Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бағашар Тұрсынбайұлы: Абай ұлдары – ұлттық биік аңсардың сынық сәулелері

2441
Бағашар Тұрсынбайұлы: Абай ұлдары – ұлттық биік аңсардың сынық сәулелері - e-history.kz

Белгілі жас сыншы, әдебиеттанушы, журналист Бағашар Тұрсынбайұлы соңғы кездерде Абай ұрпақтары төңірегінде аса мәнерлі, толғамды мақалаларға бет бұрып жүргені біраз оқырманға белгілі. Абайтану ғылымы – қазақ руханиятының ең бір маңызды бөлігі және сарқылмас қазынасы да. Сондықтан бұл салаға ат салып келе жатқан жастарға тек ақ жол тілейміз. Осы мақсатта порталымыз Бағашар Тұрсынбайұлымен болған шағын сұқбатты ұсынады.

– «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деп ұлы хакім әрі үлгі қылып айтса, әуелі өз шындығын айтып отырса керек. Естеліктерге көз салсақ, Абай ұлдарының не өнерден, не білімнен құралақан қалғандары кем де кем. Өзің де осы төңіректе қалам тербедің. Әуелі бәрінен бұрын Мағашты Абай жанына ең жақыны дедің. Осының мәні неде?

– Қазаққа ғана тән дәстүрлі қоғамдағы әке мен бала арасындағы терең түсіністік пен ыстық көңілдің жосынын ойлағанда менің санама алдымен Абай мен Мағауия қарым-қатынасы оралады. Беделі зор, бағы басым, әділ әкенің қолғанаты, айтпай түсініп, дегенін бұлжытпай орындайтын көмекшісі, ізбасары Мағауия болатын. Естеліктерге сенсек, жұрт Абайдың өзінен сұрауға батпай, керегін Мағаш арқылы сұрап алады екен. Мағаш кейін дүние салғанда, қолынан көп жақсылық көрген кісі: «Бергішім-ау, бергішім-ау» деп еңіреп, жоқтап келіпті. Сонда қара нардай қабырғасы қайысып, өксіп тұрған Абай: «алғышым-ау, алғышым-ау» деп құшағына басыпты дейді. Аңыз шығар, бірақ ақиқаты мол сұлу аңыз. Осы екі ауыз сөздің өзінде алушының да, жомарт берушінің де бар болмысы өте айқын көрінбей ме?!

Әке мен баланың жақындығы сондай, бір-бірін үш күн көрмесе, әкесі: «менен туғаны рас болса бүгін келеді» деп сағына бастаса, баласы: «Абай ағам іздеп қалды» деп асығады екен. Мағашты Абайға ең жақын болған дейтініміз де осыдан. Абайдың әкелік қана емес, ақындық тәрбиесін де, ел басқару ісін де Мағаш берік үйренеді. Абай ұлдарының сөзіне үнемі құлақ асып, пікірлесіп отырған. Әр баласына, әр шәкіртіне зер салып, жеке-жеке азамат ретінде қараған Абайға Мағаш айырықша жақын болды. Ақылбай Құнанбай мен Нұрғанымның қолында өскен ерке, Әбіш жаңа заманның білімін меңгерген бітімі бөлек қазақ жасы, Мағауия қазақ ортасында Абаймен бірге жүрген, ел ішіндегі жазылмаған заңдар мен әдеттерді, мінездерді өте жақсы білуші. Абайға сонысымен жақын, ыстық. Абайдың мінезін ең жақсы білетін де, оны көндіре алатын да, ішіндегісін тауып, қорғай білетін де Мағаш болған. Естеліктерде айтылатын Еркежанды алу кезіндегі Мағаш пен Абай арасындағы үнсіз түсіну мен Абай сабалғанда, араға жүрып ат-шапан айып алдыртатыны соның дәлелі емес пе.

Magauia.jpg

– Мағаш Абайдың ақындық тәрбиесін де берік үйренген дедің. Бүгінге жеткен туындылары туралы айта кетсең.

