Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ даласындағы алғашқы білім ордасы. Жәңгір мектебі

10055
Қазақ даласындағы алғашқы білім ордасы. Жәңгір мектебі - e-history.kz

Қазақ даласындағы тұңғыш білім ордасы яғни алғашқы училище Бөкей ордасында пайда болды. Халық арасында «Жәңгір мектебі» деген атаумен белгілі болған бұл білім ордасы 1841 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің бастамасымен ашылды.

Сондай-ақ, мектепті ұстап тұру шығындары мен мұғалімдердің жалақыларын хан Жәңгір өз қалтасынан төлеп отырған. Зерттеушілердің айтуынша, мектептің алғашқы ұстазы да өзі болыпты. Шәкірттерінен сынақты өзі қабылдап, барлық оқу процесін қадағалауында ұстайды. Жәңгір мектебінің  алғашқы ұзтазы деп есептелетін татар Садриддин Аминов шын мәнінде Жәңгір ханның мектеп ісі бойынша көмекшісі қызметін атқарған.

Зерттеу деректеріне қарасақ, Жәңгір ханның қазақ даласында мектеп салу мәселесін ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында-ақ ойластыра бастаған. Белгілі ғалым Қазыбай Бозымовтың деректерінде Жәңгірдің мектеп ашу ісін 1826 жылдың жазынан бастап жоспарлай бастаған. «Жәңгірдің мұндағы басты мақсаты - мектеп ашу арқылы қазақ балаларының Қазан университеті мен Орынбордағы Неплюев кадет корпусына, сол секілді Ресейдің басқа да жоғары оқу орындарына түсуіне жол ашу еді. Осы мақсатта көп жұмыстар атқарды. Алдымен бастауыш мектептері бар мешіттер салу мақсатында ел ішіндегі жағдайы бар азаматтарды қаржы бөлуге міндеттейтін арнайы жарлық шығарды. Патша сарайындағы лауазымды тұлғаларға, Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссенге Ордада қазақ балаларына арнап орыс тілінде білім беретін мектеп ашу қажеттігін дәлелдеп хаттар жазды. Жәңгірдің мектеп ашу жөніндегі арманы тек он бес жылдан кейін барып іске асты. Нәтижесінде 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласында қазақ балалары үшін тұңғыш мектеп ашылды», - дейді Қазыбай Бозымов.

1841жылы Жәңгірдің Ш.Нұралиевке жазған хатында былай деген:

«Сіздерді тиісті іждағаттарын және жақындары мен достарын, сонымен бірге барлық керек адамдардың ақылдарын тиісінше қолданасыздар деген сенімдімін. Егер ғылым қазіргі уақыттың өзінде қоғамға осыншама үлкен пайданы әкелсе, болашақта біздің немерелеріміз ғылым мен білімсіз жақсы өмір сүре алмайды. Бұдан былай сауатсыз және орыс тілін білмейтін адамдарды жуапты жұмыстарға белгілемейді. Қазақтар арасында емшілердің болуы бізге өте пайдалы және тиімді. Әр бір ынта, ақашалай қаражаттың әр бір шығыны жасөспрімдерді оқытуға кететін болса, онда ол болашақта жүз есе артық табыс әкеледі. Қаражатты ғылымның дамуына, игі идеяларға және халыққа адал қызмет етуіге жұмсағанымыз дұрыс болар еді».

Жәңгір мектебіне алғашында 9-22 жас аралығындағы 25 шәкірт қабылданады. Олардың екеуі Хан Жәңгірдің  ұлдары болатын. Шәкірттердің 18-і үйден келіп, жетеуі жатақханада жатып оқыпты. Мектепте діни дәріспен бірге орыс тілі, арифметика, тарих, жағрафия,  дінтану және шығыс тілдері  секілді негізгі ғылыми пәндер оқытылған. Қазан, Орынбор, Петербор, Астрахан (Әжітархан) қалаларынан білімді ұстаздар шақырылып, оларға хан толықтай жағдай жасаған.

Мектепте шекті аспаптар оркестрі, хор және бай кітапхана болған.

Бұл қазақ даласындағы еуропалық үлгі жабдықталған алғашқы мектеп болатын. Сондай-ақ, Орда ішінде алғашқы архив (мұрағат) пен алғашқы қазынашылық қызметі іске қосылған. Алғашқы музей мен алғашқы дәріхана да осы жерде ашылыпты. Аурухана мен мешіттер салынып, сот ісі, пошта қызметі құрылған. Айтпақшы, шөл далаға ағаш отырғызу яғни қазіргі «Жасыл ел» секілді жұмыстар алғаш осы Бөкей ордасында басталған.

