Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ел газеті «Егеменге» 100 жыл

2603
Ел газеті «Егеменге» 100 жыл - e-history.kz
«Егемен Қазақстан» газетіне 100 жыл толды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық Музейлер күніне орай ұйымдастырылған «Музейлер түні-2019» акциясы аясында «Егемен Қазақстан» РГ «Жүз жылдық жылнама» көрмесі ашылды.

1919 жылы алғаш рет Орынбор қаласында «Ұшқын» газеті болып жарық көрген. Одан кейінгі жылдар да аты бірнеше рет өзгерген газеттің аты соңғы рет 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» болып өзгертілді де, осы атпен 54 жыл бойы жарық көріп тұрды. Ал 1991 жылы еліміздің егемендік алуына байланысты «Егеменді Қазақстан» болып өзгертілді. Осы кездерде газеттің тізгінін жазушы Шерхан Мұртаза ұстап тұрған еді.  Кейіннен «-ді»  жұрнағы алынып тасталды.

Алғашында Алматы қаласында орналасқан газет 1999 жылдан бері еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанға көшірілген.

Көрме алдындағы баспасөз маслихатына «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен Ұлттық музей директоры Алмаз Нұразхан қатысты. Басқарма төрағасы жиында басылымның өткені, бүгіні және алдағы жоспарларымен бөлісті. Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің айтуы бойынша алдағы уақытта газеттің 1919-1970 жылдары жарық көрген ең үздік мақалалар жинақталған кітап жарық көреді.

Дархан Қыдырәлі, «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы:

– Бүгінгі көрмеде осы «Егеменнің» 60-70-жылдардағы нұсқалары қойылып отыр. Басылымда басшылық жасаған Ораз Жандосов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин сынды Алаш арыстарымен қатар 90-жылдары «Егеменнің» тізгінін ұстаған ел ағалары Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ағаларымыздың да құнды дүниелерін осында келгендер көре алады.

Көрмеде «Egemen Qazaqstan» республикалық газеттің өркендеуі мен дамуына еңбек сіңірген қайраткерлердің портреттері қойылған. Атап айтсақ Халел Есенбаев, Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рұсқұлов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, тағы да басқа 18 адамның суреті бар. 

Музейге келген қонақтар, қойылған жәдігерлердің ішінде ескі газет нөмірлері мен жазу машинкаларына қызықтап қарады. Келушілерді таңырқай қаратқан жәдігерлер кассеталық диктофон мен фотоаппараттар.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?