Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абайтанудың Әбіші

2557
Абайтанудың Әбіші - e-history.kz
ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында советтік жүйенің қыспағына ілінген зиялы қауым өкілдерінің бірі – Әбусағит Мұсылманқұлұлы Жиреншин болатын

ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында советтік жүйенің қыспағына ілінген зиялы қауым өкілдерінің бірі – Әбусағит Мұсылманқұлұлы Жиреншин болатын. «Тұлға» деген атқа сай адамгершілік болмысы мен ғалымдық дәрежесіне селкеу түсірмей кеткен Әбусағит Мұсылманқұлұлының өмірі  мен қызметі – қазақ тұлғатану тарихының жарқын беттерінің бірі.

Ғалымның өскен ортасы

Әбусағит Мұсылманқұлұлы 1913 жылы Шыңғыс тауының бөктеріндегі Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов дүниеге келген құнарлы топырақта, нақтырақ айтсақ, Семей облысы, Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында өмірге келген.

Әбіш (Әбусағит) Мұсылманқұлұлы – М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында жас Абайдың үлгі тұтар ұстазы, халық даналығының үлгісі ретінде сипатталған Жиренше бидің немересі [1, 222 б.].

Қайраткерлік Әбіштің ата тегінде, қанында бар нәрсе десек, артық айтқандық бола қоймас. «Абай жолы» эпопеясынан жұртқа белгілі Жиренше би Шоқаұлы (1834-1915) көп жылдар Абаймен дос болған. Ол Абай Оразбай, Күнту, Бөжейлермен жауласқанда солардың жағына шығып кетіпті. Басында Жиренше мен Оразбайдың шешен, би санатында билікке, ел сөзіне араласуына Абайдың өзі себепші болса керек. Әкесі Құнанбайдың оң қолы болған жігіт шағында екеуі үнемі Абайдың қасына еріп жүріпті.

Бұл жайлы Мұхтар Әуезов 1933 жылғы «Абайдың туысы мен өмірі» деген зерттеу мақаласында былайша жазады: «…Абай енді өз замандастарынан дос іріктей бастады. Сол ретпен тапқан кісілері: Есболаттан Оразбай, Көтібақтан Жиренше, Бөкеншіден Ербол, Әкімқожа, т.б.».

Ол атақты Құнанбайдың замандасы және сол уақыттың өте беделді адамдарының қатарынан орын алған көрнекті тұлға еді. Оған дәлел, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Жиренше бидің бірнеше жерде халық даналығының үлгісіндей болып аталатындығы. Сондай-ақ, анасы Ұмыттық Тобықты еліндегі Кеңгірбай биден тараған ұрпақ болатын. Яғни, нағашысының өзі текті Тобықтының ішінде Жігітек деген ел болады.

Әбусағиттың әкесі Мұсылманқұлдың өзі – көзі тірісінде Абайды, Шәкерімді  көріп, Мұхтар Әуезовпен сұхбаттасқан адам. Мәселен, Абайды зерттеп жүргенде Мұхтар Омарханұлы Мұсылманқұлдан ұзақ отырып, ертеректегі қазақ қауымының қарым-қатынасын, Құнанбай, Абай және тағы басқалары туралы сұрастырып білген ақсақалдарының бірі осы кісі еді.

Семей қаласында бастауыш мектепті орысша тәмамдап, ауыл шаруашылығы техникумына түседі. Екі тілге бірдей жас жігіт губерниялық мекемеде жер өлшеуші, бөлім бастығы қызметін атқарады. Бірақ 1931-1933 жылдардағы қасірет оның өмір ағысын күрт өзгертеді. Ол әке-шешесі мен тоғыз бауырын аштық тырнағынан құтқару қамымен Шыңғыстаудан Өзбекстанның Термез қаласына қоныс аударады. Ташкенттегі Орталық Азия университетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Сол оқу орнында қызметте болады. Ташкентте өткен жылдарында оған Ресей және әлемдік ғылымның корифейлері В.В. Бартольд, Е. Бертельс сынды ғалымдармен бірге жұмыс жасау мүмкіндігі туады. Әбіш Мұсылманқұлұлының ғылыми жұмыстарына аталмыш ғалымдардың дүниетанымы айрықша ықпал етеді. Әсіресе, В.В. Бартольд оған өз халқының тарихы мен әдебиетін байыпты ғылыми зерделеуге кеңестерін беріп отырды [2, 10-б.]. Қазақ жеріне саяси репрессия саябырлаған 1938 жылдары ғана табаны тиеді.

