Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көшпенділердің билік жүйесі Мария Иванич зерттеулерінде

2136
Көшпенділердің билік жүйесі Мария Иванич зерттеулерінде - e-history.kz
Мажарстанда көшпенді халықтар тарихы мажарлардың көне тарихымен байланыстыра зерттеліп, ұлттық ғылым салаларының бірі саналады

Мажар түркітануында түркі халықтарының тарихына қатысты жаңалықтарға толы тағы бір жаңа зерттеу дүниеге келді. Бұл – тарих ғылымдарының докторы,  профессор Мария Иваничтің   «Дала халықтарының билік жүргізуі (Шыңғыснамадағы көшпенділер әлемі)» атты монографиясы. Жұмыстың сипаты, жазылу мақсаты, тарих ғылымындағы маңызы туралы автордың өзі баяндайды.

Мария Иванич 1950 жылы Будапеште дүниеге келген. Еөтвош Лоранд ғылыми университетінің (Будапешт) Гуманитарлық ғылымдар факультетін 1973 жылы орыс тілі мен әдебиеті және түркітану (османтану)  мамандықтары бойынша тәмамдаған. 1974 жылы Сегед университетінің Алтаистика кафедрасының оқытушысы. 1992 жылы тарих ғылымдарының кандидаты, 2009 жылы тарих ғылымдарының докторы атағын алған. 2008-2015 жж. Сегед университеті Алтаистика кафедрасының оқытушысы және „Studia uralo-altaica” халықаралық басылымының редакторларының бірі. 2009 жылдан бері Мажарстан Ғылым академиясы және Сегед университетінің Түркологиялық зерттеулер тобының жетекшісі.

Зерттеу салалары: Осман империясының еуропалық вассал мемлекеттері, соның ішінде Қырым хандығының тарихы, Алтын Орданың мұрагер мемлекеттері, даланың ауызша тарихнамасының Еділ түркілерінен қалған жазбалары. Бірнеше ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықтардың (Геза Кун – 1995; Ференц Сакай - 2007) иегері. Көп жылдық оқытушылық қызметінің бағасы ретінде «Мажар жоғарғы оқу орнындағы еңбегі үшін» сыйлығымен марапатталған.

Мария Иванич:

Мажарстанда көшпенді халықтар тарихы мажарлардың көне тарихымен байланыстыра зерттеліп, ұлттық ғылым салаларының бірі саналады. Ықылым замандардан бастап дамыған жазба мәдениеті бар көрші Чинг империясының билік аппараты дала халықтарын назарда ұстаған, олар туралы көптеген маңызды ақпараттар қытай династияларының тарихын баяндайтын династиялық жылнамаларда сақталған. Ӏшкі Моңғолия аумақтарында империя құрған ертедегі (хуннулар, ғұндар) көшпенділердің іс-әрекеттері туралы сыртқы, қытай және тибет,  дереккөздері сақталған, II Түрік қағанатының дәуірінен (687-745) бастап руна жазуымен дайындалған түркі тіліндегі ішкі дереккөздер де бар. Моңғол империясының құрылуы мен оның ертедегі тарихы жайлы сол кезден жеткен моңғол тілді дереккөзден «Моңғолдардың құпия тарихынан» білеміз. Мұсылман (араб, парсы) тарихшылары моңғолдармен далада кездесіп, олар туралы жазса, ал моңғолдар Шығыс Еуропаны жаулау барысында үнемі орыс жылнамаларының назарында болды.

Моңғол империясының мұрагер хандықтарының бірі Алтын Орда хандығы тұсында жазылған мұрадан түркі тілді халықтардың өмірі туралы мол мағлұмат аламыз. Солардың ішінде мажар тарихына ұқсас Анонимустың сөзімен айтқанда жыршылардың көне жырларын еске салатын салатын туынды бар. Ол XVII ғасырдың соңында Еділ маңында шығыс түркі тілінде жазылған «Дефтери Шыңғыснаме», немесе «Шыңғыстың аңыз кітабы» (зерттеуде «Шыңғыснама» деген атпен атаймын).

«Шыңғыснаманың» қолжазбасының әр түрлі нұскалары тұрақты мемлекеттілігі жоқ деп келген дала халықтарының рухани мұрасы ретінде бүгінге жеткен. Олар Шыңғыс ханның аты мен оның шығарған заңдарына жүгініп, белгілі бір көшпенді қауымның басқарушы тұлғасының билігін оның Шыңғыс ханға байланысы арқылы нығайтуды көздеген. Осы ұжымдық жадының рухани туындыларын тарих ғылымы XVIII-XIX ғасырларда санатқа алса, сонан соң бір ғасырға жуық ұмытылып қалған.