– Абай маңындағы көп жастар секілді Мағаш та Абайдың үздік шәкірттерінің бірі болды. Абайдың мәслихатымен бірнеше поэма да жазған. Ол жазған поэмалары: «Еңлік-Кебек», «Абылай» және «Медіғат-Қасым», – дейді Мұхтар Әуезов. Бұндағы «Еңлік-Кебек» Шәкәрім жырлағаннан бөлек, Мағаштың төл нұсқасы. Абай өз шәкірттеріне кейде бірдей тақырып беріп, бөлек-бөлек жырлаңдар десе, кейде әр қайсына жырлауға бірден тақырып беріп отырады екен. Соның айғағы Көкбай жырлаған «Сабалақ», Ақылбайдың «Зұлыс» поэмалары. Ал Мағашқа қатты әсер еткен, ауыр қайғыға батырған ағасы Әбіштің өлімі. Әбіш ауырып жатқанда Ташкентке барып, жанында болып, соңғы сапарға шығарып салады. Сол кезең «Ыңқылдап жатыр екен жаңа барсам», «Дейтұғын сөзің қайта «Мағатайым», «Жалғыз міне отырмын әр нәрсе ойлап», «Бірге туған бауырлас» деген өлең-жырларын туғызды.

Сөйтіп Абайдың өз орныма жүрер дейтін жан-жақын баласы, әрі іштес досы Мағаш қайтыс болғанда, есінен танып барып, маңдайын керегеге соғып, көз жасын көлдете отырып: «Аузымды сөзден босатқан қарағым, Мағашым, алдымды кісіден босатқан қарағым, Мағашым, арқамды жүктен босатқан қарағым, Мағашым! Қош, Мағаш! Қош!» деп жоқтапты. Мағаштың сүйегін зиратқа апара жатқан мүбарак арбаның жолын тастан тазартып, елпек қағып алда жүріп отырыпты дейді. Ақыры сол ауыр жоғалтудан еңсесін көтере алмай Мағаштың қырқын беріп жатқанда жүріп кетуі де соншылақ жақындықты білдірсе керек.

– Абайдың ғана емес, тұтас қазақ үшін де хакім өзі айтқандай «жаңаның басы» боп өсіп-жетіліп келе жатқан Әбіш те Абайдың үлкен бір үміті еді ғой? Абай әлеміндегі Әбіштің орыны қайсы?

– Әбіш туралы айтарда – әке үмітін сезінген, қадірін білген, жан-тәнімен сол үміт жолында ештеңеден аянбаған бала деген ой келеді. Үзілген үміт, сынған сәуленің трагедиясы бір Абайдың тағдырын күрт өзгерткен қайғы емес. Мұқым қазақтың арманшыл жүрегі сүйген, жаны қалаған бала бейнесінің озық үлгісі – Әбдірахман еді.

М.Әуезов «Абайдың туысы мен өмірі» еңбегінде, Абайдың білімге ынтасы ашылып, ықылас қойған шағын айтып келе: «35 жасында өзі кітап қарастыра бастағанымен қатар, екінші баласы Әбдірахманды Семей қаласында уездік үшкелге оқуға береді. Бұл баласы кейін өндіріп ұзақ оқып кетеді» деп жазады. «Баламды медресеге біл деп бердім» деген әке сөзінің аржағында терең білімге нұсқаған талап жатыр. Әбдірахман сол талаптың тұлпарын мінді. Абайдың арнау өлеңіндегі «бір ғылым еді іңкәрің» деген баға, мінездеме бекер болмаса керек. Жаңаның басы деп білген ұлын әу бастан-ақ оқуға беріп, алысқа ақша аямай жіберуі Абайдың байлығынан емес, бала танығандығынан. Ақын перзентке келгенде ерекше көзқараста болған. «Рақымшалға» атты өлеңінде оны айқын сездіреді. Егер бал болмайтын бала болса, Абай осыншалықты назар аударар ма еді? (Хәкімнің білімге ынтасы зор, зерек балалардың бәрін өз қаражатымен оқытқанын да естен шығармаңыз). Сондықтан Әбіш білімге келгенде ақынның өз баласы емес, білімге ынталы, көкірегі ояу жұрт баласы қатарында. Ең бастысы жаңа толқын есебінде және сол толқынның басы, өзге емес – Әбдірахман.

1532602545_article_b.jpeg

Наушабай дейтін кісі жол жүріп келе жатып, Абайдың үйіне түскенде: «Абайжан, өзіңе асыл сөз, алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма?» деп сұрағанда, Әбіш екеуінің арасындағы әйгілі «Ақ асыл ма, қара асыл ма?» деген сұрақ-жауап оқиғасын мысал етіп айтыпты. Баласының тауып айтқан сөзіне риза болып, маңдайынан иіскеген әкенің үкілі үміті осы сәтте туғандай ма, қалай?.. Кісі баласына жөнсіз еміреніп, мақтамайтын Абай өз баласына риза болып отырғаны – көзі жеткені, көңілі тойғаны.

