Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Данабике Байқадамова және «Абай жолы» роман-эпопеясы

2391
Данабике Байқадамова және «Абай жолы» роман-эпопеясы - e-history.kz

Халық жадында Данабике Байқадамованың есіме ұлы «Абай жолы» шығармасының стенографиясы арқасында қалды. Алайда ол қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш стенографист қыз ғана емес, сонымен қатар шебер жазушы, «Алма ағашы гүлдегенде» және «Мен білетін Әуезов» атты академик Мұхтар Әуезовтың өмірінен көпшілік біле бермейтін фактілер жайлы баяндалатын естеліктердің авторы да. Qazaqstan Tarihy порталы Данабике Байқадамованың роман-эпопеяның жазылу тарихына қосқан үлесі туралы еске түсіріп көрмекші.

Өзін өнерге арнау Данабике Байкадамованың тағдырына жазылған, өйткені ол Бақытжан, Айссұлу мен Күнімжан Байқадамовтар сияқты дарынды өнер қайраткерлерін тәрбиелеп шығарған атақты Байқадамовтар әулетінің тумасы. Данабике 1913 жылдың 9 желтоқсанында Торғай кентінде өмірге келген. Әкесі Байқадам Қаралдин мен анасы Үрзипа Қаралдина өз заманының көзі ашық, оқыған адамдары болған, бүкіл өмірін халқына қызмет етуге арнаған жандар. Ерлі-зайыпты Қаралдиндердің өмірін зерттеушілердің айтуынша, отағасы Торғай өңірінің аграрлық өнеркәсібін жақсартуға пәрменді талпыныстар жасаған, ал анасы Үрзипа Петербургтегі бекзат қыздарға арналған жабық пансионда оқыған, француз және орыс тілдерін еркін меңгерген. Данабикенің Қаралдиндер отбасындағы тұңғыш бала болғандығына күмән тудыратын жәйттер жиі орын алып жатады. Өйткені Байқадам мен Үрзипаның шаңырағында әр жылдары алты ұл дүниеге келіп, сәби жасында шетінеп кете берген екен, тек жетінші бала Данабике ғана тұрақтап, ұзақ жасаған. Жалпы Үрзипа-ана он сегіз құрсақ көтерген. Байқадам Қаралдин саясатпен белсенді айналысқан, бұны 1902 жылы «Торғай газетінде» жарияланған «Торғай уезіндегі егіншілік туралы» деген мақаласы дәлелдейді. 1916 жылы ол Амангелді Имановтың көтерілісіне белсенді қатысқан, сол үшін жергілікті генерал-губернатор Эверсман оны ату жазасына кескен. Бірақ көп ұзамай билік ауысып, Қаралдин босатылады. 1919 жылы Мәскеуге Лениннің қабылдауына келген делегаттар тізімінде Байтұрсынов пен Жангелдин есімдерімен қатар Қаралдиннің есімі де аталады. Ошл кеңес үкіметіне шын ниетімен жұмыс істегеніне қарамастан, 1928 жылы тұтқынға алынып, ату жазасына бұйрық шыққанға дейін екі жыл Семей мен Қостанай түрмелерінде ұсталады. Қостанай түрмесінде отырған қызы Данабикеге арнап мынадай жыр шумақтарын шығарған:

«Қарағым, көзімнің нұры қалқам, 

Данаш, Қоршады-ау, бақытсыздық болмай толас. 

Қандыра мейірімді сүйем десем, 

Жетпейді амалым не, жайған құлаш. 

Ел талап, кісі өлтірген ұрлығым жоқ, 

Қиянат жауыздықпен зорлығым жоқ, 

Зарығып-ақ түрмеде папаң отыр, 

Кінәсіз, әділетсіз қорлығы көп…»  

Семей түрмесінде болғанда келесі жыр жолдарын арнаған: 

«…Бала егер ақылды боп туса бүгін, 

Ақтайды ата күшін, ана сүтін. 

Баладан осал мінез көре қалса, 

Ішіне ата-ананың толар түтін. 

Мамаңа болғын тіреу, жаным, Данаш, 

Әр іске ақыл жұмсап, еппен жанас. 

Мамаңды менен басқа тапсырарлық, 

Кімім бар білетін өзің санас!»

Бұл өлеңдерінде Байқадам Қаралдин өмірмен қоштаса отырып, қызына деген сүйіспеншілігін және анасына, іні-сіңлілеріне тіреу бола аларсың деген үмітін білдіреді. Данабике әкесінің үміт-сенімін ақтап, отбасының ауыр халіне қарамастан оларды аштық пен қуғын-сүргіннен қорғай алды. 1958 жылы әкесі ақталғанға дейін отбасы сол кездегі бар қиыншылықты басынан кешірді. Әкесі Байқадам тұтқындалып, Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың (ОГПУ) бұйрығымен 1937 жылы атылғаннан кейін, Данабикенің жұбайы Арыслан Қожахметов те тұтқындалып, атылады. Қуғын-сүргін осыдан кейін де тоқтамайды. Отбасы өмірінің осы кезеңі туралы профессор Күнімжан Байқадамова өзінің «Байқадамовтар әулеті» атты кітабында егжей-тегжейлі әңгімелейді, кітапта отбасына көмек қолын созған Әліби Жангелдин ерекше атап көрсетілген. Алайда Байқадамовтардың жолында қандай қиындықтар тұрса да, бұл әулеттен қазақтың тұңғыш стенографист қызы әрі жазушы Данабике, профессор Күнімжан, халық әртісі және танымал композитор Бақытжан, талантты опера әншісі Айсұлу Байқадамовтар сынды дара тұлғалар шықты.

