Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарих деректер арқылы жазылады

1858
Тарих деректер арқылы жазылады - e-history.kz
Бейбіт МАМРАЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында қазақтардың тарихтың жүрілмеген жолдарымен жүруге енді ғана мүмкіншілік алғанын жазады. Шындығында, қазақтың тарихын түгендейтін уақыт келіп жетті. Ұлт тарихы –мемлекет тарихы. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин өткізген алқалы жиын ұлт тарихын жаңаша қалыптастыруға ұмтылысты оятты. Қазір өңірлерде де ұлт тарихына қатысты деректерді зерделейтін қоғамдық кеңестер құрылуда. Біздің өңірдегі осы қоғамдық кеңестің құрамына университетте қызмет ететін тарихшы-ғалымдар енгізіліп отыр.

Біздің оқу орнында тарих пәні жоғары деңгейде оқытылады. Студенттер сапалы білім алады. Мен университет ректоры ретінде дәл осылай толық сеніммен айта аламын. Бұған студенттеріміздің тарих пәнінен республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиадалық жарыстарда үнемі алдыңғы орындарды иеленіп жүруі дәлел бола алады. Тарихымызды жаңаша зерделеуге қатысты мәселенің қолға алынуынан Атырау өңіріндегі Сарайшық секілді археологиялық қазба орындарына жете көңіл бөлінеді деп үміттенеміз.

Жеңісбек МҰСТАФИН, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Ел тарихы туралы айтқанда, әрине, өңірлердің гүлденуі мен көркеюі туралы деректерді аттап өте алмаймыз. Орта ғасырларда біздің жеріміз Дешті Қыпшақ деп аталған. Тарихшы-ғалым ретінде ХІІІ ғасырдың басындағы моңғолдар шапқыншылығы бұл өңірдің өркендеуіне түрткі болды деп айта аламын. Соғысты жақтамаймын ғой, дегенмен, сол кезеңде Дешті Қыпшақ даласында «Алтын Орда», «Ақ Орда» атты мемлекеттер пайда болғаны даусыз. Бұл мемлекеттердің пайда болуы бір жағынан Дешті Қыпшақтың әлемдік беделін арттырса, екіншіден, Ислам идеологиясы орныға түсті. Ұлы Жібек жолының бойында бекетті елді мекендер көркейе түсті. Сарайшық секілді ірі қалалардың дамуы кең қанат жайды. Мешіт-медреселер, сәулетті сарайлардың тұрғызылуымен қала мәдениетінің салтанаты артты.

Тарихымызды қалыптастыру мәселесі көтеріліп отырған тұста өңірлердің орта ғасырлық шежіресін зерттеуге тарихшыларымыз жете көңіл бөлгені жөн. Өйткені, әр өңірдің орта ғасырлық тарихы әлі толық зерттелмей жатыр.

Серік ҚУАНЫШ, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Тарих – еліміздің, ұлтымыздың ортақ құндылығы, өткені мен бүгіні. Әсіресе, соңғы жиырма жылда тарихымыздың жаңа шежіресі қалыптасты. Кеңес дәуірінен бергі уақытта жұмыс істеген ғылыми орталықтардың атауы да, қаржыландыру жайы да өзгерді. Бүгінгі талап бұрынғыдан өзгерек. Яғни жоғары оқу орындарындағы ғылыми әлеуетті арттыруға басым бағыт ұсталып отыр. Ал қаржыландыру облыс көлемінде жүргізілетіндіктен, көршілес өңірлермен бірлескен зерттеулерді қолға алуға мүмкіндік бола бермейді. Көршілес облыстармен бірлескен зерттеу жұмыстарын жандандыру ел тарихының жаңа беттерін ашар еді. Соның ішінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында әлі терең зерттеуге сұранып тұрған тарихи деректер өте көп. Соңғы үш жылда бұл өңірде жүзден астам тарихи орындар табылып отыр. Ашылмай, табылмай жатқаны да жетерлік.

Әния ЕРМАҒАМБЕТОВА, университет жанындағы этнография мұражайының директоры:

– Атырау өңірінде археологиялық зерттеулер тым кенжелеп қалған. Соның әсері болуы керек, Атырау топырағындағы тарихи жәдігерлер өзге өңірлерде тұратын өз ғалымдарымыздың ғана емес, тіпті, басқа мемлекеттің ғалымдарының еншісінде кетіп қалып жүр. Біздің өңірдегі Құрманғазы ауданында «Бесшоқы» деген тарихи қорымды Ресей Федерациясы құрамындағы Астрахань облысының ғалымы зерттеді. Міне, біздің төл тарихымызды зерттеуге енжарлығымыздың нәтижесі.