Әбдірахман оқу қуған кезінен бастап, қызметке тұрған шағында да ылғи түзде болады. Ара-тұра демалыс алған шағында, елге келіп, отбасының, халықтың тұрмыс-тіршілігіне араласады.

Оқуын  1882 жылы Семей қаласындағы уездік мектептен бастаған Әбдірахман 1886-1889 жылы Тумен қаласындағы Александр реалдық училищенің 5,6,7-кластарын тәмамдап, 1889-1892 жылдары Петербордағы Михайлов артиллерия училищесінде 3 жыл білім алады. Училищені үздік бітіріп, подпоручик  әскери атағын алып, 1892 жылы Ташкенттегі бекініс гарнизонының артиллериясына қызметке жіберілген. 1892 жылы елге демалысқа келгенде Мағрипаға үйленеді.

Ақынның Мағауиядан тараған ұрпағы, марқұм Ғазел Жағыпарқызының естелігіне: «Абай атамның екінші ұлы Әбдірахман Шоқан Уәлиханов сияқты оқымысты болған. …Рахила деген бір қызы болған. Әйелі – Мағрифа. Рахиладан екі ұл, бір қыз болды. Екі ұл да соғыста қайтыс болып кетті. Жалғыз қызы – Ай. Айдан екі қыз, бір ұл бар. Ай қайтыс болып кетті. Оның жолдасы Әбдірахман Жаймурзин – ғалым, бір кезде Жазушылар одағының хатшысы, обком хатшысы болған. Айдың бір қызы қайтыс болып кетті. Қазір Әлия мен Аманжол деген баласы қалды. Аманжол – ғалым. Әбдірахманнан қалған жұрағат – осылар» дейді.

Сөйтіп Абайдың өзінің ғана емес, тұтас елдің үміті, жаңаға бастар серкесі болады деп күткен Әбіш 1895 жылы 15 қарашада Ташкентте аурудан қайтыс болып, сүйегі елге әкелініп, Ақшоқыға жерленеді.

– Аз ғана ғұмыр кешіп, жасындай жарқ ете қалған осы Әбіштің бейнесі бізге әлі де болса бұлыңғыр секілді...

– Абайдың Әбдірахман қайтқанда жазған өлеңдері Әбіштің нақты бейнесін көрсетеді. Ешқандай құжат, естелік айта алмаған дәл суреттеуді өлеңнен табамыз. Әбіштің жан әлемі, парасат болмысы, дегдар қасиеті әке қаламы арқылы бізге жеткені – үлкен олжа.

Әбдірахман қайтқанда шығарған өлеңдерінің алғашқы үшеуі жоқтап, таусылып: «сабыр қылсақ керек-ті» деп аяқталады. «Тұл-бойың ұят, ар едің» олай аяқталмайды. Кейін өлеңдерінде қайта «сабыр қылсақ керек-тіге» көшеді. Бұл шынайы жоқтаудың көрінісі болса керек. Сабыр – алғашқы соққыда. Одан кейінгі бойды меңдеген қайғының уына кім болса да, шыдас бере алмайды. Егіледі, таусылады. Бірақ көнеді. Құдайды қарғайтын, тағдырға арыз айтатын әдет Абайда болсын ба?! Одан кейінгі жоқтау-жырлары қайта сабырдан тиянақ тапқан ақын көзқарасындағы арамнан татпаған, қарызын артығымен қайтарған, білімге іңкәр болған Әбіш – Құдайдың бергені.

Іздеп табар жалғаннан

Бала берген пенде едім.

Пенде өлмейді арманнан,

Мінеки, мен де өлмедім.

Өмірінің мағынасын байыта түскен дегдар ұлдың болмысына риза болған және одан көз жазып қалғанда да «тірі адам тіршілігін жасайды» деген тоқтамға келген әкені көреміз. Мұншалықты үлкен сабырдың ар жағында үлкен арман, зор қайғы жатыр.

