Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақын рухы асқақтады

1983
Ақын рухы асқақтады - e-history.kz
«Байтақ мекенім» қоғамдық қорының бастамасымен Ресей астанасы Мәскеуде ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығына орай «Бір тойым бар...» атты әдеби-сазды кеш өтті

Маңғыстаулық бір топ азамат бастаған шараның Ресейдің бас қаласында өтуіне қол ұшын созған Мәскеудегi Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердiң дамуын қолдаудың «Астана» қоры және Алматы қаласының әкімдігі болатын.  

Творчествалық кешке жүзден астам поэзия сүйер қауым жиналды. Олардың қатарында ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен Мәскеуде білім алып жатқан қазақ студенттері бар. Мәдени шара қазақ және орыс тілдерінде өтті. Сахна төрінде ақынның өлеңдері оқылып, бірнеше әні шырқалды. Атап айтқанда, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісова және «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, танымал әнші Роза Әлқожа және ақынның қыздары Салтанат, Махаббат, Құсни, Айнар және тағы басқа поэзия сүйер қауым сөз сөйледі. Ал кешке жиналған қонақтар қол соғып, қошемет көрсетті.    

«Байтақ мекенім» қоғамдық қорының төрағасы Сәбит Тоқымбетовтың айтуынша, ақынның шығармашылығын зерттеуді қолға алу мақсатында өткен жылы 22 ақпанда Ақтау қаласында бастау алған «Ата жұртын аңсаған Айбергенов» атты бірінші ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, сол жылы қазан айының 14-ші жұлдызында Шымкент қаласында бір топ Шымкенттік кәсіпкерлердің қолдауымен «Төлеген Айбергенов аңсаған әлем» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасқан. Сондай-ақ, «Ақ жол» жастар қанатымен бірлесіп оңтүстік астанамыз Алматы шаһарындағы Жазушылар одағындағы әдебиетшілер үйінде «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман» атты үшінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясыда жоғары дәрежеде өткізілген. Ақтау мен Шымкентте өткен конференцияның материалдары кітап болып шықса, Алматыда өткен конференция туралы толыққанды мағлұмат жуық арада жаңа кітап болып шығады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры  Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығына орай 80 естелік медаль шығарған. Медаль иегерлеріне Мәскеу қаласында қор төрағасы Сәбит Тоқымбетов бастап табыстады. Енді алда ақынның 80 жылдығының қорытынды кеші Астана қаласында үстіміздегі жылы 22 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр. Астана төріндегі Ұлттық кітапханада қалған медаль иегерлеріне салтанатты түрде табысталмақ.   

«Төлеген Айбергеновтың есімі ел жадында мәңгі сақталып қалары сөзсіз. Қай қалаға барсақ та, ақынға деген құрмет ерекше. Осындай ауқымды шара биыл Ақтөбе облысы Байғанин ауданында өткен еді. Сонымен қатар, Бесқаланың Нөкіс қаласындағы Бердақ атындағы университеті мен Әжинияз атындағы педагогикалық институтында, ақынның кіндік қаны тамған «Таң нұры» ауылында да шығармашылық кеш өтті. Шараға танымал ақындар Қасымхан Бегманов және Бауыржан Бабажанұлы мен ақынның ұрпақтары түгел қатысты. Бұл ретте Т. Айбергеновтің шығармашылығын насихаттауда Қоңырат ауданындағы Төлеген Айбергенов атындағы орта мектеп директоры Жеткізген Сәрсенбаев деген азаматтың елеулі үлес қосқанын айтып өткеніміз жөн болар», – дейді «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының төрағасы Сәбит Тоқымбетов.

Сондай-ақ, белгілі болғандай ақынның кейбір өлеңдері бұған дейін орыс тіліне аударылса, биыл Түркиялық ғалым Оғыз Доған түрік тіліне, Бұлбұл Матай қытай тіліне, Баходир Убайдуллауғлы өзбек тіліне аударуды қолға алған.  

Алдағы уақытта Шымкент қаласында Төлеген Айбергенов атындағы ғылыми-зерттеу орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастаманы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Оңалбай Аяшевтың өзі қолдаған. Яғни, «Төлегентану» ғылыми-зерттеу орталығы арқылы ақынның өмірі мен шығармашылығын терең зерттеу көзделген. Төлегентану орталығы ашылар болса, оған қолдау көрсететін жандар өте көп. Осы бастаманы бұқаралық ақпарат құралдарында қайта-қайта көтеріп жүрген Тараз мемлекетік педагогикалық университетінің жанынан құрылған «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Аманбайұлы Найзабаевты ерекше атап өту қажет.

Төлеген ақынның өлеңдерін оқи отырып, оның өзіне арналған өлеңдер жинағы бірнеше есе көп екенін аңғаруға болады. Көзі тірісінде заңғар жазушы марқұм Әбіш Кекілбаев «Біздің қолымызда қалған бір-екі жұқа кітап – Т. Айбергенов талантының шалқар дариясы емес, асау арнаның басы ғана еді. Оның көк телегей көл болып шалқуын көруді тағдыр біздің маңдайымызға жазбапты» десе, адуынды ақын Темірхан Медетбектің «Телегей теңіз тебіреністердің ақыны» атты көлемді мақаласы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына шықты. Ал маңғыстаулық ақын Сабыр Адай болса, «Төлеген Айбергенов – ұлттық рухтың бұлбұлы, қарлығашы» деген болатын. Сондай-ақ, Қадыр Мырза Әлі, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Сырбай Мәуленов және Сейфолла Оспан сынды өнер саласының майталмандары да ақынға талай өлең арнағанын ел жақсы біледі.  

Сонымен қатар, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржанов, ақын, «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анар Шамшадинова және Әзірбайжан Қонарбаев, Төлеген ақынның өлеңдерін насихаттауда әлі де болса атсалысуда. Бұған қоса «Ақерке Жайық» әнін айтпағанда, әнші Тамара Асардың орындауындағы Төлеген Айбергеновтың сөзіне және Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазылған «Жаңғырған Маңғыстау» туындысын ерекше атап өтуге болады. Бұл ретте осы әнді үнемі орындап, мәдениет саласында көп жылдар бойы тер төгіп жүрген Шетпе тұрғыны Әбіл Жұмағазиевтың да талантын ескермей кетуге болмайды. Жалпы, тек ақындарды алатын болсақ, биылғы 2017 жыл Төлеген Айбергеновке арналды десек артық айтпаған болар едік. Ең бастысы, ел арасында осындай шаралардың жоғары деңгейде өтуіне уақыт тауып, қолдау көрсетіп жүрген жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Нұрбол ОҚУОВ, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?