Қоғамдық-ағартушылық қызметі        

Ә. Жиреншиннің Қазақстандағы қоғамдық қызмет жолдары 1938 жылдан басталады. Әбусағит Мұсылманқұлұлы 1938 жылы Қазақстан Өлкетану қоғамының шақыртуымен Алматыға ғылыми қызметкер болып орналасады. Кейін нәтижелі жұмысының арқасында Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы Республикалық Қазақстанды зерттеу қоғамына ғалым хатшы және төрағасы болып тағайындалады. Осы жылдары ерекше ұйымдастырушылық және мәдени саладағы жемісті жүргізілген жұмыстарының арқасында 1942 жылы наурыздың 10-ында Қазақстан Орталық мұражайына директор болып жаңа қызметіне кіріседі [2, 10-б.].

1947 ж. Қазақ ССР ҒА №8 «Хабаршысында» басылған Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі Ә.Х. Марғұланның ұсынуымен шыққан А.М. Жиреншиннің «Из истории Центрального музея Казахстана» атты мақаласы музей ісіне арналған. А.М. Жиреншин Өлкетану қоғамының ғылыми қызметкері ретінде бірнеше жазғы этнографиялық экспедицияларға шыққан. Нәтижесінде халқымыздың мәдениеті мен тұрмысына байланысты бай этнографиялық материал жинап, 1942-1951 жж. аралығында директоры қызметін атқарған Орталық Мемлекеттік музей қорына өткізген болатын. Жиреншиннің 1948 ж. жазылған «Работа научной экспедиции Центрального музея Казахстана в 1947 году», 1950 ж.  жарық көрген «Задачи краеведческих музеев Казахстана» атты мақалалар өлкетану музейі қызметкерлеріне арналған әдістемелік материалдар жинағы көп жылдық ізденістер нәтижесі және музей ісін дамытуға қосқан үлес [3, 6-б.].

1951 жылы «ұлтшылдық» пен «космополитшылдыққа» қарсы күрес науқанына ілігіп және «Бекмаханов ісіне» қатысты пікірі есепке алынып, қуғынға ұшырайды. 1954 жылы ғана рұқсат болып Алматыға оралады. Осы жылы Алматыдағы Көпшілік кітапханаға директор болып тағайындалады.

1959-1961 жылы Қазақстан баспа істерінің бас басқармасының бірінші орынбасары, 1961-1962 жылдары кітап сауда бірлестігінің бастығы, 1962 жылдан бастап өмірінің соңына дейін педагогикалық жұмыспен Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында сабақ береді.

Абайтанудың Әбіші

Әбіш Мұсылманқұлұлы Абай шығармашылығын ұзақ жылдар бойы үзбей зерттеп, абайтану ғылымына елеулі үлес қосты. «Қазақтың данышпан ақыны Абай туралы жаңа материлдар» («Екпінді», 1939, 9 қазан), «Абай мен Михаэлис» (сонда, 1940, 15 қазан), «Абайдың орыс революционер-демократтарымен байланысы» («ҚазССР ҒА-ның Хабаршысы», 1945, №6), М.О. Әуезовпен бірігіп жазған «Қазақ әдебиетінің классигі» («Соц. Қазақстан», 1949, 24 шілде) деген еңбектерінде ақын туралы тың деректер келтіріп, оның орыс зиялыларымен достық байланысына, рухани үндестігіне тоқталады, поэзиясының өз заманындағы өз заманындағы қазақ өмірінің айнасы екенін атап көрсетеді [4, 252-б.].

Әбіш Мұсылманқұлұлы 1945 жылы «Абай Құнанбаевтың творчествосы» тақырыбында ҚазМУ-дың ғылыми Кеңесі мәжілісінде кандидаттық диссертациясын қорғайды. Айта кетерлігі, бұл Абай шығармашылығы бойынша қорғалған тұңғыш диссертациялық жұмыс еді.

