Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қалбатау шайқасының тарихы

2644
Қалбатау шайқасының тарихы - e-history.kz

Елімізде 2024 жылдың 30 маусым – 6 шілде күндері аралығында «Жарма-Көкпекті-Ақсуат» тарихи-танымдық және ғылыми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылып, қатысушылар бірқатар жұмыстар атқарды.

Бұл экспедицияның негізгі мақсаты – Абылай заманындағы Қалбатау шайқасының тарихын ашуға арналды. Тарихта Қалбатау шайқасы аздап айтылады. Бірақ, оны халық біле бермейді. Себебі, зерттелмеген тарихтың «ақтаңдағы» саналады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында «Азаттық жолында ата-бабаларымыздың бірнеше буын ұрпағы күресіп өтті» делінген. Осындай азаттық күресінің бір кезеңі – Абылай заманындағы қазақ-қалмақ шайқастары екендігі анық. Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай және тағы басқа батырлардың уақытында қаншама шайқастар өткен. Солардың қорытынды шайқастарының бірі – Қалбатау шайқасы деп айтуға толық негіз бар.

Осы тарихи экспедицияның басталар алдында Абай облысы, Жарма ауданы, Қапанбұлақ орта мектебінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенат депутаты Амангелді Толамисов халықпен сұхбат өткізді. Одан кейін тарихи орындарды қарау және зерттеу жұмыстары басталды.

Кезінде қазақ даласының бірталай жерін қалмақтар басып алып, ұзақ уақыт мекендеп жүрген. Сондай шұрайлы жердің бірі – Қалбатау еді. Абылай қазақ жерінің азаттығы үшін күресте қол бастап келіп, Ақ Ордасын тіккен тарихи орын Қалбатау жоталарының ішінде Толағай тауы екен. Қалбатаудың басталар тұсында «Бас Қарауыл», «Орта Қарауыл» және «Аяқ Қарауыл» деген жерлер сол жорықтармен байланысты аталып қалған [1]. Осы аталған Қалбатауда да жаумен аңдысып, жаудан жерімізді тазартамыз деп жүріп, жан алып, жан беріскен шайқаста қазақтың бірталай батырлары шейіт болған екен.

Шар өзенінің сол жағында орналасқан «Бас Қарауыл» төбесі

 Осы тарихи орында Абылай Қалбатау шайқасына бара жатқанда кеңес өткізген. Қайтып келе жатқанда тағы тоқтап, жиын өткізіп, туын қадап кеткен. Онда азат болған жерлерді ру басылар, билер және батырлармен ақылдаса отырып, қоныстарын бөлген [2].

Қалбатауда шайқас Әмірсана иелігіне қарасты нояндардың бастап шыққан әскери топтарымен «Бас Қарауыл» мен «Аяқ Қарауылдан» басталып, «Қызылбұлақ», «Жаушоқы», «Қара кезең», «Толағай» және «Ойран» деп тарихи орындар ретінде аталып қалыпты. Осы шайқастарда қалмақтар табан тірей алмай «Толағай» сыртына шығып, одан ары Шорға бағытына қашыпты. 

Шар өзенінің оң жағында орналасқан Абылай сарбазарының қорымы. Қараш ауылының Шар өзенінен оң жағындағы қарсы беттегі маңы. Басқарауылдан 3 шақырым Шығысқа қарай орналасқан

Толағай маңындағы Қалбатау шайқасы болған кез 1754 жылдың жазы. Қалбатау ішінде қарсыласып, қазақ батырларымен шайқасқан жау Қалбатау мен Толағай тауынан шығып, Бөкен өзенін бойлап қашқан. Ол жерде «Қандыбұлақ» аталған жер бар. Одан қалың қамысы мен тоғайы бар Ертістің жағасына жақын жерге тығылған. Осы жерде қарсыласқан қан майдан жалғасып, екі жақтан да адам шығыны бірталай болған. Ертіс жағалауындағы Ойранда «Ақтөбе» аталатын төбеде Қабанбай, Бөгенбай және тағы басқа қолбасшылар жауды бақылап тұрыпты. Кейін осы аумақты жерді «Ойран» атап кеткен. 