Совет Одағы күйреген соң пайда болған түркі тілді мемлекеттерде, сондай-ақ Ресей Федерациясының ішіндегі автономиялық республикаларда да,  бұл мұра көшпенділердің ертедегі мемлекеттері және олардың тәуелсіз болғандығының дәлелі ретінде қайта назарға ілінді. Жаңа мемлекеттіліктің дәстүрлі белгілері ұлттық әнұран, елтаңба, ұлттық жалау жасау, ұлт тарихындағы маңызды жерлерді анықтаумен қатар, ұмытылған тарихи шығу, тек аңыздарымен танысу және қайта тірілту маңызды рөл атқарды. Осындай ұлттық текті танудың үдерісімен түркі республикалары бұған дейін көңіл бөлінбеген дала тарихнамасының мұралары – «Шыңғыснаманың» нұсқаларын жинастырып, басуды қолға ала бастады.

1990 жылдардың ортасында Қазан университетінің тарихшы профессоры, Татарстан Ғылым академиясының академигі Миркасым Усманов Мажарстанға келіп, оның көшірмесін көрсетіп, оны басуды ұсынғанда, бір оқып көріп, бірнеше оқиғадан тұратын, тарихпен үнемі үндесе бермейтін, жинақты неге соншалықты маңызды көргенін түсінбеп едім. Оны ғылыми тұрғыдан өңдеуде ілгерлеген сайын бұл жазбада тарихи шындықтан гөрі бір кездегі империя күйреген соң, рулық қауымдастықтарда империяның билік жүргізу механизмі қалай сақталғаны едәуір маңызды екеніне көзім жете түсті. Осы мақсатта «Шыңғыснамадағы» көшпенділер әлемін, ондағы айтылғандардың астарын түсіну үшін Моңғол Империясына дейін кері шегіну керек болды. Ұқсас деректер жинақталған соң, тарихи өңдеу барысында оқиғаларды баяндаудың тарихи көздері екінші орынға ысырылып, олар  далалық діл және мәдениет тарихының иллюстрациясы ретінде ғана қызмет атқаратындары, айдан анық болды. Зерттеуді негізгі бес тақырыптың айналасына топтадым: легитимация, билік нышандары (инсигнациялар), билік жүргізу, рулар және көшпенділердің басшысы. Әр тақырыптың алдына ХІІІ ғасырдан бастап 1XVIII ғасырға дейінгі далада болған ең маңызды оқиғаларды қамтитын кіріспе жаздым.

Кітаптың екінші бөлігі «Шыңғыснамаға» қатысты сілтемелер және жазба деректің шығу тарихы мен «Шыңғыснамалардың» жанрлық ерекшелігін талдаған ауқымды кіріспеден тұрады. Аударма Санкт-Петербургте сақтаулы үш толық қолжазбаның негізінде жасалған ғылыми түсіндірмеге сүйенеді [Иванич-Усманов 2002: 18-21]. Тарихи кіріспеден соң зерттеуімде сөз болатын Алтын Орда туралы ауызша тарихи дереккөздерді таныстырдым.

«Шыңғыснама» көшпенділердің қоғамы, ойлау жүйесі, адамгершілік  қағидалары және ұжымдық сана ұмытылмауы тиіс деп санаған оқиғалар туралы орасан мол ақпарат береді. Мәтінді дәл аударып қана қоймай, бұл оқиғалардың оларды тыңдаушылар үшін қаншалықты маңызды болғанын түсінуге және түсіндіруге тырыстым. Олар қандай мақсатта туған? Алтын Орда тарихын, құрылысын әбден тануға «Шыңғыснама» несімен көмектеседі? Моңғол және түркі империяларының дәстүрлерін негізге алдым. Моңғол Империясының дәстүрлер жүйесінен  Алтын Ордаға және оның мұрагер хандықтарына сондай-ақ Алтын Орда ыдыраған соң жаңа хандықтар құрмаған көшпенділердің руларына не жеткенін анықтауға тырыстым. Жазба деректер берген мүмкіндіктерді пайдаланып, Еділ маңындағы көшпенді қауымның толық сипаттамасын беруге күш салдым. Ең алдымен Еділ маңының ауызша дереккөздеріне сүйендім, алайда зерттеуімде мұсылман және еуропалық авторлардың Алтын Ордаға қатысты еңбектеріне де жүгіндім.

Зерттеудің тағы бір мақсаты мажар тарих ғылымының назарын дала тарихына аудару болғаны да жасырын емес. Бүгінде мажар тіл білімі мажар тіліндегі түркі элементтерін зерттеуде  мажар тарих ғылымының ертедегі мажар қоғамына түркілердің әсерін талдауға қарағанда оқ бойы озық тұрғанын мойындауымыз керек. Әрине зерттеулер бар, бірақ саны көбейгені дұрыс. Дала тарихын терең зерттеу арқылы мажарлардың ертедегі тарихын зерттеуде жетістікке жетуге болатынына сенімдімін. «Шыңғыснама» бір оқығанда аңыз, әдеби туынды көрінгенмен, одан көптеген маңызды тарихи деректерді таба аламыз. Дала тарихнамасы үш жүз жыл бұрынғы тариғи оқиғаларды бұлжытпай сақтай алғанын көреміз.    

Аударған Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ
Мажарстан, Сегед

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?