүйенетін бұл ұғымдардың бар болуы кейбір теріс пиғылдағы зерттеушілердің көне түркі мемлекеттілігінің абсолюттік билік пен тирандыққа негізделгені туралы ой-пікірлерін толықтай жоққа шығарады. Әлбетте, тирандыққа негізделу арқылы мұншалықты алып мемлекеттерді басқару, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық базасын құру мүмкін болмас еді.

Осылайша, ұлыс - төре - таңба - қағанат – кеңес тарих бойынша түркілердің қоғамдық-саяси өмірінде бір-бірімен байланысты іс-әрекеттердің мән маңызында көрініс тапқан құндылықтар болып есептеледі. Ұлыс – мемлекетті құрады. Төре – тұрмыс-тіршілік қағидаларын белгілейді. Таңба – тайпаның этножүйедегі орнын айқындап, рәміздейді. Қағанат – саяси биліктің құрылысы ретінде құрылады. Кеңес – ел басқарудың негізіне сүйенеді.

Түркі халықтарының шекаралары

Түркілер б.з.д. I мыңжылдықтың бас кезінен бастап Орталық Азияның қуатты этносы ретінде тарих сахнасына шықты. Олардың өмір сүрген алғашқы мекені – Еуразияның 145-150° ендіктер арасындағы ареалы, яғни, қазіргі Моңғолияның солтүстік-шығыс және солтүстік-батыс шекаралары, Алтай тауларының маңайы, Енисей және Селенга өзендерінің бойымен Абакан, Тува және Өтүкен территориясы. Көне түркілер өздері ата жұрттарының шекарасын солтүстікте Гиндикуш таулары, шығыста Хинган таулары (қазіргі Қытайдың Кореяға жақын солтүстік бөлігі), батыста Каспий теңізі, солтүстікте Сібір жазықтары арасында деп көрсеткен. Алайда барлық ірі халықтардың тарихындағыдай түркі суперэтносының да өмір сүрген географиясы өзгерістерге ұшырап, сан рет кеңейіп не болмаса кішірейіп отырған. Түркі суперэтносының Көктүрік империясынан Осман империясына дейін жалғасқан 1500 жылдық тамаша саяси тарихында (VI ғасырдың ортасынан XX ғасырдың басына дейін) құрған мемлекеттері мен қоныстанған территорияларының жалпы жер көлемі бүкіл Еуразияның шамамен үштен бірін қамтыған. Тек қана Көктүрік, Түркі- моңғол, Осман, Сафауи және моғол империяларының жалпы жер көлемі 64 миллион шаршы шақырым болған (салыстыру үшін: қазір Еуразияның ең үлкен мемлекеті, түркі халықтарының да айтарлықтай басым бөлігі өмір сүріп жатқан Ресей Федерациясының жер көлемі 17 миллион шаршы шақырым). Қазіргі кезеңде түркі этногеографиясының шекаралары тәуелсіз түркі мемлекеттерінің, автономиялық түркі республикалары мен аймақтарының, қазір басқа мемлекеттерде шоғырланып өмір сүріп жатқан түркі халықтары мен ұлыстарының территорияларынан тұрады.

Түркілердің айналасымен қарқынды әрекет еткен аймақтың, яғни Каспий теңізінің шығыс және батыс шекараларында қалыптастырған этносаяси географиясының сипаты тарих бойы нақты айқындалғаны соншалық, бұл кеңістікте өте ертеден түркі бірлігі үшін өте қолайлы жағдай орныға түскен.

Еуразия аймағында орналасқан тәуелсіз түркі мемлекеттері әлем картасында шашыраңқы түрде емес, бір аумақта, бір-бірімен құрлық немесе теңіздегі мемлекеттік шекараларымен жалғасып жатыр. Басқа мемлекеттердің территориясындағы тамырлас түркі халықтары да белгілі бір саяси статустарымен осы шекаралармен шектесетін аймақтарда, шоғырланған түрде өмір сүріп жатыр. Түркі текті халықтардың бұдан да кең этникалық географиясы тәуелсіз түркі мемлекеттерінің саяси географиясының шекараларын қоршап жатыр. Осы арқылы әзірге этникалық топтар түрінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың келешекте тәуелсіздік алу арманын жүзеге асыру мүмкіндігін сақтайды. Жер көлемі бойынша әлемнің ең үлкен тоғызыншы ел болып саналатын (жер көлемі шамамен, Шығыс Еуропаның жалпы территориясына тең) Қазақстан Республикасымен Орталық Азияның түркі географиясы басталады. Қазақстан солтүстікте және батыста Ресей Федерациясымен, шығыста Қытаймен, оңтүстікте Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекаралас. Қырғызстан Республикасы екі түркі мемлекетімен - солтүстікте Қазақстан және батыста Өзбекстанмен, оңтүстік-батыста Тәжікстанмен және оңтүстік-шығыста Қытаймен шекаралас.

Орта Азияның орталығында орналасқан Өзбекстан Республикасы шығыста Қырғызстан, солтүстік-шығыста және солтүстік-батыста Қазақстан, оңтүстік-батыста Түрікменстан, оңтүстікте Ауғанстан, оңтүстік-шығыста Тәжікстанмен шекаралас. Түрікменстан Республикасы оңтүстікте Ауғанстан және Иранмен, солтүстікте Қазақстан және Өзбекстанмен, ал Каспий теңізі бойынша Әзербайжанмен шекаралас. Осылайша Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстанның шекаралас бес мемлекеттің үшеуі - түркі республикалары.

Әзербайжан Республикасы солтүстікте Ресей және Грузия, батыста Түркия және Армения, оңтүстікте Иран, ал шығыста Каспий теңізі арқылы Түрікменстанмен шекаралас. Түркия Республикасы шығыста Әзербайжан, Армения және Грузиямен, оңтүстікте Ирак және Сириямен, батыста Грекия және Болгариямен, ал Қара теңіз арқылы Ресеймен шекаралас.

Түркияның шекараларын Атлант мұхитына шығатын төрт теңіз - Қара теңіз, Жерорта теңізі (Ақ теңіз), Эгей теңізі және Мәрмәр теңізі құрайды. Сонымен қатар, қазіргі түркі мемлекеттері шекараларының айналасында Қытайдан Болгарияға дейін миллиондаған шаршы шақырымдық территорияда басқа түркі текті халықтардың да өмір сүріп жатқанын назарға алу керек. Мұндай географиялық кескін-көріністе түрк әлемінің біртұтастығы өзінің табиғи координаттарында айқын көрінеді. Оның Еуразияның орталық жолағын құрайтын тарихи және қазіргі геостратегиялық позициясы қазіргі таңда да әлемнің басты назарында.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі;

 

Жаваншир Фейзиев «Түрк әлемі»,

 

Лев Гумилев «Ежелгі түркілер»,

 

Кляшторный С.Г «Түркі тайпаларының ежелгі тарихи мәселелері»,

 

Фарук Сумер «Оғыздар, түркімендер»,

Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік»

Дайындаған: Ықылас Ожайұлы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?