Қалбатау шайқасында қазақ-қалмақ әскерінің бір тірескен жері – Көкпектіде «Табанды қара» жазығы аталып қалған. Бұл жерде екі жақ табан тіресе ұрысыпты. Сол ұрыста ерлік көрсеткендердің біреуі Қалыбай батыр болғандығы ел жадында сақталып, ауызша тарих айту дәстүрімен жеткен.

Одан кейін «Өртеңтау» аталып қалған тарихи орын бар. Мұның атауы қалмақ тілінде «үртен»  ат ауыстырып мінетін бекет дегенді білдіреді. Кезінде жылдам хабар жеткізу үшін 30 шақырымға бір үртен (бекет) салып отырған. Солардың бірінен біріне тың атпен құйғыта шапқан хабаршылар тосын жағдайларды сонау алыс жерлерден жеткізетін болған. Ерте заманның соғыс тәсілінің біреуі осы.

Сол жолғы шайқаста Қабанбай батырдың үзеңгілес серіктерінің бірі - уақ руының батыры Бармақ қаза тапқан. Одан кейін Толағай тауынан асыра жауды қуып бара жатқан кезде Қалбатау шайқасында қазақ-қалмақ шайқасының нағыз ортасында жүрген Тоқабайұлы Жомарт батыр Көкпекті өзені бойында жекпе-жекте қаза тауып, ежелгі дәстүр бойынша сүйегін сол жан тапсырған жеріне жерлепті» деген нақты тарихи мәлімет қариялардан жеткен екен. Бұл елді, жерді азат ету шайқасында қаза тапқан батырлардың зираттарының орыны бар (Кейін зираттары қайта көтеріліп, ескерткіш тастары қойылған).

Би Боранбай кесенесі. Жарма ауданы, Қапанбұлақ ауылының маңында орналасқан

Қалбатаудан жауды қуып шыққан кезде «Толағай» тауының етегінде «Хан кеңесі» өткен. Сол жерде Қабанбай мен Бөгенбай қолбасшылар алдағы жорық жөнінде пікір қарамайшылығы туындап дауласқан. Ақыры көп дауласып, Қабанбай ұсынған соғыс жоспары қабылданыпты. Халық жадында сақталып қалған және ауызша тарих айту дәстүрімен жеткен мәліметке назар аударып, оны қазақ тарихының алтын парағы ретінде хаттап жазған қазақ зиялылары «Айқап» журналының бір басылымында осы аңызды баяндай келіп, сол «Қалмақ Толағай» тауы Көкпекті шаһарынан терістікке қарай 19 шақырым» деп жазыпты. Ендеше, тарихи шешуші ұрыс болған, атақты батырлардың аттары ізі қалған тарихи орын екендігі анық [3].

 Бұл тарих орын «Орда қонған» Үлкен және Кіші Толағай тауларының солтүстігінде Салқын бұлақтың Кіші Шегелек өзеніне құятын тұсында деп шамалауға негіз бар. Бірінші, ХІХ ғасырда Көкпекті округіне қарасты Мұрын-Назар болысының басшысы Тана мырза Тілемісұлының 1849 жылы экспедиция жұмыстарымен келген А. Влангалиді күтіп алып, онымен әңгімелескен сұхбатында Абылайдың қол бастап келгендігі, шайқас өткендігі және осында сарбаздарының жерленгеніндігін анық айтқан. Екінші, Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамса» атты еңбегінде Қалбатау шайқасы өткендігі, Абылай, Бұқар жырау, Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың «Хан кеңесіне» қатысқандығы нақты жазылған. Үшінші, Алаш зиялылары бүркеншік есіммен «Айқап» журналына ертеректе мақала жариялап, Толағай түбінде Абылай заманында «Хан кеңесі өткен» деп жазып кеткен. Олар: Отыншы Әлжәнов немесе Сұлтанмахмұт Торайғыров болуы әбден мүмкін.

