Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: садақ

5952
#Түрік әлемі: садақ - e-history.kz
Көшпелі қазақ халқының жауынгерлік дәстүрінде ату, шабу, кесу, түйреу және соғуға ыңғайлы найза, садақ, қылыш, айбалта және шоқпар секілді бес түрлі қару қолданылған

Өйткені, қарудың бұл түрлері ат үстінде отырып ұрыс салуға және жаяу соғысқа, шұғыл қимыл жасауға ыңғайлы, жеңіл сілтенетін қару түрлері болып саналады. Сонымен қатар қорғаныс мақсатында жауынгерлер үстіне сауыт киіп, қалқан ұстады. «Ер қаруы – бес қару» деген сөз осыған байланысты шыққаны белгілі. Алайда бұл көшпелі қазақ халқы бұдан басқа қару пайдаланбады деген сөзді білдірмейді.

Бес қару түсінігі бүгінде түрліше тәпсірленіп жүр. Кейбір зерттеушілер бес қарудың ішіндегі айбалта мен шоқпардың орнына қалқан мен сауытты қосып жатады. Тағы бір деректерде бес қару деп тартыспақ (садақ), атыспақ (мылтық), шанышпақ (найза, сүңгі), шабыспақ (қылыш, алдаспан, селебе), салыспақ (шоқпар, айбалта) яғни негізінен жекпе-жек кезінде пайдаланылатын қару түрлері айтылады. 1899 жылы Орынборда басылып шыққан «Сборник киргизских пословиц» деп аталатын жинақта бес қарудың екі нұсқасы берілген: Бірінші нұсқада пышақ, найза, қылыш, садақ және мылтық түрлері жатқызылса (106-б.), екіншісінде пышақ, таяқ, біз, шақпақ, арқан-жіп секілді тұрмыстық заттар жиынтығы көрсетіліпті (94-б.).

Ал Шоқан Уәлихановтың «Қазақ оқ-дәрісінің құрамы» атты еңбегінде «Бес қаруға ертеректе қайқы қылыш, кейін сапылар, селебе мен жекеауыз және «үнемі әр қазақта болатын пышақ», одан әрі найза, садақ, жақ және жебелері, мылтық» деп көрсетілген. Мылтық демекші көшпелі қазақ жұрты отпен атылатын қару түрін де жетік меңгерген. Ату тәсілін жетік меңгеріп қана қоймай дала шеберлері мылтықтың кейбір түрлерін қолдан құятын дәрежеге жеткен. Бұл мылтық түрлеріне шиті, бытыралы, білтелі, шүріппелі, опырмалы, қос ауыз, жеке ауыз, көкберен секілді атаулар таңып отырған. Қазақ даласына мылтық түрлері ХV-ХVIІ ғасырларда пайда бола бастады.  

Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде қазақ даласында сирек болса да отты қарудың түрі кездесетіні, олардың атадан балаға мұра ретінде қалдырылатын құнды мұра ретінде саналғаны айтылады. Сонымен қатар әр мылтықтың қасиетіне қарай «көз кеш», «күлдір-мамай» сияқты өз аттары болатынын, оқтарды қорғасыннан жасайтынын, мылтықты қолдануға байланысты керекті барлық қосалқы жарақтарды да толық сипаттап жазып қалдырған.

Ол қазақтардағы қарудың түрлерін екіге бөліп көрсетеді. Біріншісі – мал күзеткенде қажет болатын қамшы, құрық, сойыл секілді жарақтар. Екіншісі – соғыс және ішкі қақтығыстар кезінде қолданылатын қарулар. Оларға өзі атап өткен бес қаруды жатқызады.

Енді осы көшпелі бабаларымыз қолданған қару түрлеріне жеке-жеке тоқталып көрейік:

Садақ

Ең көне әрі көп таралған қару түрлерінің бірі. Садақтың тарихы сонау мезолит дәуірінен басталады. Садақ қарапайым және күрделі деп екі түрге бөлінеді.

