Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлемдегі Абай ескерткіштері

2815
Әлемдегі Абай ескерткіштері - e-history.kz

Ұлы хакімнің туғанына 175 жыл. Бүгінге дейін Абай мұрасын үгіттеу мен әлемге таратуда біраз жұмыстар істеліп жатқаны анық. Хакім еңбектері әлем тілдеріне аударылумен қатар бір неше елде Абай ескерткіші орнатылғаны да белгілі. Төменде әлемдегі белгілі Абай ескерткіштері туралы тоқталамыз.

Ресейдің Мәскеу қаласында

Мәскеудегі Абай ескерткіші 2006 жылы Қазақстан елшілігінің маңына орнатылған. Сол жылы екі ел президенттерінің шешімі бойынша Ресейде Абай жылы, ал Қазақстанда Пушкин жылы деп жарияланған болатын. Соған орай Астана қаласында Пушкин ескерткіші, ал Мәскеуде Абай ескерткіші орнатылған болатын. Қоладан жасалған ескерткіш авторлары: Мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенколердің қолынан шыққан. Бұл ескерткішті орнату жұмысын Қазақстан жағы қаржыландырған.

Иранның Тегеран қаласында

baa94de949ac61bd70f77f18f77bda31.jpg

Иран елі тарихы бай, құнды қолжазбалар мен тарихи жәдігерлердің отаны. Бұл елдегі Абай ескерткіші 2007 жылы 5 қазанда Иран ұлттық кітапханасының кіреберісіндегі бас аллеяға орнатылған. Ескерткіштің бұнда орнатылу себебі иран ұлттық кітапханасымен арадағы берік мәдени байланыс негізінде жүзеге асқан еді. Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.

Әзербайжанның Баку қаласы

9b2c447f5ee2297788c2a33bb3684f15.jpg

Әзербайжан халқы түркілік туыстық жағынан да, ортақ болмыс пен тарихи тамыр жағынан да бізге жақын халықтардың бірі. Олардың қазақ мәдениетіне, сондай-ақ Абай мұрасына деген ынтасы да елден ерек. Бакудегі Абай ескерткіші 2011 жылдың мамырында Баку мемлекеттік университетіндегі Абай Құнанбайұлы атындағы орталыққа қойылған. Ақын бюсті осы орталықтың ашылуына орай орнатылған болатын. Бакуде Абай атындағы көше де бар. Аталған орталықта қазақ халқының мәдениетімен, әдебиетімен және тарихымен танысуға мүмкіндік бар. Орталық қызметкерлері ақын өлеңдерін тікелей әзербайжан тіліне аударып, Абай мұрасын сол тілде насихаттаумен айналысады.

Өзбекстан, Ташкент

photo_282118.jpg

Көрші Өзбекстанның астанасында Абай ескерткіші 2013 жылы екі елдің тұңғыш президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтің қатысуымен ашылған. Ескерткіш Ташкенттегі Шайхантахур ауданындағы басты көшелердің бірі Абай көшесіне орнатылды. Бұл ескерткіштің авторлары – белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Ескерткіш еңселі, асқақ бейнеде сомдалған. Оның биіктігі – 9,2 метр. Қазірге дейінгі Абай ескерткіштері арасындағы ең танымалдарының бірі деуге де болады.

Венгрияның Будапешт қаласы

8b362732366554175aac9b46b1e63afd.jpg

Венгрияның Будапешт қаласындағы ақын ескерткіші 2014 жылы қаладағы Астана көшесіне орнатылған. Бюстің салтанатты ашылу салтына сол кездегі Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов қатысқан. Рәсім кезінде қазақстаннан барған жас таланттар Абай әндерін венгр тілінде орындап берді. Қоладан жасалған бюстің биіктігі 1070 миллиметр, ені 900 миллиметр.

Қытай, Бейжің қаласы

51dc2771866e3b0eb6084361506a8b0d.jpg

Бейжің қаласындағы Абай ескерткіші ескерткіш авторы Юань Сикуньнің ұсынысымен 2014 жылы "Цзинтай" көркем музейінде орнатылды. Ашылу салтанатына сол кездегі сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов арнайы барып қатысты. Мүсін авторы осы арқылы Абай бейнесін мәңгіге таңбаладық деді. Шара соңында қос елдің жастары Абай өлеңдерін екі тілде оқыды.

Францияның Ренн қаласы

a34503e9fca2e847231912d5a7c54e9b.jpeg

Францияның Ренн қаласындағы Абай ескерткіші 2016 жылы орнатылған. Ескерткіштің ашылу салтанатына сол кездегі Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен Ренн қаласының мэрі Ренна Натали Аппере қатысқан қатысты. Қала басшысы Абайдың қазақ рухниатындағы орнын айырқша атап өтіп, оның шығыс пен батыс мәдениетін синтездей білген ұлы шығармашылығы туралы айтып өтті. Және Францияда да оны білетіндердің аз емес екенін айтты.

Мысырдың Каир қаласы

d9d8e325203c864aa27c062476a533ee.jpg

Каирдегі Ұлы Абай бюсті 2016 жылы қаланың орталық саябақтарының бірінде орнатылды. Ескерткіш Қазақстанның Каирдегі Елшілігінің қолдауымен мысырлық меценат, Қазақстан мен Мысыр достығы ассоциациясының мүшесі доктор Хусейн Әл-Шафиидің қаражатына қойылғандығын, ал мүсіннің авторы қолтумалары Каирден басқа Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Ташкент қалаларында орнатылған белгілі мысырлық скульптор Усама Әл-Серуи болды. Салтанатты шара Мысырдың сыртқы істер, халықаралық қатынастар және мәдениет министрліктерінің өкілдері, дипломатиялық корпустың мүшелері, мысырлық жетекші БАҚ журналистері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, Мысырда оқитын және тұратын қазақстандық азаматтардың қатысуымен жоғары деңгейде өтті.

Ақын ескерткіштері бұдан сырт Стамбул, Витебск қалаларында да бар. Биыл Германия, Аустрия, Италия, Болгария, Ресей, Грузия, Үндістан, Латвия, Моңғолияның басты қалаларында Абай ескерткіштерін ашу жоспарланып отырғаны туралы да айтылған.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?