Қайғы басқан көңілге қимастық сезім араласқан зіл батпан ауыр күйде, Әбіштің басын, тіпті, артық әспеттейтін де шығар. Бірақ өз тұрғысынан өте әділетті айтады. Өйткені ол кешкен сезімді басқа біреу кешпек емес. Оның түйсінгенін басқа жан түйсінер емес. Араға 123 жыл салып, Әбдірахман өлгенде жазған жырларды оқып отырған біз Абай бағасына иланармыз, бәлкім, иланбаспыз. Бірақ тура сол сәтте, Әбіштің жүрегі ақырғы рет соққанда әке сөзіне иланбаған жан болмағанына сенемін. Тіпті, мәселе онда да емес. Мәселе ерді жоғары бағалау үшін де соған лайық қасиет о баста бойында болуға керек. Ол – Әбіште бар. Ал оны Абайдан артық кім біледі?!

Ел ішіне сау келсең,

Тағылым айтпас ер ме едің?

Жол көрсетіп сонда өлсең,

Арманым бар дер ме едім?

Міне, әкенің қайғысы – осы. Орындалмаған арман, аяқталмаған сапар. Әбішті жоқтап жазған әрбір өлеңі – тұрпаты жағынан құйылып түскен, ырғағы үзілмеген тұтас жыр. Бұндай өлеңдер адам жаны қысылып, ерекше толқыған шақта туады. Жан толқыған ерекше күйдің жетегінде кеткен ақын жүрегі өлеңнің не екенін де ойлап үлгермейді. Жүйкесінің әр талшығын үзіп, жүрегінің әр лүпіліне қайғы жамап отырған ауыр өлімнің қайғысын, жанына батып бара жатқан өкініш-зарын Абай өлеңнен өзге кімге айтады. Кітапқа әбден көңіл қойып, ақындық қуатының көзі ашылып, көбіне өлең жазып жүрген өнімді жылдарына тұспа-тұс келген асыл ұлдың қазасына өлеңнен артық жұбаныш таба ала ма? Шын өлеңнің қадірін арттырып, айналасына да ендігі қазақ өлеңінің бағытын көрсетіп жүрген ақынның жан толқынысы еріксіз де жыр болып төгілген секілді.

Әке, ана, бауыр, ғашық болып та жоқтады. Ұлының іші-сыртын түгел таныған әкенің әр өлеңіндегі бағасы таусылмайды, артады. Өз әлінше дүниеден өткен небір қаһарман батырлар мен данышпандармен тең қойды.

Әбіш сипатындағы бала кез келген әке мен анаға – арман. Абайдың да айтқаны сол. «…Пенде өлмейді арманнан, мінеки, мен де өлмедім». Әбіш дүниеден қайтқанда Ақшоқыға Әбішпен бірге, әкенің, қазақтың Арманы жерленген болатын. Кейінгі қазақ – бізге де Арман – Әбдірахман…

– Абайдың бауырына басып алған баласы, Абай мұрасын бүгінге жеткізуге үлкен үлес қосқан Кәкітай Ысқақұлы туралы да бөлек айта кеткен жөн шығар...

– Хәкім ғұмырын біз өз қолымен жазған дүниелерінен емес, тек естеліктер мен аңыздардан таныдық. Ақынның алғашқы өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақ баласы туралы айтар сөз бүгінде тым аз. Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханұлы жинаған материалдар ғана азық боп жүр.

Абайдың інісі Ысқақтың тұңғыш баласы Ғабдұлхакімді шешесі еркелетіп «Кәкітай» деп атапты. Баласына мұсылманша ат қойып, оны қазақы икемділікпен еркелету Құнанбай әулетінің дәстүрі сияқты. Ибраһим – Абай, Әбдірахман – Әбіш, Мағауия –Мағаш, Ғабдұлхәкім – Кәкітай, Кәкіш… Қарадан хан шығып аға сұлтан болған Құнанбайдың арғы тегі туралы әңгімеге оқырман әбден қанық. Айтқаны –үкім, істегені – шариғат болған қажы ұлдары мен немерелеріне өскен, өнген әулеттің қыздарын айттырып отырыпты. Кәкітайдың анасы да Мұрын руынан шыққан атақты Тана мырзаның інісі Жанпейістің қызы.

