Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тамам жұртқа танылған Төреқұлов

1297
Тамам жұртқа танылған Төреқұлов - e-history.kz

1924 жылдың 24 сәуірінен 1928 жылдың шілдесіне дейін ССРО-ның Сауд Арабиясындағы елшісі татар Кәрім Хәкімов болды. 1928 жылдың шілдесінен 1935 жылдың 7 желтоқсанына дейін бас консул және өкілетті елшісі қызметін қазақ Нәзір Төреқұлов  атқарды. 

1935 жылдың соңынан 1937 жылға дейін тағы да Кәрім Хәкімов  екі жыл бойы өкілетті елшісі болды, ал одан кейін 90-жылдарға дейін КСРО-да Сауд Арабиясында елшілер болмады. Бұл үзілістің себебі - Кәрім Хәкімов пен Нәзір Төреқұлов.

Нәзір Төреқұлов 1892 жылы қазан айында қазіргі Өзбекстандағы Қоқан қаласында дәулетті қазақ отбасында дүниеге келген. Алдымен медресені, кейін орыс мектебін бітіріп, Мәскеу институтының экономика факультетіне оқуға түсті.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Минск қаласында «Вольная степь» атты құпия қауымдастық ұйымдастырған, бұл ұжым революцияшыл көзқарастағы студенттер мен оқытушыларды біріктірді. Ақпан революциясынан кейін солшыл эсерлер партиясына кіріп, жұмысшы, солдат және мұсылман депутаттары кеңесінің хатшысы, сондай-ақ Түркістан Республикасының халық білім министрі болды. Қазан революциясынан кейін большевиктер партиясына кірді.

Көпшілік большевиктер партиясының қандай қорқынышты болатынын білмеді. Барлығы Ленин мен Сталиннің халыққа берген уәделеріне сенді — «жерді шаруаларға, халыққа бостандық». Алайда, нәтижесінде «сайлаушылар» мұның ешқайсысын алмады. Шаруалар мен Кеңес Одағының халықтары шын мәнінде жүйенің құлдарына айналды. Бірақ сол сәтте кейбір қазақтар жарқын болашаққа сеніп, халықты ағарту жұмыстарына белсенді кірісті.

Төреқұлов Қоқан депутаттар кеңесінің баспа органын — «Халық газетасы» («Халық газеті») шығаруға белсене қатысты, «Инкилоб» (Революция) журналының бірінші номерін шығаруды ұйымдастырды. «Просвещение и коммунистической культуры», «Хакикат» («Шындық»), «Билим очагы» («Білім ошағы»), «Туркмен ели» («Түрікмен халқы») және басқа да журналдарды шығаруға және редакциялауға қатысып, олар Түркістаннан алысқа — Қашғар, Күлдже, Поволжье, Бұхара, Хиваға дейін тарады. «Казах муны», «Ақ жол», «Просвещение и коммунистической культуры» газеттерінің редакторы болды. Бұл деректің барлығы оның ресми биографиясында жазылған.

1921 жылдың мамырынан 1922 жылдың маусымына дейін Төреқұлов Түркістан АССР-ін басқарды. Ол кезеңде ұлттық бөлініс әлі болған жоқ, түркі халықтары біртұтас еді, Түркістан автономиясы Тынышпаевтың кезінде де солай болды. Ол дін мәселесіне сақтықпен қарады. Орталық Ресейде большевиктер шіркеулерді жойып жатқанда, Төреқұлов мұсылман заңы бойынша демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстыру туралы қаулыға қол қойды. Ол 20-шы жылдардың басында Құрбане айт мерекесін мұсылман демалыс күні ретінде енгізді.

1922 жылдан бастап Нәзір Төреқұлов Мәскеуге шақыртылып, бүкілодақ көлемдегі жұмыстарға тартылды. Ол Мәскеуде жүріп те имандылық тақырыбын қаламына арқау етуді тоқтатпады. Бұл жайлы журналист Марфуға Шапиян: «Нәзір Төреқұлов кеңестік атеизмнің келуімен Қазақстандағы Ислам дінінің тынысы тарылып бара жатқанын сезді әрі жоғалып бара жатқан иманын жоқтады. 1927 жылы «Муштум» басылымында жарияланған «Имандылық» атты жазбасында: «Ислам және коммунизм пәлсапасын һәммеге ұғындырмақта бір ғана өлшем болса керек. Имандылық, имандылық һәм имандылық. Мәскеуде тақуа болып күн кешірмектің жолын таппай өзім де қапалымын. Ахуалым әуелгідей емес, терең қиялға шомып, мұның себебін де дөп тапқандаймын, сол сәтте көзіме келеңсіз бір көрініс іліне кеткені. Ол немене деймісіз? Ол – иманнан жұрдай бола бастағанымыз», – дейді. Көптеген замандастары атеизмді жырлап кеткенде Нәзірдің Мәскеуде жатып, биліктің бір шетін ұстап жүріп, мұндай сөз айтуы – ерлік» деп жазады.