Қалмақ қашқан соң Абылай «Толағай» түбіне қолбасыларды кеңеске шақырады. Жаудың ендігі барар жері Тарбағатай жазығындағы «Шорға» бекінісі. Осы «Хан кеңесінде» Қабанбай батыр «Шорғаға» әскердің тұтас барып соғысуын ұсынады. Мұның керсінше Қанжығалы Бөгенбай батыр қолдың екі бөлінуін, сөйтіп, жауды сыртынан қаусырмалай кең көлемде тисуді жөн санайды. Қабанбай бұған келіспейді, бөлінген қолдың күші кемиді. Жау бізді жеке-жеке соғуы ықтимал деп, қарсы дау айтады. 

XVIII ғасырдың 50 жылдары Абылай сұлтанның қалмақпен ақырғы соғыстарында қазақтар көп әскермен Қалба тауына келгенде, торғауыттар Солтүстік Ласты, Шорға бойында және бір тобы Тарбағатайдың күнгей бетінде Үржар мен Емел бойында отырған. 

Нарбота батыр зираты. Жарма ауданында орналасқан

Осы шайқаста қай шеттен, қалай шабу керек деп үлкендермен кеңескенде қолбасылары Бөгенбай мен Қабанбай батырлар екі дай болады. Бөгенбай қалмақты Үржар-Емел бойына Тарбағатай арқылы асып шаппаса, торғауыт ат-айылын тартып дайындалып отырады, бізге көрші, жақын, мүмкін олар таудан ерте түсіп кеткеніне қарағанда бізден хабар да алған шығар, ондай жағдайда көп адам шығынымен алуымыз мүмкін деген. Ал алыстағы ел алаңсыз отырады, қапысыз басамыз деп ойын айтқан Қабанбай, алыс жолдан аты арып, қолы әлсірейді. Мүмкін біздің онда кеткенімізді ат ізінен білсе хабарлап қою, сонымен олар алдан дайын тұрса, арттан бұлар келіп ортаға алу қаупі жоқ емес деді. Абылай бұлардың қайсысын тыңдарын білмей, дағдарып Бұхар жырауға ишара етіп сен сөйлеші деген екен. Сол жерде Абылайдың қайраткерлікпен билікке жеткенін, Бөгенбай мен Қабанбайдың батырлығын жырлай келіп, Қабанбайдың шайқас жоспары дұрыс дегенді қолдайды. Осы Қалбатаудың Толағай тауы етегінде өткен «Хан кеңесінде»  Бұқар жырау:

Ай, Абылай, Абылай,

Түркістанда жүр едің.

Онан бері келген соң,

Ұлы жүзде Төленің,

Түйесін баққан құл едің.

Дәулет қонды басыңа,

Қыдыр келді қасыңа.

Бақ үйіне түнедің,

Алтын тұғырға кеп қонып,

Ақ сұңқардай түледің,

Алыстан тоят тіледің.

Уа, сен Қанжығалы Бөгенбай,

Тақымы кеппес ұры едің,

Түн қатып және жүр едің.

Қабанбайдан бұрын найзаңды

Қай жерде жауға тіредің!? – деп мәселе шешілген.

Қабанбай өзі одан кейін Шорға-Ласты шайқастарына қатысып, қазақ даласын қалмақтардан азат етуде қолбасшы болды. Бұл шайқас туралы Бұқар жыраудың жырларында және Құрбанғали Халидтің еңбегінде де айтылады. Қазақ әскері Ласты-Шорғадағы торғауытты шауып, біраз адам шығын болғанымен көп олжалы болып оралған [4].

«Барақ шыққан» төбе. Жарма ауданы, Қапай батыр ауылының маңында орналасқан

Ер Жәнібек жерленген кешен.  Жарма ауданы, Ортабұлақ ауылының маңында орналасқан

Шорға соғысы туралы атақты Бұқар жыраудың жырын ауызша тарих айту дәстүрімен Таңатарұлы Кәрібай ақын:

«...Сайыста талай сарбаз құрбан болды,

Ел үшін жанын қиып басын байлап.

Шапқаны Қалбадағы көз алдымда,

Баласы Қаракерей Боранбайлап.

Бұл жолы көзге түсті Орақбай Ер,

Шын құрыш қайтпайтұғын болаттай.

