Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Нағыз қазақ тазысы қандай?

955
Нағыз қазақ тазысы қандай? - e-history.kz

Әдетте әр халықтың мекен еткен жер жағдайына байланысты тіршілік ету үлгісі де сан алуан болары анық. Әсіресе жылқыға алғаш жүген-ноқта салып, ерттеп мінген көшпенділер әлемінің тұрмыс-салты өзгелер үшін таңсық әрі қызық. Сондықтан болар, ұлы далаға сапарлаған жиһанкездер көрген-білгенін қағазға түсіріп, түрлі деректер қалдырған. Сондай жазбаларда қазақтың тазысы туралы да мәліметтер кездеседі. Тіпті өздерінің аңшы иттерін асылдандырып, жаңа тұқым алу үшін қазақтың құмай тазысын алған деген де ақпарат бар.

Қазақ тазысы жайлы: Бұл ең әдемі түркістандық тазы. Олар өзге иттерден әдемі түр-тұлғасымен және өзгеше күш-қуатымен ерекшеленеді. Сонымен қатар олардың бастарының формасы ұзындау, денесінің жоғарғы бөлігінің терісі жұқа, құлақтары үлкен әрі жібек тектес жүнді, аяқтары да шалбар кигендей түкті делінген. Бұл түркістандық тазы деп аталатын орыс басылымдарына жарық көрген мақалада осындай сипаттама берілген. Сонымен қатар, алыс қашықтыққа жүгіруде Еуропада бірде-бір ит оған жетпейді деп жазады.

Бұрынғы ата-бабаларымыз өмір бойы жылдан жылға текті иттерді іріктеп, тұқымын сақтаған. Себебі, шынында да байтақ қазақ жері үлкен. Әр өңірдің табиғаты мен аң-құсы әртүрлі. Оңтүстіктің қояны мен Сарыарқаның қоянының, түлкісі мен қасқырының айырмашылығы болғандықтан, тазылардың да айырмашылығы бар. Қазақтың «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деген мақалында терең мағына жатыр. Қар қалың өңірлерде тазылар ірі болу керек. Қарда жүгіру үшін Сарыарқада ағашсыз кең жазықта аң алыстан көтеріледі. Мұндай жерде тазылар алысқа жүгіруге бейім болуы шарт. Ал оңтүстікте өзен мен шілік, тоғайлы аймақтарда иттер жылдам әрі жеңіл денелі болуы керек.

Табиғат ерекшелігіне қарай тазылар таулық және далалық болып бөлінеді. Таулық тазының бітімі кішірек болғанымен, қия жартаста жақсы жүгіреді. Ал далалықтар бойы сұңғақ, алғыр келеді. Бұрын әр үйде тазы ұстау қалыпты жағдай болған. Бүгінгі аңшылардың қолына жеткен тазылардың жаңа тұқымының ішінде жарғақ құлақ пен шашақ құлақ түрлері ғана кездеседі. Солтүстік пен Шығыс Қазақстанның тазылары әдетте ірі, денелі, сіңірлі, жуан сүйекті келеді. Мұндай сипат қарлы, орман-тоғайлы аймақтарға тән. Ал жазық жерлер мен оңтүстікке қарай тазылар аса ірі болмаса да, дене бітімі мен пропорциясы үйлескен.

Мамандардың айтуынша, жарғақ құлақ тазылар сирек кездесетін ерекше жаратылыс. Себебі, мың күшіктен біреуі ғана осы тұқымнан болады. Бұл – сирек және зерттеуді қажет ететін феномен. Жалпы жарғақ құлақ тазының жаратылысы – жып-жинақы, артық ет-семіздігі жоқ, сом денелі. Мұндай тазылар мінезді, алғыр келеді. Қазақ «Шашақ алар алмас, жарғақ жанын қоймас» деп бекер айтпаған.

Жарғақ құлақтар бұрын ірі, апайтөс, іркілдек денелі болған. Қазір ондай ірі тазылар сирек. Жастары: «Ондай тазы болмаған», – деп қате пайымдайды. Бірақ Ақан серінің ала тазысы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында» айтылатын тарғыл тазы – осының дәлелі. Бүгінгі таңда таза қанды тазы стандартты бір түсті болуымен өлшенеді. Бұл түсінік тарихтағы ала, тарғыл тазыларды жоққа шығармайды. 

Қазіргі тазылардың көбі басқа тұқыммен будандасқан. Сәулеукей, тайган, қырғыз иттерінің қанымен араласқандар кездеседі. Сондықтан да, кейде түрі ұқсас болғанымен, тазының нағыз болмысы болмайды. Бұрынғы аңшылар тазыны бала күнінде-ақ танитын. Жаңа туған күшікті көзін ашпай жатып сынап, таза қанды ма, жоқ па, алғыр бола ма, болмай ма дегенді анықтап білген. Мысалы, бір айлық тазының күшігін үзеңгіден өткізетін. Егер күшіктің кеудесі мен жілігі үзеңгі арасынан еркін өтсе, онда қанында басқа қоспа жоқ деп есептеген.

