Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Генерал-полковник Жасұзақов Сәкен Әділханұлы

2290
Генерал-полковник Жасұзақов Сәкен Әділханұлы - e-history.kz
El.kz интернет жобасы 7 мамыр – Отан қорғашылар күні мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің 25 жылдығына арнап, «Қарулы Күштер генералдары» атты жаңа жобасын бастады

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері 25 жылдығын атап өтеді. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Тәуелсіз еліміздің құрыш қалқанына айналған төл әскері 25 жылда талай белестерді бағындырды. El.kz интернет жобасы 7 мамыр – Отан қорғашылар күні мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің 25 жылдығына арнап, «Қарулы Күштер генералдары» атты жаңа жобасын бастады. Қарулы Күштеріміз бен айбынды әскерлеріміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюна үлес қосқан генералдар туралы естелік мақалалар ұсынамыз. Мақалалардың авторы – белгілі әскери журналист Сәндібай Күмісбеков.   

Өмірбаян беттерінен

1957-ші жылы 25-ші қазанда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1978-ші жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1989-шы жылы Фрунзе атындағы Әскери академияны, 1996-шы жылы РФ ҚК Бас штабы әскери академиясын тәмамдаған. Офицерлік қызметін барлау взводы командирінен бастаған. Кеңес әскерлері Бас барлау басқармасы бағыты бойынша бірқатар жауапты қызметтер атқарған. Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын атқарған. Орталық аппаратта бірқатар жауапты қызметтерді атқарды, Бас барлау басқармасының, Ұтқыр күштер, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы болды. Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы, 1-ші және 2-ші дәрежелі «Даңқ», «Красная звезда», «За службу Родине в ВС СССР» ордендері, бірқатар медальдармен марапатталған. 2 баланың әкесі.Қазір ҚР Қорғаныс министрлігінің министрі лауазымын атқарып отыр.

Байқағаным, қандай да болсын буынның командирі мен әскери журналистің арасындағы ауызекі әңгіме көбіне бір сарында өрбиді. Жаны қалмай бағыныстағы жеке құрамын мақтайды, орын алған проблемаларды да жасырмайды, атқарылған жұмыстарын тізеді, мүмкін болса көрсетуге тырысады. Жоспарда бар шараларды айналып өтпейді. Мүмкіндігінше ашық болуға тырсады. Қайталап айтамын, басым көпшілігі. Қайсыбір командирлер сөзге сараң болады. Әрине, сөйлемеген ол емес, сөйлете алмаған мен де жаман, деген ой қорытамын ондайда. Сондай командирлердің бірі – генерал Жасұзақов па деймін. Жүріп өткен әскери жолы ұзақ, көргені жетерлік, тәжірибесі мол. Айтатын дүниесі көп болуы керек тәрізді. Бірақ...

Семей гарнизонында әскери қалашықтан қолбасшылық штабына дейін генералдың қызметтік көлігімен жеттім. Жарты сағаттай жүрдік. Әңгімеміз есте қалар-қалмас, ұсақ-түйектақырыптарды қамтыды. Үнемі соғып тұратын желі бар ауа-райы, жапондар салып берген аспалы жаңа көпір тәрізді бірдеңелер. «Волгаға» мен алдыңғы, генерал артқы есіктен отырғанбыз. Әдетте жүргізушінің жанындағы орынға командир отырады. Осыған ыңғайсызданып, мәселенің мәнісін сұрадым. «Ырымшылсыз ба, дінге сенесіз бе» деп сұрақты көлденеңнен қойдым. Генералдың жауабына разы болдым. «Бұл жалғанда адам баласы бірдеңеге сенуі, бірдеңеден қорқуы керек. Әйтпесе, адам баласы мал болып кетер еді», – деп қысқа қайырды. Түсінген жанға бұдан артық жауап бола ма.

Генерал бүгінгі заманда әскердің негізгі міндеттерінің бірі уақыт талабынан туындап отырған «формасы бөлек» қатерге лайықты тойтарыс беру деп қабылдайтын тәрізді. Арнайы операциялар орындайтын арнайы жасақтарды күшейтуі, күш салуы соны меңзейді. Заман үрдісінен қалыспау деген осы болар.

Сәкен Әділханұлының қызмет бабына орай, қайсыбір ірі шаралардың барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдына шығып сөйлеген сәттерін көрдім. Жасыратын жоқ, кейбір азаматтық саладағы әріптестерім «төртінші билік» дегеннің буына масайрап «белден төмен ұрып жатады». Тіпті еркінсіп кетеді. Журналист этикасын сақтамай, шектен шығып жататын тұстар болып тұрады. Көбіне мұндай жағдайға жауапты тұлғалар әзілдеген болып, мән бермегенсіп жағдайдан шығуға тырысады. Бір сөзбен айтқанда жағдайды ушықтырмауға тырысады. Генералдың екі рет сондай «журналюганы» тәубесіне келтіргенін көрдім. Азулы телеарна деп сескеген жоқ. Басқаларына сабақ болғаны өзінше, сол жерде болған әдепті әріптестерім іштерінен сауап болды деп тұрғандарына кәміл сендім. Әлбетте, олардың көзінде генералдың мәртебесі өсті. Өзі де құрметтейді, өзін де құрметтете білетін генерал. 

Сәндібай КҮМІСБЕКОВ.

El.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?