Шарыштан озып шыққан ер Балдынза,

Бір жола талқандалды жолатпай ер...» [5], – деп тарихи оқиғаны жырмен жеткізген екен.

Уақ Бармақ батыр зираты. Көкпекті ауданында орналасқан

Қалбатаудағы шайқастарға қатысқан батырлардың бірі – қаракерей Дора батыр Шаған, Қалбатау, Тарбағатай, Кіндікті бойындағы қалмақтарды өз жерімізден тазартуға қатысып, көп еңбек етеді. Қалмақтардың Сарықұл, Лаба, Құлба, Долаңқара деген батырларымен шайқасқа түскен қазақ жасақтарының арасында жүрген.

Қалмақтың Құлба деген батыры Қалбатаудан қашыпты. Содан Қалбадан Құлбабасқа дейін жеткізбеген екен. Қазақ батырлары Құлба батырды қуалап жетіп, басын кесіп өлтірген деп осы тарихи деректі жеткізуші көнекөз қария Асау ақсақал (қазіргі Ақсуат ауданының Құлбабас ауылы солай аталып қалған екен) айтып кеткен тарихи дерек жеткен.

Осындай тарихи жерлер Кіндікті маңында Лаба, Сарықұл таулары да, қалмақтың билеушілері мен батырларының мекендеген өңір екен, сол Лаба мен Сарықұлдың да басы алынған жер осылай аталған. Ал, қалмақтың Доланқара батырының бекінісі  де болған, осы арада Дора жау қолынан қаза болады. Содан негізгі атамекенінің ескі қыстауына әкеліп жерлейді. 

Көпсүйек аталған «Батырлар қорымы». Көкпекті ауданы жерінде орналасқан

Бұрынғы қариялардың ауызша тарих айту дәстүрімен жеткен деректерге сүйенсек, Дора батырды Қабанбай батыр ерекше атаған. Ол Қабанбаймен бірге Шаған, Қалбатау ұрыстарына, Доланқараны талқандау ұрыстарына қатысқан. Ол туралы менің шешем Алтынжан осы Дора батырдың ағайындарынан тарағандығын және бұрыннан жеткен тарихи мәліметтерді  айтып отыратын [6] деп жазыпты шежіреші Базарбек Құсайынов ақсақал өз еңбегінде (Дора батыр зиратының орыны қазіргі уақытта Ақсуат ауданының Қарашеңгел елді-мекенінде).

1849 жылы тамыз-қыркүйек айлары арасында А.Влангали экспедициясы Шығыс Қазақстан жеріндегі Қалбатау және Табағатай жерлеріне келген. Сол уақытта осы экспедицияны қарсы алған Көкпекті округінің Мұрын-Назар болысы Тана мырза Тілемісұлы және оның қасындағы старшындар қарсы алып, шығарып салып жүргенде әңгімелескен екен. Сол уақытта бұрынғы кезде Қалмақ-Толағай тауын қалмақтар мекендеген. Кейін Абылай сұлтан әскер бастап келіп, Қалбатау мен Толағай арасында үлкен шайқас болған, - деп өткен ғасырдан жеткен мәліметті айтып беріпті. Одан кейін Толағай етегіне шатыр тігіп, қонған кезде осы маңайдан ескі қазақ қорымдарын (бейіттерді) көрген. Олардың жерлеу салтында шайқаста қайтыс болған адамдардың үстіне таспен үйіп қойғандығын көрген.

Осы аталған Толағай тауы мен Үртеңтаудың (қалмақша бекет деген мағанада) арасында кеңістік бар дейді. Толағайдың шығыс жағында кең жазық Зайсанға қарай созылып жатыр, оңтүстік-батысында Үртеңтау тұр. Одан Тарбағатайға қарай кең жазық көрінеді. Оның қарсы бетінде Толағайдан терістікке қарай 6 шақырымда Қалбаның Ақтас (кварц) шоқысы бар. Бұрынғы көп аңыздарда осы «Толағай» тауына айтылғандығын естіген. Осы Толағайдың солтүстігінде бұлақ бар екен. Бұл бұлақ ағып шығып, Шегелек өзеніне құяды. Осы маңда Кіші Толағайда бар. Шегелек өзені Екі Толағай арасын жарып ағып өтеді [7].

