
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Атажұртқа оралған аманат» атты маңызды іс-шара болып өтті.
Шара барысында Түркиядағы қазақтар арасында есімі белгілі ақын, жазушы Зейнел Сүрмелінің кітабының тұсауы кесілді. Бірегей кітап қазақ және түрік тілдерінде жарық көріп отыр.
Ұлттық мұраны сақтау жолындағы еңбектің тұсаукесеріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Қазақстандағы Түркия елшілігінің, Қазақстандағы Үндістан елшілігінің және Қазақстандағы Британия елшілігінің өкілдері, Түрік ынтымақтастығы және үйлестіру агенттігінің Астанадағы өкілдігі (TIKA), Түркия әуе компаниясының өкілдері, Отандастар қорының өкілдері, Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының өкілдері қатысты.

«Іс-шараға Ұлыбритания, Үндістан және Түркия секілді үш елдің елшілігінің өкілдері келіп қатысып отыр. Себебі осы үш елде де біздің тарихымызға қатысты көптеген құжаттар бар. Соларды анықтап жатырмыз. Мәселен, бір ғана Үндістаннан мың жарымнан астам құжат таптық. Сол секілді Түркия мен Ұлыбритания архивтерінен де біршама құжат анықтадық. Қазіргі таңда құжаттарды саралау, зерттеу, аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба әлі де жалғасады. Көштің куәгерлері мен көнекөз қариялардың көзін көрген адамдар үнемі назарымызда болады. Мәселен, Омар Жігіт деген ақсақалымыздың өзі неге тұрады. Ол кісі де көштің куәгері. Ұлы көшке қатысты үлкен қолжазба қалдырған. Өткен жылы қолжазбасын алдық. Бұйырса, алдағы уақытта жеке кітап болып басылып шығады, - дейді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.

Оның айтуынша, өткен жылы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мамандары Түркия Респуликасының Стамбул қаласында археографиялық ғылыми-іздестіру экспедициясын жүргізген. Экспедиция барысында Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры, белгілі ғалым Әбдіуақап Қара Түркиядағы қазақ өкілдері арасында аты белгілі ақын, жазушы Зейнел Сүрмелінің құнды еңбектері бар екенін атап өтеді. Кейін Зейнел ақсақалдың ұлы Махмуд Сүрмелі Ұлттық орталық қорына әкесінің көзі тірісінде жазып қалдырған қолжазбасын әкеліп тапсырды. Осылайша, үлкен жоба басталып кеткен.
«Орталығымыз ұлттық құндылықтарымыздың рухани көзі болып саналатын құнды тарихи құжаттарды, қолжазбалар және сирек кітаптарды әлемнің түкпір-түкпірінен жинап, зерттеп, ғылыми айналымға енгізу барысында үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Зейнел Сүрмелі өзінің қолжазба өлеңдерінде Алтайдан Тибет, Гималайды асып Үндістан, Пәкістан одан Түркияға көшкен қазақтардың қиын тарихын өлең түрінде баяндайды. Алтайдан басталған көштің соңы Түркия еліне барып тұрақтайды. Осы кезеңді Зейнел Сүрмелі басынан өткерген, куәсі болған. Ұлттық орталық мамандары Зейнел Сүрмелінің араб графикасында жазылған қолжазба өлеңдері мен хаттарын қазіргі жазуға көшіріп, жинақ етіп баспадан шығарды. Түркиядағы Мимар Синан Өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара ағамыз жинақтың түрікше нұсқасын баспаға әзірлеп шығарды», - дейді ол.

Мимар Синан Өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қараның айтуынша, бұл кітаптың құндылығы өте жоғары.
«Жалпы Түркияның қазағы, сонау Алтайдан Түрік еліне дейін созылған ауыр да қияметі көп көш туралы көптеген естеліктер шығып жатыр. Бірақ мына еңбек өлең түріне жазылған. Яғни сол дәуірді түгел суреттеп бере алатын сезімдерді байқауға болады. Тарихта кейде сезім болмай жатады ғой, мұнда керісінше өзінің көрген, басынан өткерген барлық қиыншылықтарын, әкесінің қайтыс болуы, бауырларының көз жұмуы секілді тарих жеткізе алмайтын ауыр сәттерді өлеңмен жазып жеткізген. Сондай-ақ жақсы сәттер, қуанышты оқиғалар да бар дегендей. Яғни көш тарихын толықтыратын құнды еңбек болып отыр», - дейді ол.
Тұсаукесер барысында «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінен үзінді көрсетілді.

Зейнел Сүрмелі – Түркиядағы қазақ диаспорасы арасында танымал ақын және жазушы. Оның шығармалары қазақ халқының ХХ ғасырдағы қиын тарихи кезеңдерін бейнелейді.
Ол Алтайдан басталып, Тибет пен Гималайды, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға дейін созылған қазақ көшінің тікелей куәгері болған. Бұл көшінің ауыртпашылықтары мен рухани байлығын өлеңдеріне арқау еткен Зейнел Сүрмелі өз өмірін осы тарихи оқиғалармен байланыстырды. Оның қолжазба өлеңдері мен хаттары араб графикасында жазылып, кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы тарапынан қазіргі жазуға аударылып, жинақ етіп басылып шықты.