lossy-page1-1200px-Кәкітай_Ысқақұлы.tif.jpg

Абай мен Ысқақ ауылы көрші болғандықтан Мағаш пен Кәкітай кішкентайынан бірге өссе керек. Мағашты әкесі он төрт жасында Семейге орысша оқуға береді. Ысқақ Кәкітайды Мағашпен бірге оқытпақ болғанда, бәйбішесі: «Өзіңнің ел басқару жұмысынан қолың босамайды, мен үйде отырған әйелмін, малға, шаруаға кім қарайды?» деп, Кәкітайды қалаға оқуға жіберуге көнбейді. Кәкітайды Мағаштай жақсы көріп, одан үлкен үміт күтетін Абай Ысқақты шақырып алып: «Сен қатыныңның тіліне еріп, мына адам болайын деп тұрған Кәкітайды оқудан қалдырдың. Енді бұл баланы мен өз тәрбиеме аламын. Сенің мұнда жұмысың болмасын» депді. Сөйтіп Кәкітай жастайынан Абай тәрбиесінде болған. Кейін Мағаш дертке шалдығып, оқудан шығып келгенде, екеуі бірге Абай қолында өседі. Содан жиырма төрт жыл бойы ақынның жанында жүрген Кәкітай Абай ағасының алдында өзін қарыздар санайды. Мағаш, Абай, Ақылбайлар дүниеден қатар-қатар аттанған соң, Кәкіштің назырқаңқы ғұмыры басталыпты.

Бұл уақытта ақын әулетінің үлкені Тұрағұл екен. 1909 жылы жарық көрген Абайдың тұңғыш жинағын құрастырған да екеуі. Әлихан Бөкейханның: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. …1905 жылы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып, Омбыдағы маған келді… Кәкітай біздің үйде бірер жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мәйрам болдық. Анық таныстық» деген атақты сөзінен жинақтың шығуына ұлт көсемінің де ықпалы болғанын білеміз. Сонымен қатар «Абай» журналының 1995 жылғы 1-2 санында жарық көрген Мінәш Әрхамқызының естелігінде Кәкітайдың әйелі Бибі әжейдің Абайдың жылын өткізуге Семейге Кәкітай, Тұрағұл, Шәкәрім боп төрт адам барғанда, Әлихан Бөкейханға жолығып, ақын өлеңдерін талқылағанын естігенін жазады. Бұл жерде Абай өлеңдерін жинақтауда Шәкәрімнің де үлесі барлығы айтылып жүр. Көп жағдайда Тұрағұл да, Шәкәрім де «халық жауы» болғандықтан бертінге дейін аттары біраз жерде айтылмай келе жатқан. Дегенмен Абай жинағының жарыққа шығуына көп қайрат қылған Кәкітай мен Тұрағұл екеніне кітап мұқабасындағы жазудан аңғарамыз. Мұқабада: «Қазақ ақыны Ибрагим Құнанбай ұлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғландары. Спб., «Восточная электропечатная Н.Бораганского», 1909» деген жазу бар екен.

Мұқаба.JPG

Әрхам Кәкітайұлы «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде: «1906 жылы жаз шығып киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып: «Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз», деп оңаша қосқа отырғызады. Мүрсейіт асықпайтын, одан кейін бір жағын ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақшалап алып: «Омбы қаласына кеттім», деп хат жазды. Одан кейін: «Омбыда бастыра алмадым. Қазан қаласына жүріп кеттім», деп тағы хат жазды. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді: «Қазан қаласындағы баспаханалар басуға уақыты болмады, сондықтан Петербург, Ленинградтағы баспаханалармен шарт жасастым. Тез екі жүз сом ақша перевот ет» деген. Айтқанындай екі жүз сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Ленинградтағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Ленинградқа жіберетін болды, одан тағы қайта басылып келіп қайтып отыратын еді. Осындай сергелдеңмен жүріп Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Ленинградтағы әріп терушілердің қазақтың сөзін ұқпауынан қатесі көп болды, толық түзеуге мүмкіндік болмады. Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітайдың өзі жазды.

Соған қарап Кәкітай Абайдың өмірінен білетіні аз деп ойлап қалуға болмайды. Жиырма төрт жыл Абайдың жанында болған барлық қызық-шыжығын бірге көрген Кәкітай Абай өмірі туралы көлемді еңбек жазған еді. 1919-шы жылы Совет өкіметінен қашқан «колчактың» әскерлері Кәкітайдың клетіндегі үш абдыра жиған кітабын, жазған еңбегін және Абайдың көп материалдарын өртеп жіберді. Сондықтан Абай өмірі туралы жазғандары жарық көрмей жоғалды» деп өкінішпен жазады. Осы естеліктен байқағанымыздай Кәкітайдың Абай өмірі туралы жазған толық еңбегі ғана емес, Абайдың да, өзінің де біраз шығармалары жойылып кеткен. Кәкітай 1915 жылы дүниеден өткен.