Қарапайым садақты үйеңкі, басқа да қатты ағаш шыбықтарын доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Күрделі садақтың сыртқы бетіне сіңір тартылып, ішкі жағы мүйізбен қапталады, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылады. Сарматтар, сақтар және ғұн дәуірінде садақтың осы күрделі деп аталатын түрі пайдаланылған. 

Серікбол Қондыбай «Қазақтың жауынгерлік рухы» деп аталатын еңбегінде бір ғана садақ қаруының жай (йа, жақ, жа), кіш, керіс, саржа, бұқаржа, йетен (жетен), оқлұқ деген түрлеріне тоқталып өтеді:

Саржа – сүйекпен әшекейленген әдемі садақ, жақ, «сары жай» дегеннен шыққан.

Бұқаржа немесе бұқаржай – Бұқар қаласында жасалған ерекше садақ түрі.

Массаты – сауыт бұзатын, төрт қырлы алмастан жасалған жебені атуға арналған ауыр садақ түрі делінеді. Жебесі де массаты деп аталыпты.

Сонымен қатар ол өз еңбектерінде садақты әр замандарда иетен,  жай, жақ, кіш, керіс, оқлұқ секілді түрлерінің болғанын жазады. Автордың пайымынша, «оқтам» (бір оқтык, оқ жетерлік), «оқтам йер»  (оқ атым жер) секілді атаулар осыған байланысты шыққан.

Садақтың ағашына керілген жіптің атаулары деп «кіріс», «адырна», «қайыс» сөздерін қолданған.

Кіріс – садақтың керме бауы, қайысы.

Адырна – садақтың кермесі, яғни садаққа иіп тартылған қайыс.

Тоз – садаққа оралған орама қайыс.

Автор садақтың жебесі мен қорамсағына қатысты да қырыққа жуық атауға анықтама берген. Бұлардың түгелге жуығы – бүгінде мүлдем ұмытылған атаулар. Мәселен, жебеге қатысты қандыауыз, әндіген, сайгез оқ, кез, масақ, кіре деген атауларды естіп өткенімізбен йасыш, қалва, кесме, темүркен, тылы, шырғұй, соқым, ұлын, боры, башақ, үкі секілді атаулардың не мағына беретінін білмейміз. Білмек түгілі көбіміз естімеген сөздер екені даусыз.  С. Қондыбай бұл атаулардың көбін М. Қашғаридың еңбектерінен тапқанын айтады. 

Қандауыз – жебенің бір атауы.

Кез – садақ оғының ойыс, ашаланып келген түбі, серппеге ілінетін жері. Жебенің құйрығын да кез деп атаған.

Йасыш – жебенің басы, оқтың ұзыншақ ұшы.

Қалва – үйренушілердің оғы, темір басының орнына бір домалақ ағаш бекітілген оқ.

Сауыт бұзар оқ – тесу қуаты жоғары етіліп жасалған оқтың түрі.

Сарнама – атқанда адам жүйкесіне әсер етіп, ысқырған дыбыс шығаратын жебе.

Қатұт – суарылған, қосылған, қатқан;

Қатұтлұғ оқ – заһар қатылған оқ, ұшы уға суарылған оқ

Кеме – жалпақ ұшты найза немесе оқтың ұшы.

Темүркен – жебенің темір басы.

Тылы – оқтың басына (ұшына) байланатын (кигізілетін?) қайыс.

Шырғұй – жебе басының қалың, жуантық тұсы.

Ұлын – ұшы жоқ жебе.

Кіре – жебені садақтың адырнасына салып тартқанда, кіргізетін кертік, кез.

Соқым – жебенің, оқтың ағаштан жасалған құйрығы.

Йүклетті – үкілетті, үкі тақтырды.

Башақ – оқ не найза ұшындағы темір.

Боры – оқ басының жебе ұшына енгізілетін тұсындағы ойық, кертілген айылбасы.

Масақ – садақ оғының ұшы, үшкір жағы.

Әдетте садақ пен жебені салатын ыдысты қорамсақ дейміз. Сөйтсек, жебе қапшығының қорамсақтан басқа құрман, толай, тұл, йасық, қылшан, құрман, құрұғлұқ деп аталатын түрлері де болған екен.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?