1949жылы «Абай және оның орыс достары» деген еңбегі жарық көреді. Бұл еңбегіне Е. Бекмаханов редактор болған.

Жазушы Медеу Сәрсеке өзінің «Ермұхан Бекмаханов» атты ғұмырнамалық зерттеуінде Әбіш Жиреншин жөнінде: «Ерекше ден қойған ісі – абайтану ілімі, бұл салада ол өз қатарының алдыңғы легінен көрінген. Әбіш Мұсылманқұлұлы 1961 жылы жарық көрген көрген «Абай Құнанбаев шығармаларының толық жинағын» әзірлеуге белсене қатысқан. Ол заңғар қаламгер һәм филология ғылымның үздігі, академик М.О. Әуезовпен тізе қосып еңбек еткен жылдарда Мұхтар Омарханұлының барлық ой-пікіріне үнемі бас иіп келісе бермеген. Өзі кәміл сенген ойын, әдеби тұжырымдарын қорғаудан тайынбаған. Бұл да – шынайы ғылым иесіне тән еркіндік» [1, 222-б.] деп ғалымның тұлғалық болмысына өз пікірін білдіреді.

Қазақ кітабының жанашыры

Төңкеріске дейінгі қазақ кітаптарының басылу тарихы жөнінен сол кітаптарды шығару жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, ыждағатпен жемісті еңбек еткен қөңіл көзі ашық ақындар, оқымыстылар, жинаушылар туралы бағалы мәліметтер берген ғалым-әдебиетші, тарихшы Әбіш Жиреншин еді.

Мысалы, ғалым кітаптар тарихына шолу жасай отырып: «Ғылыми зерттеу жұмыстары саласында – қазақтардың тарихы, мемлекеттік құрылысы, байлығы, әдет-ғұрыптары мен салттары, ауыз және жазба әдебиеттері туралы көптеген материалдар жиналып, белгілі бір жүйеге келтіруге алғашқы талпыныстар жасалды. Көне ескерткіштерді іздеу, жинау, олардың мазмұнымен мәнін түсіндіру қолға алынып,  баспаханалар ұйымдастырылып, алғашқы қазақ кітаптары шығарыла бастады» [5] дейді.

Әбусағит Мұсылманқұлұлы қазақ кітаптарының ең алғаш топ-тобымен жарық көрген Қазан баспаханаларын ерекше атайды. Ғалымның көрсетуінше: «ХІХ ғасырда Қазан қаласы Ресейде тұратын Орта Азия, Таяу Шығыс халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларын зерттейтін Петербордан кейінгі ірі орталыққа айналған. Әсіресе, түрік, араб, парсы, тибет, моңғол тілдеріндегі көне мұралар мен әдебиет нұсқаларын зерттеуде әлемге әйгілі осы қаланың баспаханалары маңызды орынды иеленді» [5, 96] деп атап өткен.

Белгілі тарихшы Қадырғали Жалаиридің «Жамиғ ат тауарих» деп аталатын тарихи еңбегі 1851 жылы Қазан университетінің баспаханасынан шыққан. Онда «Моңғол-түрік шежіресі жинағы» деген атпен профессор И.Н. Березин өзінің ІІ томында қазақ тілінде жариялаған дейді.

Одан кейін Үндістанда «Ұлы моғолдар» әулетін негіздеуші сұлтан Заһриддин Мұхаммед Бабырдың (1483-1530) күнделік дәптері. Кітапты 1857 жылы Н.И. Ильминский дайындаған. 1826 жылы Лейденде – ағылшын, 1826 жылы голланд, 1828 жылы неміс, 1871 жылы түрік тілдеріне аударылды. Кітаптардың орысша аудармасы 1958 жылы Өзбек КСР Ғылым академиясынан жарық көрді» деп түсінік жазған.

Рухани мұралардың тарихын зерттеуші ғалым ол заманда жеке меншік баспаханалардың болғандығын және одан қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты кітаптардың жарық көргендігін, мәселен, Шамсуддин Хұсайновтың баспаханасы мен Ағайынды Кәрімовтер баспаханасын атайды. Ғалымның зерттеуінше Шамсуддин Хұсайынов өзінің қаражатымен Қазан университетінің баспаханасынан қазақ кітаптарын бастырып, оны халыққа таратқан. Мысалы, «Хисса Қозы-Көрпеш» (1890), «Хисса Шортанбайдың бала зары» (1901), «Халахуал – Мәшһүр Жүсіп Көпеев һәм оның бағзы бір шығармалары» (1901) сияқты кітаптарды дайындағанын анықтаған [5, 101-б.].