Қайым Мұхамедханұлы Әрхамның естелігін келтіріп, Кәкітай шығармалары туралы анық дерек жоқ деп, «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат», «Тілім, саған айтамын», «Көзімнің нұрысыз» деген өлеңдерді Кәкітайдікі деп береді. Бұл пікірді филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ердембеков та растап, «Кәкітай» деген мақаласында Абайдың тұңғыш жинағына бұл өлеңдердің кірмегенін осыған дәлел етіп, тарқатып жазады.

– Абайдың үлкен ұлы Ақылбайдың әншілігі артында қалған «Ақылбайдың әні» туындысымен жұртқа мәлім. Әкесімен қарым-қатынасы, Абай әлеміндегі орыны туралы айта кетсең...

– Ақылбай – 1861 жылы Абайдың 16 жасында дүниеге келген тұңғыш баласы. Абай өзі де әлі жас болғандықтан Ақылбайға бала ретінде қарамайды. Әрі Құнанбайдың кіші тоқалы Нұрғаным бір жасынан бала қылып етегіне орағандықтан, Құнанбайдың кенжесіндей, Абайдың інісіндей болып, ерке өседі. Кенже болғаннан кейін де ешкім бетінен қақпай, алдына тура келмейді. Т. Жұртбай «Құнанбай» еңбегінде Мәкен Тұрағұлқызынан Нұрғанымның Құнанбайдан баласы болғанын, оның кішкене кезінде қайнап тұрған құртқа түсіп, өлгенін естігенін жазады. Өзі Нұрғанымның бір ұл, бір қызы болғанын айтады. Екеуі де кішкентай кездерінде жәннаттық боп кеткен. Сол себепті де Ақылбайды бала қылған.

Жасынан әнге, сөзге құмар боп өскенімен, Ақылбай бір іске ден қойып, өзін арнамайды. 9-10 жасында Ғабитхан молданың алдына келіп, 4-5 жыл оқу алады. Бар оқығаны осы. Сонымен, Ақылбай ерке болып өседі. Абайдың дұшпандары оның аңқаулығын пайдаланып, әке мен баланың арасына от салмақ болады. «Абай баласының мінездеріне, жасынан көрген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне кейіп «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңін жазады». Осы өлеңнен кейін Ақылбай ес тоқтатып, Абай өнегесін үйрене бастаса керек.

Ақылбай баяғы тентектігінен арылып, Абайдың талантты шәкірттерінің бірі болады. «Ақылбай сауықшыл әнші, скрипкашы болатын… Домбыраға қазақтың ескі күйлері: «Азамат қода», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерін тартатын. Скрипкада Абайдың әншісі атанған Мұқадан үйренген түрлі орыс күйлерін тартатын. Дойбы ойынынан Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ» деп жазыпты Ақылбайдың замандасы Рахымжан Мамырзақов. О кісінің естелігі Абай музейінің қолжазба қорында сақталған.

Ақылбайдың махаббат тақырыбына жазған көптеген өлеңі болыпты. Бірақ бізге азы жеткен. Әбіш пен Мағаш қайтқанда жазған жоқтау өлеңдері және бізге белгілі үш поэмасы бар. «Дағыстан», «Зұлыс» және «Жаррах батыр». Соңғы поэмасы сақталмаған. Қайым Мұхамедханұлы Ақылбайдың әр поэмасын жеке-жеке талдап, мазмұндап, Ақылбайдың ақындығын жоғары бағалайды. Әлі күнге дейін құлақ құрышын қандырып келе жатқан «Ақылбайдың әні» бір бөлек әңгіме. Дәстүрлі әншілер мен музыкатанушылар өте жоғары бағалап келеді. Ал осындай ән қалдырған Ақылбай 43 жасында, Абайдың қырқында, Семей қаласында көз жұмады. Ақыннан ұл, ұлдан қалықтаған ән қалды…

444237_1396349255.jpg

– Иә, Абайдың барша аманатын арқалап қалған, Кеңес кезінде өмірі зерттелмек түгілі атын атауға тиым салған Әйгерімнен туған ұлы Турағұл есімі тек тәуелсіздіктен кейін ғана айтыла бастағаны мәлім. Еткен еңбегі де, кешкен тағдыры да тым ауыр болған сыңайлы...

