
Бүгін Астана күні мерекесіне орай ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қараөткел құпиялары» атты зерттеу кітабының тұсаукесері өтті. Тарихи еңбек Астана қаласы Мемлекеттік архиві ғылыми-әдістемелік кеңесінің ұсынуымен, белгілі тарихшы, өлкетанушы ғалым Жамбыл Артықбаевтың авторлығымен оқырманға жол тартып отыр. Кітапта архив қорында сақталған мол деректер қамтылған.
Іс-шара Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Астана қаласының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен өткен «Шаһар шежіресі» атты архив құжаттарына негізделген көрмеден басталды. Шараны қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп ашып, әрі модератор қызметінде жүргізді. Сондай-ақ сөзінің кіріспесінде бүгінгі іс-шараның мазмұны мен «Қараөткел құпиялары» кітабының тарихи маңызы жөнінде сөз қозғады.

Алдымен сөз тізгіні кітап авторына берілді. Порталымыздың тұрақты авторларының бірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, өлкетанушы ғалым Жамбыл Артықбаев Қараөткелдің тарихы жайында тың деректерді баян етті:
«Қараөткел» атауын XVIII ғасырдағы жаугершілік заманмен немесе Қанжығалы қарт Бөгенбайдың сүйегін Әзірет Сұлтанға алып бара жатқан қаралы көштің осы жерден өтуімен байланыстыру қисынсыз. Бұған бір себеп –Қараөткел маңындағы сақ, ғұн, түркі замандарынан қалған көптеген қорғандар мен қалалық қоныстар. Қараөткел Қазақ хандығына дейінгі заманда Ұлы даланың ірі сауда орталықтарының бірі болған. Демек, бұл атау сол көне замандарда қалыптасқан. Қаланың іргетасы керуен сарайлар мен қолөнер орталықтарына, саудагерлердің отырықшы қоныстарына, мешіттер мен мектептердің орындарына негізделген», - деді тарихшы
Қараөткел қаласы – ірі керуен орталығы болған. Түркістаннан, Бұқара мен Хорезмнен, Қашғариядан, яғни оңтүстіктен келген керуендер осы Қараөткелге тоқтап, қоныс тігетін болған. Солтүстік жақтан Астрахань, Қазан, Уфадан келген керуендермен тауар алмастырып, бұл жерді сауда-саттықтың орталығына айналдырған.

Автор Қараөткелді зерттеудегі қиыншылықтар мен осы тақырыпқа келу себептерін, кітаптың жарыққа шығуына түрткі болған жағдайларды былайша баяндайды:
«Мен 2009 жылы Астана қаласына қызмет бабымен көшіп келдім. Сол кезде «Астана ақшамы» деген газет бар еді, сол газетке осы тақырыпта 30-40 мақала жарияладық. Публицистикалық жинақ тәрізді кітаптың негізі сол материалдардан жинақталды. 2009 жылдан бастап «Қараөткел» тарихына қызыға бастадым.
Екіншіден, әкем мен шешемнің тағдыры Қараөткелмен байланысты еді. Ол кісілер репрессия жылдары Степняк деп аталатын алтын өндірісінде болған. Сол жерде әкем «халық жауы» ретінде ұсталып, Қараөткелдің НКВД ішкі түрмесіне жабылған. Қазіргі халық әкімшілігінің жанында орналасқан сол түрмені ең бірінші болып іздедім. Шешем айтатын: «екі қабат, қызыл кірпіштен салынған» деп. Бірақ ондай ғимарат табылмады. Содан кейін жергілікті өлкетанушылармен байланысып, Сақан деген кісі сол ішкі түрмені көрсетті. Бірге бардық, бірақ ішіне кіргізбеді. Сол сәттегі қызығушылықтан бұл зерттеу басталды».
Кітаптың тұсаукесеріне ҚР Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Керімбек Болат Бақбергенұлы, ҚР Көркем Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Оралбайұлы Әбсеметов, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейітжанұлы Есілов, тарих ғылымдарының докторы, өлкетанушы Сақан Асайынқызы Сәдуақасова, тарих ғылымдарының докторы, жазушы, аудармашы Тұрсынхан Зәкенұлы бастаған бірқатар қоғам қайраткерлері, елімізге белгілі ғалымдар, өлкетанушылар, ақын-жазушылар мен журналистер қатысып, авторға жылы лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ Жамбыл Артықбаев Кенесары Қасымұлының 1837–1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы, оның ішінде Қараөткел қаласына жасаған шабуылы туралы да сөз қозғады:
«Кенесары кезеңі – XIX ғасыр. Бұл қалаға (Қараөткелге) жасалған шабуыл Ресейдің отарлық саясатына қарсы бағытталған. Себебі бұл қалашық Ресей империясының қол астына өткеннен кейін әскери гарнизонға айналды. Әскерге азық-түлік пен басқа да қажеттіліктер керек болды, ал бұл маңайдағы ауылдарға үлкен ауыртпалық әкелді. Қараөткел –жалпақ өткел, ені 200 метр шамасында, тастақты, суы тізеден ғана келетін жер. Бұрын бұл жерден сауда керуендері еркін өтіп жүретін. Бірақ әскери гарнизон салынып, сауда-саттыққа кедергі келтірілді. Сондықтан да Кенесарының Қараөткелге шабуылы – Ресейдің отарлық саясатына қарсылық ретінде бағалануы тиіс», - деді Жамбыл Омарұлы
Автордың айтуынша, бұл кітапта тың деректер топтастырылған. Қараөткелдің арғы-бергі тарихын баяндайтын, бүгінгі күні жазылған жалғыз еңбек. Сондай-ақ, Кеңес дәуіріндегі зерттеушілер мен тәуелсіздік кезеңінен кейінгі зерттеу еңбектері арасындағы көзқарас алшақтығын тарихи деректерді саралай отырып талдай келе:

«Кеңес заманында Қараөткелді зерттеушілердің барлығы зерттеуді Ресей империясы кезеңінен, яғни 1830 жылдардан бастайтын. Біз Қараөткелдің тарихын көне құрылыстарға сүйене отырып, әлдеқайда терең дәуірлерге –ежелгі заманға дейін апардық. Бұл –үлкен алға басу. Қараөткелді Қараөткел еткен Ақмолалық көпес Қосшұғыловтар әулетінің еңбегі ерекше. Қараөткелге іргелес Тайтөбе ауылының тарихы да ғұн дәуіріне дейін барады», – деп пікір білдірді.
Кітап мазмұны бес тараудан тұрады: «Қараөткел туралы ізденістер», «Есіл–Нұра –екі су», «Ерте заманның ескерткіштері», «Қараөткел тарихы», «Қараөткелге қанаттас». Әр тарауда Қараөткелдің тарихына қатысты тың мәліметтер ұсынылған. Бұл тарихи-танымдық еңбек Астана қаласының тарихына қосылған сүбелі үлес екені анық.

Сонымен қатар, бұл еңбек Сарыарқа төсінде, Есіл мен Нұра өзендерінің бойында орналасқан елорданың мыңжылдық тарихына негіз болатын ғылыми еңбектердің бастамасы. Іс-шара соңында Қараөткел атауын қайта жаңғырту, көне қала атауын сақтай отырып, жаңа қалашық салу туралы ұсыныс-пікірлер айтылды.