Данабикенің әке мұрасына қосқан үлесі ерекше, оның есімі басқа да ұлы өнер қайраткерлерімен бірге Қазақ энциклопедиясына енген, қоғам қайраткерлері мен ұлы тарихи тұлғалардың баяндамалары мен лекцияларының ол жасаған көптеген стенографиясы сол кездегі әдеби еңбектерде жиі кездеседі. Солардың ішінде қазақ әдебиетінің тарихына енген Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының стенографиясы ерекше көзге түседі. Данабике 1947 жылы Мұхтар Әуезовтың жоғары оқу орындарындағы лекцияларын стенографиялаудан бастағаны белгілі. Мұхтар Омарханұлына қыздың жылдамдығы, автор ойына жылдам әрі дәл ілесуі ұнағаны әбден мүмкін. Қалай болғанда да, ол келесі жылдың қыркүйегінде қызға өз романының стенографисті болуды ұсынған. Данабике келіседі. «Мен білетін Әуезов» деген естілігінде Д.Байқадамова Әуезовтың өз шығармаларын стенографиялауды осы «Абай жолы» эпопеясынан бастағанын: 

«Сонымен «Абай аға» бөлімінің бірінші тарау кіріспесін бейне бір конспектіден лекция оқып немесе жазып алған текстен оқып тұрғандай сайрап ала жөнелді. «Жазып алған конспектісі бар шығар»,-деп іздестіре бастадым. «Конспектіңіз болса, салыстырайын деп едім» дегеніме, Мұхтар Омарханұлы: «Конспектім - басымда ғой. Жиырма жыл басыма сақтаған, миымда жазылған «Абайым» ғой. Сіз тек жазып үлгеріңіз!»,-деп жайраңдай, масаттанып, асыға киініп академияға кетіп қалды»,-деп еске алады.

«Абай жолы» романының бірінші кітабын Мұхтар Әуезов 1949 жылдың тамызында аяқтайды. Сол қуанышты сәтте Мұхтар Әуезов: «Бұл халық үшін ортақ қуаныш. Сіз – бірінші куәгерсіз. Ұзақ жылдар бойы менің басымда жатқан қазынаның жарыққа шығуының куәсі ретінде сіздің қолыңызды алайын және сіз осы мәңгі өлмес туындының кіндік анасысыз. Құттықтаймын!»-, деп Данабикенің қолын алып, әкелік мейіріммен маңдайынан сүйеді. Данабике Байқадамова «Абай жолын» аяғына дейін стенографиялайды, сол себепті де ұлы жазушымен және оның отбасымен ұзақ жылдар бойы іскерлік, туыстық және достық қарым-қатынаста болады. Бұған куә - Мұхтар Омарханұлының Кисловодскіде демалып жатқанда Д.Байқадамоваға жіберген хаты: 

«Қадірлі Данаш! 

23-інде жазған хатыңыз келіп, қуанып қалдым. Сондайлық дос, жақын жүректен шыққан жылы леп сезгендеймін. Өзіңізді мен де аса жақын тілеулес бауырым, өзімдей көремін. Мені танып, бағалайтын жанның бірісің, оны біз әшейін де айтыспасақ та, осындай жырақта болған шақтарда ойламай, ескермей жүруге болмайды…»

 

Данабике осы бір өзара сыйластық пен достықты мәңгілік деп санады. Мұхтар Омарханұлы Мәскеуге ота жасатуға бару керек болып, барлық туыстары, таныстары, жора-жолдастары келіп шығарып салады. Көп ұзамай Мәскеуден қаралы хабар келеді, хабардың артын ала келген ұшақты Қонаев, Сәтпаев, Марғұлан қарсы алады. Үкіметтің шешімімен Мұхтар Омарханұлының жанұясы тұрып жатқан үйден шығарылады, отбасының көрген қорлығына шыдамаған Данабике мынадай жоқтау шығарады: 

«Ау, халайық-ау, халайық, 

Мұхтардай алып тұлғаны 

Жоқтамай қайтіп қалайық! 

Анайы қазақ әдетін 

Бастады-ау деп қылма айып. 

Қайғыға бөккен жүректі, 

Көз жасымен жуайық. 

Ұшынан болған пышақтың, 

Ажалы болды ағаның, 

Қайғырмай неғып тұрайық!.. 

Қазақ атын елінің, 

Танытқан ерді әлемге, 

Артында қалған ұрпағы 

Жоқтамай қалай тұра алсын!.. 

Театр, ғылым, әдеби, 

Өнер, білім, мәдени, 

Іргесін өзі қаласқан. 

Асыл сөздің иесін 

Ел жұрты қалай сағынбас… 

Су ішінде сүйрігін, 

Ерен жорға жүйрігін, 

Қара жердің астына 

Қалайша жұрты қияды!?…»  

Данабике Байқадамова 1993 жылы өмірден өтті. Өмірінің ақырына дейін Данабике апа шығармашылықпен айналысып, жоғары оқу орындарында оқытушы болды. Өмірінің ең жарқын және ең қаралы күндері Д.Байқадамованың бірнеше томдық естеліктерінде жарық көрді. Сонымен қоса ол келесі ұрпаққа мұра ретінде 1962 жылы 600 дана тиражбен ғана шыққан қазақ стенографиясы туралы оқулық та қалдырды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?