– Кез келген ұрпақтың озық туған перзенті, тұлғасы халықтың аңсар-арманынан туады екен. Осы жағынан келгенде Абай ұлт аңсарынан туған, «біз білетін қазақ рухының ең биік көрінісі». Ал Абай ұлдары – сол биік рухтың сынық сәулелері. Қапастан жарыққа алып шығатын сәулеге пенде көңілі қашанда ынтызар. Тураш – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған тұңғыш баласы.  Мұхтар Әуезов те, Қайым Мұхамедханұлы да Тураштың есімін «ұ» әрпімен Тұрағұл демей, «у» әрпімен Турағұл деп жазады. Кейінгі кезде ел ішінде, жазу-сызудың айналасында жүрген жандардың көбі «Тұрағұл» деп жазатын болды. Турағұл – тура жолдағы Алланың құлы деген мағына беретін ер есімі болса керек. Турағұл1875 жылы дүниеге келді.

Жалпы «Әкем Абай туралы» деген Тураштың естелігі абайтанудағы ең елеулі, аса құнды еңбек. Белгілі әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай осы естелікті үзінді келтіре отырып: «Дариядан тамшының өзі осындай бедерлі, айғақты. Әсіресе, ақынның, ақын болғанда да, даусыз кемеңгердің шабытты сәтін тірі суретімен ұстап қалған мұндай сезімтал куәлікті әлем мемуаристикасынан іздеп таба алар ма екенсіз?!» деп жоғары бағалайды.

Турағұл ауыл молдасынан білім алып, арабша, орысша өз бетімен оқып үйренеді. Тураштың, өзге де шәкірттерінің ақындығын, әншілігін байқап, Абай 1889 (бір деректерде 1890) жылдары көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны алдырады. Сол жылы Әсет ақынды да шақыртады. Тураш осы қамқорлықтың арқасында домбыра, скрипка сияқты музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын болады. Шешесі Әйгерім секілді әншілігі де едәуір болса керек.

Сонымен қатар Горькийдің «Челкашын» аударып, «Таң» журналына бастырған. А. Неверовтың «Мен өмірге жерікпін», Джек Лондонның «Балалық туралы ертегі» және «Балалы әйел не білу керек?» деген ғылыми-медициналық кітапшаны аударып, бастырып шығарған. Тураш – ақын. Абай балаларының ішінде сөзге, ғылымға, өнерге қызықпағаны жоқ. Тураш та әкенің дәстүрін берік ұстаған, сүйікті ұл, дарынды шәкірті болды.

1904 жыл берісі Абай әулетіне, арысы Алашқа қайғылы жыл болды. Бұл кезде Тураш 29 жаста болатын. Сүйікті Мағаш ағасы 34 жасында сол жылдың мамыр айында фәниден бақиға көшеді. Мағаштың қайғысы бәріне, әсіресе Абайға қатты батқан. 23 маусым күні Мағауияның қырқында әкесі Абайдан айырылады. Ақынның қырқы Семей қаласында өтеді. Соны өткізу үшін ағасы Ақылбаймен бірге қалаға келген болатын. Сол күні ол ағасының да жүрегі тоқтайды. Ақылбай 43 жаста болатын. Айналасы 3-4 айдың ішіндегі ауыр қаза күллі қазақ топырағын жасқа шылап кетеді. Қазір ойласам, қазақ даласына бір нәубеттің келе жатқанын сездірген ауыр белгілер емес пе еді осылар?

– Сонымен қатар ұлттың буырқана оянған жылдары да сол кезеңге тура келіпты. Алаш қозғалысының алғашқы ұшқыны ретінде 1905 жылғы Қарқаралы петициясын атайды ғой алаштанушылар. Кейін Турағұл да сол қатарда болды емес пе?

– Рас, Семейге ат басын бұрған Алаш зиялыларының араласатыны – Абай ұлдары. Сол кездегі қазақтың үміті – Алаш үкіметі. Ұлтымыздың бас көтерер асыл перзенттерінің бәрі сол үкіметтің айналасына топтасты. Орталығы – Семей. Ал Семейді ақын ұлдарынсыз елестете алмайсыз. Турағұл Әлихан, Ахмет, Міржақыптармен танысып, дос, тілектес, ниеттес деңгейінде араласады. 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылған кезде Турағұл Семей облыстық комитетінің мүшесі болады.