Нәзір 1926 жылы Бакуда өткен І Бүкілодақтық түркология съезіне қатысты, ал 1928 жылы латын негізіндегі түрік алфавитінің авторларының бірі болды. 1927 жылдың 15 желтоқсанында ССРО Орталық Атқару Комитетінің Президиумы Төреқұловты Хиджаз корольдігінде (Сауд Арабиясы) ССРО-ның өкілі етіп тағайындады.

Нәзірдің Саудиядағы қызметі кезінде совет елшісінің беделі артты. Ол арабтар үшін британ дипломатын екінші жоспарға ығыстырды. 1931 жылы ССРО Сауд Арабиясына 100 мың тонна мұнай өнімдерін жеткізу туралы тұңғыш рет келісімшарт жасады, бұл мәселеде АҚШ, Британия және Голландия секілді жетекші батыс жеткізушілерін айналып өтті. Бұл істің басында Нәзір Төреқұлов жүрді. 

Ал 30 жылы Нәзір Төреқұлов Сауд Арабиясының премьер-министрі, ішкі және сыртқы істер министрі, кейінірек король болған Фейсал ханзадасының ССРО-ға сапарын ұйымдастырды.

Нәзір Сауд Арабиясында совет дипломатиясы үшін жұмыс істеп жатқанда, Қазақстанда оның халқына жасалған геноцит басталды. 1936 жылдың басында Төреқұловты Мәскеуге шақырды, ал бір жылдан кейін тұтқындады. Оған Рысқұловпен байланыс орнатты, Түркия тыңшысы болды деген айып тағылды. Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлын қамқорлыққа алып, баспаға қызметке тартқаны да өзіне жала болып жабысты.

1937 жылдың 3 қазанында Нәзір Төреқұлов Мәскеу түрмесінде азапталып өлтірілді. Денесі Мәскеу түбіндегі Коммунарка қорымына жерленеді. Нәзірдің азапталып өлгенін білген Сауд Арабиясының королі Әбдел-Әзиз әль Сауд досының осыншалықты күйде өлтірілгеніне ашынып, ССРО-мен дипломатиялық қатынастарды үзуді бұйырды. Нәзір атылғанынан 24 күн өткен соң, Кәрім Хәкімов та ұсталды. Ал 1938 жылдың 10 қаңтарында ол  да атылды.

Тағы екі айдан кейін, 1938 жылдың наурызында Сауд Арабиясында мұнайдың үлкен қорлары табылды. Сол жылы саудиялықтар қазақ пен татардың өлімінен кейін ССРО миссиясының барлық қызметкерлерін өз елдерінен қуып, 53 жыл бойы олармен байланысты түбегейлі үзді. 

Нәзір Төреқұлов шебер дипломат ретінде өз мемлекетінің беделін лайықты дәрежеде ұстап тұру, оның саяси, сауда-экономикалық, басқа да мақсаттарын табанды түрде қорғау және аса қажетті ақпараттарды дер кезінде ой елегінен өткізе білу сияқты салаларды терең меңгеріп, осыларды өз қызметінде бұлжытпай орындап отырды. Ол сол кезеңде өзі төтенше және өкілетті елшісі болып отырған Кеңес Одағының беделін көтеруге күш салды,  әр түрлі дәрежедегі келіссөздерді  біліктілікпен жүзеге асырып отырды.

Нәзір Төреқұлов 1958 жылы ақталғанымен, совет заманында ол туралы зерттеулер мен ізденістер жоқтың қасы болатын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ ғалымдары Нәзір Төреқұлов туралы жан-жақты зерттей бастады. Түркістанда  алғаш рет 1996 жылы Нәзір Төреқұловтың 105 жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Қоғам қайраткері Ыбырай Ысмайылов – Нәзір Төреқұлов туралы ізденіп, Өзбекстан, Ресей тіпті сонау Сауд Арабиясына дейін іздеп барған азамат. Осы ізденістің нәтижесінде Түркістанда Нәзір Төреқұловтың атына мектеп, мешіт-медресе, кітап үйі ашылып, қаланың ортасынан Нәзір Төреқұлов атына көше берілді және музейі ашылды.

Қазақ дипломаты туралы архивті 1997-1998 жылдары Ресейдің Сыртқы істер министрі Евгений Примаковтың қолдауымен Қазақстан елшісі Тайыр Мансұровқа табыс етілді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?