Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек: Бақтыгерей Құлман

1063
Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек:  Бақтыгерей Құлман - e-history.kz

Тарихи тұлғаларды оқырман қауымға таныстыру, тұлғалар есімін жаңғырту мақсатында кезекті «Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек» айдарында шығыстанушы ғалым, ғылым кандидаты, Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, Алаш қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі Бақтыгерей Ахметұлы Құлман жайлы баяндаймыз.

1) Бақтыгерей Ахметұлы Құлманның тарихи деректерде туған жылы 1857, 1858, 1859 жылдар деп үш түрлі нұсқада көрсетіледі. Бақтыгерейтанушы ғалымдар оны 1859 жылы желтоқсанның 22-жұлдызында, бұрынғы Астрахан губерниясының «Никольский» деп аталатын елді мекенінде төре тұқымы әулетінде дүниеге келген деген ғылыми тұжырымға тоқталады

2) Бақтыгерей Құлманның ата-тегі, шежіресі: Әбілқайыр хан – Нұралы – Есім – Қарабай – Асан – Құлман – Ахмет – Бақтыгерей деп жалғасады. 


3) Ол Санкт-Петербург Императорлық университетінде білім алған. Университетте 8 жыл оқыған. Тек бірінші курсты қайта оқу үшін 3 рет өз еркімен өтініш жазып, жыл сайын сол курста қалып отырған.

4) 1889 жылы 9 наурызда №877 диплом алып шығады. Араб тілі, араб әдебиеті тарихы, парсы, осман, түрік-татар тілдері және орыс сөздігінен өте жақсы оқып, университет кеңесінің 1888 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымымен кандидаттық ғылыми дәрежесін қорғайды.

5) Бақтыгерей Құлман – қазақтан шыққан тұңғыш шығыстанушы ғалымдардың бірі, ғылым кандидаты.

6) 1906–1907 жылдары Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік думаларына қатарынан екі рет Ішкі Орда қазақтарының атынан депутат болып сайланып, Мұсылмандар фракциясының белсенді мүшесі болған.

7) Ол Астрахан губернаторының қарамағындағы Қамыш-Самар қисымының әкімі қызметінен бөлек, 1917 жылы Жалпықазақ-қырғыз съезі комиссиясының төрағасы болды.

8) Бақтыгерей Құлман 1917 жылы Алашорда үкіметінің төрағасы болу үшін сайлауға түседі. Сайлауда оның оппоненттері Ә. Бөкейхан мен А. Тұрлыбаев болды. Сайлау нәтижесіне сәйкес Ә. Бөкейхан – 40, А. Тұрлыбаев – 20, 

Б. Құлманов – 19 дауыс жинайды.

 9) 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылып, оған қазақтан 15 кісі мүше ретінде кіреді. Олардың қатарында 60 жастағы Бақтыгерей Құлман да болған.

10) Ол 1919 жылы Жаңақалада сүзек ауруынан қайтыс болады.

 

Бақтыгерей Ахметұлы Құлман

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?