Қалыбай батыр бейіті. Кіндікті өзенінің жағасында жалғыз төбеде орналасқан

Қаракезеңдегі «Батырлар қорымы». Көкпекті өзенінің бойында орналасқан

Үлкен және Кіші Толағай таулары. Көкпекті ауданы жерінде орналасқан

Толағай тауының маңында құрылған Ақ киіз үй. Кезінде 1754 жылы Абылай сұлтан батырларымен Қалбатаудан қалмақтарды қуалап шыққаннан кейін «Хан кеңесін» өткізген тарихи орын маңы

Үлкен Толағай тауының үстіне шыққанда

Осы Үлкен және Кіші Толағай тауларының арасымен Кіші Шегелек өзені ағып отеді. Оған Батыс жағынан Салқын бұлақ құяды. Міне, осы Салқын бұлақтың Кіші Шегелекке құяр тұсында Қалбатау шайқасында қалмақтарды Қалбадан шығарғаннан кейін Абылайдың Ордасы құрылып, келесі жорық «Шорға шайқасының» жоспары талқыланған. «Хан жолындағы Орда қонған Толағай» деп атауға негіз бар.

Үлкен Толағай тауының солтүстүгінде жерленген басында ақ тасы бар Абылай сарбазарының қорымы

Қалбатау шайқасында қалмақтардың ойсырай жеңілген жері – «Ойран». Ертістің жағасы. Көкпекті ауданы, Үлгүлімалшы ауылының маңы

Би Боранбай ұрпағы Саржанов Әлібек Түсіпбекұлы – Ертістің жағасындағы Ойранда атқа мініп тұр

Тоқабайұлы Жомарт батыр XVIII ғ. Жомартұлы Кегенбай бидің зираты ХІХ ғ. Көкпекті өзенінің жағасы, Көкжайық ауылының маңында орналасқан. Жомарт батыр 1754 жылы Қалбатау шайқасында қалмақтарды қуып келе жатқанда қаза тапқан. Тарихшы, ғалым Қанат Еңсеновтың 8 бабасы

Қабанбай батырға арналған кешен. Боғас бекеті. Ақсуат-Зайсан жолайрығы

Уаң төренің зираты аталады. Сұлтан Барақұлы Ханқожа әулетінің зираты. Ақсуат ауданы, Уаң елді мекені

Дора батырдың зираты. Ақсуат ауданы, Қарашеңгел елді мекенінің маңы

Жарылғапұлы Шүрек батырдың зираты. Ақсуат ауданы, Сәтбаев ауылының маңында орналасқан

Досқанаұлы Ырғызбай әулие кешкені. Ақсуат ауданы, Жәнтікей ауылының маңында орналасқан

Қалбатау шайқасы азаттық күресінің жарқын бір парағы екендігі анық. Бұл шайқас 1754 жылы өткен. Онда Абылай сұлтан, Бұқар, Үмбетей, Ақтамберді жыраулар, Қазыбек, Боранбай, Төбет, Сырымбет, Қысаубай билер, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Арғын Олжабай, Тобықты Мамай, Тоқтамыс, Көкжарлы Барақ, Керей Машан, Ер Жәнібек, Қожаберген, Төртуыл Баймұрат,  Қарауылжасақ Сатыбалды, Саржомарт Сатыбалды, Танаш, Терістаңбалы Сатый, Жарылғап, Уақ Бармақ, Қоңырат Төлебай, Қаракерей Қасабай, Нарбота, Желкілдек, Қазымбет, Дәулетбай, Қасай, Шыңқожа, Еспенбет, Орақбай, Бостан, Арап, Кешу, Аралбай, Шүрек, Дора, Жомарт, Матай Қалыбай, Ақпантай, Шоңай, Шөңкей, Тауасар, Есенгелді, Батыр аналар Жәнделі, Гауһар, Назым. 