Тазы ұяда да ерекшеленеді. Алғыр тазы көбіне ұядан бөлектеніп жатады. Емізер кезде де бірінші болып еміп алады. Жаңа туған күшік көзін ашпай тұрып суға салып, ең бірінші шыққан екеуін қалдырып, қалғанын алмайтын әдіс те болған. Бұл – тазы таңдаудағы дәстүрлі таным.

Тазыны таңдау кезінде қазақ оның кеуде тұсына, аяқтарының ара қашықтығына, қабырға кеңдігіне, төстің алшақтығына мән берген. Бұл – кейіннен еркін тыныстауына, шапшаң жүруіне әсер етеді. Сонымен қатар, тазы – кірпияз, талғампаз. Кез келген асты жемейді. Жасын «неше қар басты» деп есептейді, яғни неше рет аңға шыққанына қарай анықтайды. Тазы сегіз айында аңға салынуға дайын болады. Алғашқы аңға шыққан сәтінен бастап жыл есебі жүргізіледі.

Тазыны бағалауда «жыланбас», «түлкі тұмсық», «қасқыр шеке», «теріс азу», «сағақты» секілді сипаттамалар қолданылады. Ақ азу – жомарт, елшіл, кең пейілді азаматқа теңелсе, теріс азу – томаға-тұйық, бірақ қауіпті сәтте жауға қарсы шығатын мінезді білдіреді. Бұл сипаттар ит мінезіне де, адам мінезіне де қолданылады.

Қазақ «Заман түлкі болса, тазы болып шал» дейді. Тазы аң қуғанда ғана емес, өмірде де шапшаңдықтың, алғырлықтың бейнесі. Мысалы, тазының көзі шоқтай жанып тұрса – өжеттігінің белгісі. Мұндайларды «қыран көз», «қаршыға көз» деп атайды. Құйрығының шаян секілді шиыршық атып тұруы – шалт бұрылуға, икемділікке көмектесетін ерекшелік.

Үлкен күшікті таңдағанда жауырыны мен мойыны қосылған тұсқа «ерсі» деген атау қолданылған. Артқы жамбас жағы биік, алдыңғы жағы жатаған тазы алғыр, жүйрік болады. «Қоян жон тазы» деген тіркес осыдан шыққан. Бұл ұғым қазіргі тіліміздегі «ерсі көрінеді» деген сөздің түбірін түсіндіреді.

«Кербез» деген сөз қыз баланың әсемдігіне қатысты ғана емес, тазының аң иісін алған кездегі жүрісіне де қатысты. Оң-солға кезек шалып, аң иісін іздеп жүрген тазының жүрісі – кербездік. «Біршек болып қалыпты» – қазіргі тілде аш құрсақ, арықтау мағынасында қолданылады. Негізінде бұл табиғаттағы жүйрік аңдарға қатысты шыққан сөз.

Қазақта «Қию кеткен жігіттің иті қырын жүгіреді» деген де сөз бар. Яғни бақ пен бап қатар келмесе, ит те жүгірмейді. Жүйрік тазыны бағалауда да бұған мән берген.

Тазы – текті ит. Ол жеті қазынаның бірі. Қазақта «Жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт» деп жеті қазынаның қатарында аталған. Тазы – таза, өзін күтіп ұстайды. Басқа иттерден өзін оқшау ұстайды. Тек тазыға ғана киіз үйдің іші рұқсат болған. Себебі, оның иісі жеңіл, терісінің астында май болмайды. Бұл – оның шапшаңдығына әсер етеді. 

Демек, қазақы танымда аңшылық пен тазы ұғымы қатар жүреді. Аңшылық – тек күнкөріс емес, өнер. Аңшы мәдениетті болуы тиіс. Аңшылық кезінде иттің де, аңның да құқығы сақталуы керек. Қар қалыңда аңды қинау – ұят іс. Шынайы аңшы құмарын қандырған соң, кері қайтады. Қазақ: «Ит иесі үшін, құс тамағы үшін» дейді. Бұ сөздертазыға деген құрметтің белгісі.

Қазақ тазысы өзге жұртты да қызықтырған. Орыстың аңшы иттерінің тұқымының түп негізінде қазақ тазысы жатуы мүмкін деген пікір бар. XIX ғасырда Еуропа жұрты оның сұлулығына, алғырлығына таңданып жазған. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?