
Түркияның Амасья қаласындағы Олгұнласу институтының шеберлері әлемге әйгілі, түркі мәдениетінің жауһары саналатын Пазырық кілемін іріктелген жібекпен түпнұсқасына ұқсатып қайта жасап шықты, деп хабарлайды e-history.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Әлемдегі ең көне және түркі халқының кілем тоқу өнерінің ғажап үлгісі болып саналатын Пазырық кілемінің дәлме-дәл көшірмесі Түркияның Амасья қаласындағы Олгұнласу институтында жасалды. Түпнұсқасы Алтай тауларындағы Пазырық қорғандарынан табылған бұл тарихи кілемнің көшірмесі институттың тәжірибелі шебері Фехмие Бозкурттың қолынан шықты. Ол күн сайын 10 сағат жұмыс істеп, жібек иірімінен тұратын кілемді 2 ай ішінде аяқтаған.
Пазырық кілемінің түпнұсқасы 189x200 см көлемінде жүннен тоқылған болса, Амасьяда жасалған нұсқасы 60x60 см көлемінде жібектен hereke техникасымен тоқылды. Әрбір шаршы сантиметріне 100 түйін түсіріліп, кілемге түпнұсқадағы түстер мен ою-өрнектер сақталып, өзгеріссіз енгізілген.
Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанның киелі жерлері
Олгұнласу институтының директоры Ниязи Шишик бұл жұмысты мәдени мұраны жаңғырту жолындағы маңызды жоба ретінде бағалады: «Біздің мақсатымыз – ұмытылып бара жатқан дәстүрлі қолөнерді қайта тірілтіп, оны келешек ұрпаққа жеткізу. Пазырық кілемі – тек көне кілем емес, түркі өркениетінің киелі нышаны. Мұны жібектен, аса нәзік техникамен жасап шығару – үлкен мақтаныш», - деді Н.Шишик
Түпнұсқа кілем б.з.д. V-IV ғасырларға тиесілі және Алтайдағы Пазырық қорғанынан табылған. Ол әлемдегі ең көне түкті кілем. Пазырық кілемі 1949 жылы Ресейдің Таулы Алтай Республикасындағы мәңгі тоң басқан қорғаннан табылып, табиғи жағдайда керемет сақталған. Түпнұсқасы қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы.

Зерттеушілер кілемнің жасалу техникасы, өрнегі мен композициясы түркі халықтарының дамыған қолөнер дәстүрін дәлелдейтінін айтады. Бұл бұйым қорымның бесінші обасынан табылған: көлемі 4,5 х 6,5 метр, қалыңдығы 3 мм. Кілемге реконструкция жасаған шеберлер оның тұла бойын қалпына келтіру үшін қырғыз бауырларымыз қалпақ жасап киетін жұқа ақ киізді пайдаланыпты. Одан кейін кілем бедеріндегі нақыштарды байырғы стильдік үлгісі мен ескі бояуын сақтай отырып, айнытпай жасап шыққан.
Пазырық кілемі мен қазақ даласы
Пазырық кілемі табылған Алтай өңірі — ежелгі сақ, ғұн және түркі тайпалары өмір сүрген мекен. Бұл аймақ — бүгінгі Қазақстанның шығыс бөліктерімен тарихи-мәдени тұрғыда тығыз байланыста. Археологиялық деректер қазақ көшпелі мәдениетінің элементтері — киіз үй, ат әбзелдері, ою-өрнек үлгілері — Пазырық қорғандарынан да табылғанын көрсетеді.
Оқи отырыңыз: АЛТАЙ ХАНШАЙЫМЫНЫҢ ҚАЗА БОЛУ ҚҰПИЯСЫ АШЫЛДЫ
Кілемде бейнеленген ат мінген жауынгерлер, геометриялық өрнектер мен көркем шеңберлер — қазақтың дәстүрлі кілем өнерінде әлі күнге дейін қолданылады. Бұл — қазақ мәдениетінің де тамыры Пазырық мұрасынан нәр алғанын айғақтайды.

Қызықты дерек:
Пазырық қорғандары – Ресей Федерациясы Таулы Алтай аймағы, Ұлаган ауданы жерінде, теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте орналасқан сақтар дәуірінде тұрғызылып, мәңгі мұздақта бүлінбей сақталған бес үлкен оба. Қорымды ғалымдар б.з.б. V-III ғасыр үлесіне жатқызып жүр. Мұндағы тоң-мұздақтың арқасында табиғи бальзамдалған адам мүрдесі мен металл, тері, былғары, ағаштан жасалған бұйымдар жақсы сақталған.