Бұқар жырау мен Сұртай ақыннан ауызша тарих айту дәстүрімен Кәрібай Таңатарұлына жеткен тарихи жырда: Ұлы жүзден Жаныс Өтеген, Үйсін Райымбек, Шапырашты Наурызбай, Ботпай Сәмен, Шанышқылы Бердіқожа және тағы басқаларын атаған.

Кіші жүзден Тама Жайылған және Алшын, Жағалыбайлы, Телеу руларынан жауынгерлер келгендігі туралы мәліметтер жеткен.

Осы аталған «Қалбатау шайқасына» Кіші жүз және Ұлы жүз батырларының әскери қосындары келіп қатысқан. Оған дәлел, Қалбатау шайқасы өткен 70 шақырымдық шепті қамтыған аумақта Үш жүздің батырларының жерленген қорымдарында ру таңбалары байқалады. Біздің экспедициядағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Үлкен майдан шебінің орналасуы мынадай көрініс беріп тұр: Оң қанат әскер оңтүстүкке қарай – Қабанбай батыр қолбасшылық жасаған. Көпсүйек аталған «Батырлар қорымында» қаракерей мен қоңыраттың таңбасы анықталды. Орта тұсында Көкпекті өзенінің Қаракезеңінде шайқаста қаза тапқан сарбаздар қорымында арғын, суан, ошақтының таңбалары бар. Бұл ортасынан шайқасқа кірген әскери топты – Қанжығалы Бөгенбай батыр бастағандығын байқатады. Сол қанатты Солтүстүкте Толағай сыртымен жүрген әскерден шығын болған және жерленген «Батырлар қорымы» бар. Шамамен бұл топты Көкжарлы Барақ батыр бастаған болуы мүмкін. Қорытындылай келгенде, Қалбатау шайқасына 70 шақырымдық шепке Үш жүзден 15-20 мың шамасында әскер жинақталып келгендігін байқалып тұр [8]. Бұл көшпенділердің шайқастарда көп қолданған «Үш тоғыс» әскери стратегиялық соғыс тәсілі екендігі анықталып тұр.

Шығыс өңірдегі қазақ-қалмақтың соңғы шайқастарына арналған ақын Қалихан Алтынбаев «Ақырғы айқас» дастанында: 

«Ат бейіттің» астында,

Жатыр біздің бабалар.

Сан соғысты өткеріп,

Құбылаға бет беріп...

Әлі тұр сол заманнан үйілген тас,

Жылжуда уақыт шіркін сыр аңғартар,

Дариға, тас астында жатыр екен

Қаншама саудыр сүйек, домалақ бас...» [9], деп ерлік дастанын бұрынғылардан естіп жырлап жеткізген екен. Демек, көне көз қариялармен сөйлескен Қалихан Алтынбаев «Батырлар қорымын» өзі де көріп жүрген.

Кезінде қазақ даласын көп жылдар бойы аралап, көнекөз қариялармен сөйлескен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Хан жолы» бар деп жазған екен. Ғұламаның көретуінше Ертістің сол жағасынан Шәуешек қаласына дейін баратын үлкен күре жол тарихта «Хан жолы» деп аталған. Онда ең алдымен Абылай жорыққа барған, одан кейін керуен жолдарын жіберген деп жазыпты [10].

Осы тарихи экспедиция жұмыстарына қолдау білдірген: Абай облысы Әкімдігіне, Мәдениет басқармасына; Жарма ауданы Әкімдігі, Мәдениет және Білім бөліміне; Көкпекті ауданының Әкімдігі, Мәдениет және Білім бөліміне; Ақсуат ауданы Әкімдігі, Мәдениет және Білім бөліміне; Ардагерлер кеңесіне; Экспедицияға қатысқан және қолдау білдірген азаматтардың барлығына алғыс айтамыз!