Ғалымның тағы бір анықтап қарастырған тарихи мұрасы – М.Х. Дулатидің «Тарихи-Рашиди» атты еңбегі. Орта ғасырлық тарихшының бұл еңбегінде Моғолстан мен Орта Азиядағы, Шығыс Түркістандағы ХV-ХVI ғасырларда болған тарихи оқиғалар, әсіресе қазақ, өзбек халықтарының қалай құрылғандығы, ұйғырлар, олардың қарым-қатынастары жайында өте құнды мағлұматтар бар. Бұл еңбегінде ғалым көптеген тарихи деректер мен өзінен ілгеріде жазылған тарихи еңбектерді қарап шыққандығын айтады да, өзі оқыған кітаптардың тізімін келтіреді» [5, 107-б.].

Ғалымның қазақ кітаптарының тарихын ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеуі үлкен ғылыми ізденісі мен табандылығының көрінісі деп айтуға толық негіз бар.

«Бекмаханов ісі» және Ә. Жиреншин

ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы сталиндік қуғын-сүргін саясаты қазақ халқының саяси, мәдени өміріне аса зор шығын келтірді. Бұл қазақ халқының ұлттық қалыптасу үдерісіндегі, сапалық құрамындағы ең ауыр, орны толмас зардаптары еді.

Тарихшы-ғалым, академик К. Нұрпейісов 1917-1991 жылдар аралығындағы Қазақстан тарихына байланысты саяси қуғын-сүргіндер тізбегін мынандай алты кезеңге бөліп қарастырады.

Бірінші кезең – 1917-1920 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезде Совет өкіметінің орнауы мен азамат соғысының орын алуына байланысты өлке тұрғындары «ақ» пен «қызылға» бөлініп қырылысты. Олар бір-біріне «революционер» – «контрреолюционер» деген саяси айыптар тақты. Екінші кезең – 20 жылдарды, әсіресе, оның екінші жартысын қамтиды. Бұл – Совет Одағында сталиншілдік, әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің нығая бастаған тұсы еді. Бұл кезде Қазақстанда Ф. Голощекиннің «Кіші Октябрь» аталған авантюристік саясатын жүзеге асыруға кіріскен уақыты. Саяси қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі – 30-ншы жылдардың басын қамтиды. Бұл кезеңге Алаш қозғалысы жетекшілері мен қатардағы мүшелерін жаппай түрмелерге жабу мен соттау белең алды. Саяси репрессияның төртінші кезеңі – 1937-1945 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңдегі қуғын-сүргін «халық жауларымен» және «социалистік отанына сатқындық жасағандармен күресу» деген ұрандардың аясында жүргізілді. Бесінші кезең – 40 жылдардың екінші жартысы мен 50 жылдарды қамтиды. Бұл кездегі саяси қуғын-сүргіндердің тоқпағы алдымен тағы да интеллигенцияға қарсы бағытталып, елдің зиялы қауымын қудалау және жәбірлеу буржуазияшыл ұлтшылдар мен тексіз (отансыз) коспополиттермен деген ұраншылдықтың аясында жүргізілді. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің алтыншы кезеңі – 1986 жылы желтоқсанда Алматыда және еліміздің басқа қалаларында ұлт-азаттық мәніне ие болған көтерілісті және оның салдарын басып-жаныштауға бағытталды[6, 25-26-бб.].

1943 жылы маусым айында «Қазақ ССР тарихы» жарық көрді. Оны  дайындауға соғыс жағдайында қоныс аударған А.М. Панкратова бастаған ресейлік ғалымдар және М. Әуезов, С. Мұқанов, Ә. Мұстафин, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Е. Бекмаханов тәрізді қазақ зиялылары қатысты.