1922 жылы Семейде Әлихан мен Міржақып тұтқындалғанда, Турағұл да түрмеде төрт ай жатып шығады. Кейін босаған соң, елмен араласпай, Ақшоқыдағы үйінде бірыңғай жазу-сызумен айналысқан. Жоғарыда келтірген аудармаларды Турағұл Әлиханның кеңесімен аударып, басып шығарған дейді ғалымдар. Аудармаларының бәрі 1927 жылы кітап болып шығыпты. Бұл «Алаш» партиясының ағартушылыққа келгенде жұмыла, бір мақсатта жұмыс істегенін тағы дәлелдейді. Басқа Алаш қайраткерлерінің қанша ғылыми кітап жазып, әрқайсысы бір-бір пәннің қазақ ғылымында негізін салғанын білеміз. Ал көркем әдебиетті, оған қоса «Балалы әйел не білуі керек?» деген танымдық-медициналық кітапты аударған Турағұлдың да арнайы тапсырманына әбден сенуге болады. Ұлт мұраты жолындағы еңбек, тапсырманы мүлтіксіз орындау. Бірақ біз Алаш қайраткерлерінің мұраларын әлі күнге ғылыми айналымға енгізе алмай отырмыз. Жалғыз Ахмет Байтұрсынұлының тіл біліміне, әдебиет теориясына қатысты терминдері ғана (оның өзі толық емес және Зейнолла Қабдолов Ахмет туралы мақаласында айтып кеткен себептері бар) қолданып жүрміз.

1927 жылы жазғытұрым Тураш тағы тұтқындалып, 1928 жылы көктемде босап шыққан соң, Шымкентке жер аударылған. Үлкен шешесі Ділдәдан туған бауырларынан ешкім қалмады. Бір шешеден туған бауыры Мекайылды 1931 жылы түрмеге жауып, бір түнде 70 адамды соттың шешімінсіз атып тастайды. Ол уақытта Ізкайл жарық әлемде жоқ екен. Сол жылы Шәкерім де атылады. Қайғының қара бұлты қоюлана түсті.

Тураштың қызы Ақыш 1985 жылы 1 маусымда Қайымға хат жазады. Онда Әуезов пен әкесінің соңғы кездесуін, әрі бауырларының түгел қуғын-сүргінде, соғыста өлгенін айтып келіп: «ақыры біз біткен ауыл болдық қой…» деп зор күрсініспен аяқтайды.

Ал Тураштың қазасы туралы қызы марқұм Мәкен апамыздың естелігі тіпті ауыр. «…1934 жылы қатты аурып жатты. Бір күні мен ағамның ауыр хәлде жатқанын көріп, шыдай алмай, егіліп қатты-қатты жылап: «сен де өлесің бе?» деп барып үстіне құлай кеттім. Сол кезде басын көтеріп алып:

– Сен мені өлме дегенің қарғағаның ғой. Мен сенің қолыңда өлейін деп жатырмын. Болмаса мені түрмеде өлтіреді, – деді.

– Не дейсіз, аға, – дедім.

– Оны кейін білерсіз, – деді де, басқа ештеңе айтпады. Ақыры айтқаны 37 жылы келді ғой.

Тураш ағам 1934 жылы 6 наурыз күні, елу тоғыз жасында қайтыс болған. Шымкент қаласының ортасындағы мұсылман зиратына жерленеді. Кейін сол зираттың үстіне химзавод салыныпты. Завод салынарда Тураш ағаның сүйегін алатын жанашыр жақыны табылмай, завод астында қалады. Ол кезде біз Шымкенттен ауысып, басқа жаққа кеткен болатынбыз» –, дейді. Сөйтіп Абай тәрбиесін алған соңғы ұрпақ дүниеден өткен екен.

– Абай тағдыры, әсіресе Абай ұрпақтарының тағдыры тым ауыр, қасіретті. Ал қазір Абай ұрпақтарынан кім қалды?

– Шежіреге тартсақ Абай ұрпақтарынан Ақылбайдың шөбересі Айдар Ақылбаев Ақтауда тұрады. Ол кісінің Данияр деген ұлы бар. Еркек кіндіктен қалғаны сол кісі ғана. Бұның сыртында Күлзипа Ысрайылқызы (1925 жылы туған). Қазір Зайсанда тұрады. Ол – Ақылбайдың ұлы Ысрайылдың қызы. Апалы-сіңлілі Ишағы (1922 жылы туған) мен Ғазел (1925 жылы туған) Жағыпарова. Бұл кісілер Мағауияның баласы Жағыпардан тарайды.

– Сұқбатыңызға рахмет! Абай мұрасын одан әрі зерделей беруіңізге тілектеспіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?