Жәңгір мектебінен білім алып шыққан шәкіртердің арасынан ғалымдар, мұғалімдер мен дәрігерлер, өнер адамдары сондай-ақ заң қызметкерлері, агрономдар көп шыққан. Біразы Орынбор, Петербор, Саратов, Қазан, Омбы Ресейдегі түрлі жоғары оқу орындарына, әскери училищелерге оқуға түседі. Бір сөзбен айтқанда Жәңгір мектебі Орынбордағы Неплюев кадет корпусының дайындық курсына айналады. 845-1851 жылдарда осы кадет корпусын Бөкей ордасынан сегіз шәкірт оқып бітірген. Мәселен 1877 жылдан бастап Қазан университетінде білім ала бастады. Осы уақыттан бастап 1917 жылға дейін аталмыш университетте 33 адам курстан өтіпті. Олардың 20-сы оқуды сәтті аяқтаған. Тағы бір айта кетерлігі, шет елге оқуға кеткен шәкірттерге қазына есебінен арнайы стипендия төленіп тұрған.

Жәңгір мектебінің түлектері:

Осы мектептің тұңғыш түлектерінің бірі, ғалым-этнограф Мұхамед-Салық Бабажанов өз естелігінде ол туралы былайша еске алады: «Біз Жәңгір мектебінде тәрбиелендік. Бұрынғысынша ол қазір де кадет корпусы үшін даярлық класы іспетті саналады. Бір күні біз ханның алдына шақырылдық және оның бізден корпусқа түсуге деген ықыласымызды білгісі келетіндігі алдын ала ескертілді. Ханның үйінде біздің жасымызға лайықтап дастархан жайылған екен. Ол жылы қарсы алып, біздің ойымызды сұрай бастады. Үзіліс кезінде біріміздің алдымызға біріміз түсіп, өзіміздің ризалығымызды және оқуға баруға әзір екендігімізді білдірдік. Осыдан кейін ол бізге уыстап ұсақ күміс ақша үлестірді де қоя берді. Бұл 1845 жылдың басында болған еді»

Қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор Шәкір Жексенбаев те осы Жәңгір мектебінің түлегі.

Дәулеткерей Шығайұлы - атақты домбырашы, төкпе күйдің атасы.

 Шәңгерей Бөкеев – өз заманының сал-серісі атанған адам.

Мақаш (Мұхамбетжан) Бекмұхамедов - Орынбордағы Неплюев кадет корпусының түлегі, Бөкей хандығына қарасты округт әкімі, ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері.

Бақтыгерей Құлманов - Санкт-Петербордағы император университетінің шығыс факультетінің түлегі, Шығыс тілдері бойынша қазақтан шыққан тұңғыш ғылым кандидаты (1887 жылы).

Бөкей ордасының Қамыс-Самар бөлігін басқарған. Бірінші және екінші мемлекеттік Думаға Орда қазақтарынан депутат болып сайланған. Бөкей ордасындағы уақытша үкіметтің комиссары.

Ғұбайдолла Жәңгіров -  Жәңгір ханның кіші ұлы. Петербордағы императорлық паж корпусында оқыған, ұзақ жылдар әскери қызметте болған қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант.

Шет ел асып діни біліп алып келгендері де аз емес. Мәселен, жеті адам Стамбулдағы діни семинариясын бітіріпті. Солардың бірі - Алаш қайраткерлерінің бірі Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Мысыр қаласындағы университет бітірген. Сегіз тілді меңгерген дарын иесі.

Кейбір зерттеушілер Жәңгір мектебінен шыққан арыстардың арасынан Асан Тайманов бастаған жиырмадан астам академик шыққанын айтады.

Жәңгір хан өмірден өткенімен бастаған ұлы жобасы аяқсыз қалмады. Уақыт өткен сайын арнасы кеңея берді. 1849 жылы Орал облысында 44 болыстық қазақ-орыс мектебі жұмыс істепті. Оқушылардың жалпы саны 20 мыңға жеткен. Оның жетеуі «Жәңгір мектебінің» негізінде жаңадан ашылды.

1879-1880 оқу жылында «Жәңгір мектебі» аты өзгертілмей, халық ағарту министрлігінің қарамағына өтіп, екі сыныптық ауылдық училище болып қайта құрылды.

1895 жылы «Жәңгір мектебінің» негізінде ашылған мектептердің саны 14-ке жетті.

Орда мектептеріне бақылау мен басшылықты одан әрі жақсарту мақсатында оқу ісі инспекциясы құрылады.

1883 жылы Ордада, қазақ даласында тұңғыш рет қазақ қыздарына арналған бастауыш училищенің ашылады. Оған Жәңгір мектебінің түлегі Хұсни-Жамал Нұрлыханова басшылық еткен. Бұл қыздар мектебінен шыққан түлектер арасынан Аққағаз Досанова, Алма Оразбаева, тұңғыш металлургия инженері Мәдина Бегәлиева, тұңғыш жоғары білімді дәрігер Мүбина Ниязова сынды қайраткерлер болды.

1905 жылы осы екі сыныптық мектеп төрт сыныптық (қазіргі жүйе бойынша 9 сыныптық білім беретін) қалалық мектепке айналып, жанынан мұғалімдер даярлайтын педагогикалық курс ашылады.

Жәңгір мектебі 1930-1935 жылдары колхозшы жастар мектебі болып өзгертілсе, 1936-1939 жылдары орталау мектеп болып, 1936 жылы бұл мектепке Максим Горький аты берілді. 1991 жылдан бастап Орда орта мектебі деп аталды. Тек 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап Жәңгір хан атындағы жалпы білім беретін орта мектеп деп аталды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?