Осындай жайттар тек мені ғана емес, ұлт тарихына жаны ашитын баршаны толғандыруы тиіс. Тарихымызға жана­шыр­лығымызды тек сөзбен жеткізіп қана қоймай, нақты іспен дәлелдеу үшін университет жанынан археология ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Осы орталық арқылы студенттердің археологиялық қазба жұмыстарына қатысуын қамтамасыз етуді көздедік. Былтыр тарих мамандығының бірінші және екінші курс студенттерімен бірге көп жылдан бері зерттелмей жат­қан Ақтөбе-Лаэти қалашығына қазба жұ­мыс­тары жүргізілді. Бұл – ортағасырлық қала­шық. Студенттер археологиялық қазба жүргізгенде дәнді дақылдар салуға арналған құмыра мен хумды, неолит дәуірінің жебесін, сонымен бірге, қыш ыдыстардың сынықтарын тапты. Енді алдағы уақытта Ақтөбе-Лаэти қалашығын археологиялық тәжірибе өткізетін орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз.

Марат ҚАСЕНОВ, археолог-ғалым:

– Өңірлердегі отырықшылық мәдениет­тің дамуы туралы әңгіме қозғалғанда, алдымен Атырау облысында тек Сарайшық қалашығының өркендеуі ғана айтылады. Шындығында, бұл өңірде Сарайшықтан басқа 13 тарихи қаланың бар екені анықталып отыр. Соның ішінде ХV ғасырда салынған Қорғанша қаласы ерекше назар аударады. Өйткені, дәл бұл ғасырда Қорғаншадан өзге бірде-бір қала салынбаған. Ал қаланы кім салған? Не кім салдырған? Ендігі мәселе –осы сауалдардың түйінін тарқату. Өкінішке қарай, бұл сауалға әзір жауап табылмай келеді.

Гүлфайруз ҚАЙЫРҒАЛИЕВА, тарих-филология факультетінің деканы:

– Біз тарихшыларды даярлауға ден қойғанда, студенттерге Отан тарихын басымырақ оқытамыз. Дәл қазіргі кезде мектептегі тарихты оқыту әдістемесіне баса көңіл бөлуіміз қажет. Жоғары оқу орындарында мектептерге барып жұмыс жасайтын тарихшы-мұғалімдерді дайындау сапасы жақсаруы тиіс. Бұл –болашақ ұрпақтың тарихымызды терең тануы үшін қажет қадам. Біз өткен оқу жылында бітіріп шыққан түлектерді өздері барып жұмыс жасайтын ортасына бейімдеу, бізде дайындалатын кадрлар сапасын жақсарту мақсатымен Атырау қаласындағы үш мектеппен өзара іскерлік қарым-қатынас туралы келісімшартқа отырдық. Бұдан былай базалық мектептердегі тарихты оқыту әдістемесіндегі зертханалық сабақтарды барлық мектептерде жүргізуді көздеп отырмыз.

Жұмазия ЖҰМАБАЕВА, тарих ғылымдарының кандидаты.

– Тарихымызды түгендейміз, кейінгі ұрпақтың санасына терең сіңіреміз деген мәселе қозғалған тұста, қазақ тарихы, орта ғасыр тарихы тек орыс бодандығына кіргеннен бастап қана зерттелгеніне, ал оған дейінгі тарихы мүлде зерттелмегеніне көз жеткіздім. Қазіргі Қазақстан тарихының ежелгі және орта ғасыр кезеңі маңызды проблемаға айналмас үшін тереңірек зертеле түсуі қажет.

Әрине, тарихты тереңдете зерттеу, жазып шығу оп-оңай атқарылар шаруа емес. Тарихты зерделеу үшін деректерді жете зерттеу қажет. Дерексіз тарих жазылмайды. Тарихи шындықтың өзі деректермен дәйектеледі. Сол себептен, ұлт тарихының жаңаша шежіресін қалыптастыру үшін алдымен деректерді, сонан соң оқиғалар мен тарихи тұлғалардың еңбегін зерделеп алуымыз қажет. Мәселен, аңыз-әңгімелерді сол күйінде көрсете алмаймыз. Оны тарих ғылымында бар ғылыми әдістерді қолдану арқылы, әртүрлі лингвистикалық бағыт, тотальдық тарих, микротарих, археологиялық деректермен, сонымен бірге, отандық, шетелдік ғалымдардың айтқан пікірлерімен келтіре отырып жазуымыз керек. Мұның бәрі әрине, үлкен дайындықты талап етеді.

Жазып алған

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы

Түпнұсқа: Егемен Қазақстан 
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?