Кітаптың Кенесары қозғалысына байланысты тарауын Е. Бекмаханов жазды. Бұл көтеріліс патшаның отарлау саясатына қарыс бағытталған ұлт-азаттық қимыл ретінде бағаланды. Алғашқы сынақтан сәтті өтіп, Сталиндік сыйлыққа ұсынылған бұл кітап,  мәселе түпкілікті шешілер кезінде, оған КСРО Ғылым Академиясының кореспондент мүшесі А.И. Яковлев және тағы басқа да орыс ғалымдар қарсы шықты. «Қазақ ССР тарихының» Е. Бекмаханов жазған, яғни Кенесары туралы тарауы «орыстарға бағытталған», Кенесары көтерілісін асыра дәріптеген деген айыптар тағылып, сынға ұшырады [7, 69-70-б.].

Е. Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиялық еңбегінде осы тарихшы Кенесарыға қатысты жазған «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуында Кенесарыға байланысты бұрынғы көзқарасының сақталуы жағдайды шиеленістіре түсті [8, 378 б.].

Алғашқы талқылау Мәскеуде – ССРО Ғылым академиясының тарих институтында 1948 жылдың 28 ақпанында болды [8, 393-б.].

Екінші талқылау 1948 шілде айында жылы ҚазССР  ҒА Тарих, археология және этнография институтында жалғасын тапты. Бұл жиын 5 күнге ( шілденің 14, 15, 16, 17, 19-ы күндері) созылып, оған 20-дан астам адам қатысты.

Академик К. Нұрпейісов осы талқылауды үш топқа бөліп көрсетеді. Бірінші топқа Е. Бекмахановтың аталмыш еңбегін белсенді айыптаушылар: Т.Ж. Шойынбаев, С.Е. Толыбеков, Х.Г. Айдарова, М.В. Жизневский, Б.С. Сүлейменов, А. Нұрқанов, М.Б. Ақынжанов және т.б. кірді.

Екінші топтың өкілдері (И.У. Будовниц, А.М. Жиреншин, Е.Д. Дильмухамедов) негізінен Е. Бекмаханов еңбегін жақтап сөйлегендер еді.

Үшінші топты құраған шешендер (А.Н. Нүсіпбеков, Т.Е. Елеуов, Х.М. Әділгереев, Б. Аспандияров, Т.А. Култелеев және т.б.) тарихшының еңбегіне объективті тұрғыдан баға берушілер болды  [9, 12-14-б.].

Е. Бекмахановты жақтап сөйлеп, ерлік танытқандардың бірі де, бірегейі Әбусағит Жиреншин болды. Партиядан шығып қалу, сүйікті жұмысынан айырылып қалу, тіпті өзінің ғана емес, отбасы мүшелеріне төнген  қауіптерге қарамастан, ақиқатты, әділеттілікті қорғап сөйледі.

Талқылауда Ә. Жиреншин былай деп өткір айтты:

«Культура и жизнь» газеті жуықта  «Сынау емес – таяқтау» деген редакциялық мақала жариялап, әдебиетшілерге де партияпартиялық қамқорлық керектігін қатаң ескертті. Бұл мақаланы мен дер кезінде жариялаған аса қажет нұсқау деп есептеймін. Өкінішті жәйт: біздегі баспасөздің ұрда-жық сыны көбіне дүрелеуге ұқсайды... Әйтеуір біреуді қалайда сынау керек әрі «бірдеме білетіндігідіі» жұртқа әйгілеу де қажет... «Лениншіл жас» газетінің 31 мамыр күнгі санында жарияланған Ақынжанов пен Шойынбаевтың бірігіп жазған рецензиясын, Толыбеков жолдастың кешегі сөзін Бекмаханов кітабының сілікпесін шығарып, ешқандай дәлелсіз, даңғаза байбаламмен саяси зиянды, ғылыми дәйексіз... деп жариялауын мен тек қана осылай бағалаймын. Өйкені, соншама даьыралап шу көтерген ауыр сындарында ойған қонымды бір айғақ жоқ, ғылыми жөнінен де мүлдем қисынсыз жәйтттарды сөз еткен...