2024 жылдың 30 маусым – 6 шілде күндері аралығында «Жарма-Көкпекті-Ақсуат» тарихи-танымдық және ғылыми-зерттеу экспедициясына қатысқан азаматтар:

  1. Қанат Еңсенов – экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері. Астана қаласы.
  2. Мәнен Назарбек – тарихшы, магистр. Машан батыр қоғамдық қорының төрағасы. Астана қаласы.
  3. Қайрат Айтхожин – Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі, өлкетанушы. Өскемен қаласы.
  4. Есенбек Мейрбаев – Меценат, өлкетанушы. Өскемен қаласы.
  5. Жамбыл Жұманбаев – Ақсуат ауданы, Жәнтікей ауылының тұрғыны, Өлкетанушы.
  6. Мейрамбек Мұқатов – ШҚО Тарбағатай ауданы Ауыл шаруашылығының бастығы, өлкетанушы. Ақжар ауылы.
  7. Нұрланбек Тоқтабаев – «Ер Қаптағай» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Меценат, өлкетанушы. Аягөз қаласы.
  8. Елдос Жақсылықов – әнші, өлкетанушы. Аягөз қаласы.
  9. Аманжол Даутов – Жарма ауданы Мәдениет үйінің бастығы, мәдениет қайраткері.
  10. Қанат Рақымжанов – Қалбатау ауылының әкімі, Қалыбай батыр ұрпағы.
  11. Әлібек Саржанов – Көкпекті ауданы Мәдениет бөлімінің бастығы.
  12. Сләмбек Насырбайұлы – Көкпекті аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
  13. Қайрат Малкаждар – Көкпекті ауданы Мәдениет бөлімінің қызметкері, Өлкетанушы.
  14. Фархат Маратұлы – Көкпекті ауданы Мәдениет бөлімінің қызметкері, ақын, өлкетанушы.
  15. Дархан Бердібек – Көкпекті журналының редакторы, Мәслихат депутаты, Өлкетанушы.
  16. Бауыржан Түсіпжанов – Көкпекті Ұлттық спорт орталығының директоры. 
  17. Сәбит Құрманұлы – Көкпекті спорт бөлімінің бас маманы.
  18. Нұрлан Болатбекұлы – Көкпекті Мәдениет үйінің бастығы.
  19. Серік Жұмажанов – Көкпекті ауданы Мәдениет бөлімінің жүргүзушісі.
  20. Қайрат Ахметқалиев – Көкпекті ауданы Биғаш ауылының әкімі, Өлкетанушы.
  21. Қадыр Қажыгелді Көкпекті ауданы Мәдениет бөлімі бастығының орынбасары.
  22. Елдос Төкенов – Көкпекті Ұлттық спорт орталығының тәлімгері, садақшы, мерген.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақтың ханы Абылай. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар. Екінші том. – Алматы: Ел-шежіре, 2011. – 242-243 бб.
  2. Егізбаев Қ. Тағылым. – Cемей: 2001. – 42-43 бб.
  3. Алтынбаев Қ. Көкпекті. – Новосибирск, 2002. – 38-40 бб.
  4. Құрбанғали Халид. Тауарих хамса: (Бес тарих). 2-ші бас. толық. – Астана: Алтын кітап, 2007. – 76-106-бб.
  5. Сәнік З.М. Шорға шайқасы // Алдаспан. - №1-2. – 2004. – 2-4 бб.
  6. Құсайынов Б. Ақсуат өңірінің танымал тұлғалары туралы тарихи деректер. – Алматы: «Құрмет» баспа үйі, 2005. – 9-10 бб.
  7. Влангали А. Геогностические поездки в восточную часть киргизской степи в 1849 и 1851 годах. Том 1. – Санкт-Петербург: 1853, С.32-144.
  8. Еңсенов Қ. «Жарма-Көкпекті-Ақсуат» тарихи-танымдық және ғылыми-зерттеу экспедициясының қолжазба материалы. 30 маусым - 6 шілде 2024 ж. 1-20 пп.
  9. Алтынбаев Қ. Ақырғы айқас дастаны // Қайран өмір... – Астана: Фолиант, 2019, 240-249 бб.
  10. Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. Т.9. – Алматы: Ел-Шежіре, 2009. – 124-126 бб.

 

Қанат ЕҢСЕНОВ, ҚР ҒЖБМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,  тарих ғылымдарының кандидаты,  қауымдастырылған профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?