Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі

2504
Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі - e-history.kz
Мадени мураКеше Өскеменде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум басталды.

Мадени мураКеше Өскеменде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум басталды. Оның тұсаукесер алғашқы шарасы осыдан екі жыл бұрын өткен болатын. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы бірігіп ұйымдастырған форум жұмысына еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов және облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Түркия, Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея, Моңғолия сынды 12 шет мемлекеттің ресми өкілдері мен белгілі ғалымдары қатысты.

Мәртебелі меймандар алдымен халықаралық форум аясында ұйымдастырылған Алтайдың мыңжылдықтар тарихына қатысты құнды жәдігерлер көрмесімен танысты. Облыстық тарихи-өлкетану және өнер мұражайларының жәдігерлері қойылған көрме көпшілікті таң-тамаша қалдырды. Шілікті (б.з.д. VII – V ғғ.) және Берел қорғандары (б.з.д. І мыңжылдық) бейнеленген стендтер, қоладан жасалған орақ пен найзалардың ұштары (б.з.д. II мыңжылдық), Шілікті мәдениетіне жататын киім мен қорамсақтар әшекейлерінің галваникалық көшірмелері, Берел жылқысы (б.з.д. IV ғ.), Шығыс Қазақстандағы петроглифтер (б.з.д. ІІ – І мыңжылдық), сондай-ақ, түркі халықтарының музыкалық аспаптары, оның ішінде қобыз, шертер, дауылпаз, сырнай, сақпан, жетіген қойылған. Сонымен бірге, Алтайдың ғажайып табиғат әлемінің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, «Алтай-Ертіс кітапханасы» айдарымен жарық көрген көрнекті әдеби шығармалар да көрменің мазмұнын арттыра түсті.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ кітапханасы, Семей қаласының Абай атындағы әмбебап кітапханасы және Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық кітапханасының сирек кітаптар қорының көрмесі жұрт назарына ұсынылды. ШҚМУ кітапханасындағы ең көне туындылар қатарында 1883 жылы шыққан Букинның «Орыс-қазақ сөздігі», 1734 жылы жарық көрген Сапожниковтың «Пути по русскому Алтаю» кітаптары болса, Семей қаласының Абай атындағы кітапханасы түркі әлемінің деректі шежіресіне қатысты еңбектерді қойыпты. Оның ішінде IV Иванның Қазан хандығын жаулап алуы баяндалатын Херасковтың 1786 жылы жарыққа шыққан эпикалық туындысы бар. 1853 жылы жарық көрген «Ученые записки академии наук» жинағы Дешті Қыпшақтан бастап, Түркістанға дейінгі тарихи кезеңнен мол мағлұмат береді. Ағайынды Харузиндердің басты еңбектерінің бірі саналатын «Курганы Букеевские степи», Бартольдтың зерттеулері қамтылған көп томдығы да бейжай қалдырмайды. Сыр өңірінен келген кітапхана негізінен көне исламдық ағартушылық кітаптарды ұсыныпты. 1890 жылы Бұқарада жарық көрген Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани-Хикметі», 1303 жылы Бомбейден шыққан Қазы Абдулкәрімнің діни-философиялық түсіндірмесі, 1874 жылы қасиетті аяттары шөптің бояуымен жазылған Құран-Кәрім кітабы көрме аралаушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Меймандардың қатысуымен С.Аман­жолов атындағы ШҚМУ-да «Ал­тайтану» ғылыми орталығы ашылды.

Халықаралық форум аясында шымылдық түрген ғылыми-тәжірибелік конференцияны онлайн жүйесі арқылы өңірдегі қалалар мен аудандардың тұрғындары да тамашалады. Оны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жүргізіп отырды.

Форумға қатысушыларға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтау хат жолдаған екен. Елбасының бұл лебізін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жеткізді.

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумының халықаралық деңгейде екінші мәрте өткізілуі, сөйтіп, оның дәстүрге айнала бастағаны – ұлықтауға лайық ұлағатты іс.

Алтай өркениетінің жаңғыруын – түркі тегінің жаңаруы деп білемін. 