...Қазақ халқы еркін ел болып күресуден ешқашан бас тартпағаны тарихтан мәлім. Сол үшін де соңғы екі ғасырда ол арыстанша алысты: Сырым батыр мен Исатай көтерілістерін еске алсаңыздар, саяси ахуал қиындап, ел тірлігі тарыла бастағанда бостандық туын көтеріп Кенесары Қасымов көтеріліске шықты. Толыбековтің пайымдауынша, «Кенесары  Абылай атасының жолын қуған», «қазақты теріс жолға сүйреген» ұлы атасының реакционерлік саясатын өзіне өнеге тұтқан-мыс. Ал қазақтың өткен тарихы Абылайды жоңғардың ұзақ жылғы шапқыншылығында біржола құрып кетуден құтқарған, ақыл-ойы кемеңгер мемлекет қайраткері санайды... Тарихи екі алып тұлғаны, Абылайды «реакционер» деп, Кенесарыны Дон Кихотпен салыстырған масқара әжуасынан кейін Толыбеков жолдастың сөзін жәбірленбей қабылдауға бола ма?».  Бұл 35 жасар тарихшының батыл да, өткір сөйлеген сөзі болатын [9, 156-159-б.]. Осы батылдығы, азаматтығы Ә. Жиреншинге және отбасына соққы болып тиды.

1951-1953 жылдары қазақ интеллигенциясына ауыр күндерді басынан өткерді. Е. Бекмаханов талқылауынан кейін, Ә.М. Жиреншинді партия қатарынан алып, жұмысынан шығарып, оны және отбасы мүшелерін қоғамнан жырақ қалдырды. Сол уақытта жары С.А. Ысқақованы да жұмысынан кетіруге мәжбүр етті. Балалары психологиялық  тұрғыда қатты күйзеліске ұшырады, ал әкесі Жиреншин Мұсылманқұл осы жағдайдың салдарынан және ауыр науқастан 1953 жылы көз жұмды. Жас ғалым үшін осылайша қара түнек күндер басталды [3, стр. 20].

«Бекмаханов ісіне» қатысты тарихшыны жақтап сөйлегені үшін Ә. Жиреншиннің соңына шам ала түсті. Әсіресе, оның «Абай және оның орыс достары» кітабы 1951 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде қатты сынға ұшырады [10, 147-б.]. 

Тек 1953 жылы, яғни сталиндік жүйе күйрегеннен кейін ақталып шықты.

Қазақстанның тарих ғылымы мектебі советтік кезеңде қалыптасты десек, сол мектептің көрнекті өкілдерінің қатарында Ә. Жиреншиннің есімі құрметпен аталады.

        

Әдебиеттер тізімі: 

  1. Сәрсеке Медеу. Ермұхан Бекмаханов. Ғұмырнама. – Астана: Фолиант, 210. – 672 б.
  2. Жиреншин А.М.Избранные труды. Алматы: Алаш, 2003 – 624 б.
  3. Хамитова М .А. Академик Ә.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының Қазақстан музей ісіндегі маңызы. Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы: 2010. 29 б.
  4. Абай. Энциклопедия. (Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев; ред. алқасы: З. Ахметов, Л.М. Әуезова, Б.Г. Ерзакович т.б.). – Алматы: «Қазақ энциклопедисының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995. – 720 б.
  5. Жиреншин Ә.М. Қазақ кітаптарының тарихынан. Алматы: -  Ғылым, 1971. 170-б.
  6. Саяси қуғын-сүргіндер және олардың зардаптары. Естеліктер мен мақалалар жинағы – Политические репрессии и их последствия. Сборник воспоминаний и статей / Сост. Е.М. Грибанова, Г.Н. Мурзагалиева, Е.В. Чиликова. – Алматы: Архив президента Республики Казахстан, 2009. – 158 с.
  7. Елғондиева С.Р. Сталиндік концепцияның Қазақстан тарих ғылымында жүргізген саяси қуғын-сүргін науқаны // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы, № 2. 2003. 69-71 б.
  8. Омарбеков Т. Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері. Көмекші оқу құралы. – Алматы: Өнер, 2003. – 552 б.
  9. Бекмаханов Е.Б. Жеті томдық шығармалар жинағы. 6-том. (Стенограмма – Е.Б. Бекмахановтың. «ХІХғ. 20-40 жж. Қазақстан» кітабының дискуссиясы). Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2005. – 360 с.
  10. Дүйсенова Н. Алаштың қилы жолдары. – Алматы, «Асыл кітап», 2009. – 192 бет.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?