Біз жаһанданудың жағымды үрдістері мен жаңашыл өзгерістеріне қаншалықты мүдделі болсақ, бауырлас ұлттар ұсынар өміршең бастамаларға, игі мақсатты көздеген интеграциялық қадамдарға да соншалықты бейілміз.

Форум біздің ежелден қалыптасқан байланыстарымызды нығайта отырып, келешек қарым-қатынастарымызды айқындап, ата тарихымыздың бас­тауы – Алтайдан табылған рухани құндылықтарды игеруге мүмкіндік ашуы тиіс.

Нәтижесінде түркі халықтарының салт-дәстүрлері мен мәдениетінің алтын қазығы – номадтық өркениетті зерттеу арқылы тың тұрпаттағы тарихи еңбектер, тәлімді оқулықтар жазылады деп сенемін.

Түбі бір түркі жұрты үшін тағылымы мол бұл мәдени шараның мәнді өтуіне тілектестігімді білдіре отырып, форумға қатысушылардың жұмысына табыс тілеймін», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Сонымен қатар, Түркия Президенті Абдулла Гүл де аталған форумға ыстық ықыласын жолдапты. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов аталған құттықтауды оқып берді.

«Халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумы қымбатты бауырым, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Шығыс Қазақстанда өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Танымал тарихы ортақ болған түркі дүниесінің жүрек соғысы да бірдей болуы үшін осы іс-шараның тақырыбы мен мақсаты үлкен әсемпаздықпен белгіленген. Ортақ мәдени мұрамыз еш күмәнсіз жастарымызға қалдыратын ең қымбатты қазына. Осылайша, бүгінгі түркі дүниесінде «Алты мемлекет, бір ұлт» ұранымен және де өзара құрмет негізінде жүргізіп отырған бірлестігінің негізгі қозғаушы күшін ортақ мәдениетіміз бен құндылықтарымыз құрастырып отыр.

Біз осы негізде Түркі алқасы сияқты теңдесі жоқ бір ынтымақтастық үлгісін құрастырдық. Түркі тілінде сөйлейтін мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА), халықаралық Түркі мәдениет ұйымы (ТҮРКСОЙ), Түркі академиясы, Түркі мәдениет және мұра қоғамы мен Түркі іс алқасы сияқты құрылымдарда осы үлгіні қолдадық. Аталарымыздан бізге естелік болып қалған ортақ мұрамыз бізге барлық бас­тамаларымызда әрқашан нұр шашып тұрды, жолымызды жарықтандырды.

Атажұртымыз Орта Азия осы ортақ мәдениетіміздің және Түркі тұлғасының бесігі. Білге қаған, Юсуф Хас Хажиб және Қожа Ахмет Ясауи сияқты білімді де үлкен жүректі адамдарды жетілдірген, ұлттық санамызда терең қалыптастырған мемлекет.

Орта Азияның жері Алтай – түркі дүниесін құрайтын халықтардың орналасқан ортақ үйі. Қазақтар, қырғыздар, өзбектер, түркімендер, татарлар, әзербайжандар, түріктер, башқұрттар және ұйғырлар сияқты түркі халықтарының барлығының жолдары тарих бойынша міндетті түрде осы мәдениет үйінен өткен.

Халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» форумы түркі халықтарының тарихи тамырларымен жаңадан жолығуына себепші болатын өте маңызды іс-шара. Осы себеппен тілде, сенімде, тарихта, мәдениетте, құндылықтарда және одан да әдемі және одан да жарқын болашақ пікірінде ортақ болған халықтарымыз арасындағы көңіл байланыстары одан да мықты болады. Осылайша, достығымыз, бауырластығымыз, ынтымақтастығымыз арқасында келешекте туыстығымыз нығая берсін!», – делінген Абдулла Гүлдің құттықтау хатында.

Форумда Алтайдың түбі бір түркі өркениетінің алтын бесігі екендігі туралы ғылыми дәйекті тұжырымдамалар, өрісті ойлар кеңінен ортаға салынды. Бүгін сөз етіп отырған осы іс-шара жұмысы Катонқарағай ауданының Берел қорғаны жанындағы «Патшалар жазығында» өтетін дәстүрлі музыка фестивалімен жалғасады.

Думан АНАШ, журналист.

Түпнұсқа: Егемен Қазақстан
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?