Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұстафа Шоқайдың бейітін көшіру аруағына және тарихи саяси мұрасына қиянат

2700
Мұстафа Шоқайдың бейітін көшіру аруағына және тарихи саяси мұрасына қиянат - e-history.kz

2020 жылы, 8 қаңтар күні Алаштанушы белгілі тарихшы ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі профессор Мәмбет Қойгелдінің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хаты жарияланды. Онда ол Президентке өтініш айтып Алаш қозғалысының алдыңғы қатардағы мемлекет қайреткері, тәуелсіздік күрескері Мұстафа Шоқайдың Германия астанасы Берлин қаласындағы бейітін елге әкелуге көмек беруін сұрайды.

Бұл сырттай үстірт қарағанда дұрыс, орнында бір өтініш болып көрінеді. Бірақ ақылға салып терең ойлағанда Қазақстанның тәуелсіздік тарихының бір парағын өшіруге қызмет ететін жаңсақ бір қимыл болатыны байқалады.

Академик Қойгелдіден бұрын 1990 жылдардың аяғында, ол кезде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрген белгілі жазушы Қалдарбек Найманбаев марқұм да осындай мәселе көтерген еді. Ол кезде де мұның қателік болатынын айтып түсіндірген едік.

Мұстафа Шоқайды Берлиндегі бейітінен көшірмеу керек дейтініміздің себептерін атап өтер болсақ, ең бастысы, сонау Қазақстанда туып өскен бір мемлекет қайраткерінің тек Қазақстан емес, бүкіл Түркістанның тәуелсіздігі жолында күресіп жүріп елінен қаншама мың шақырым жердегі Берлинде шәйіт болып сонда жерленген болуының сондағы халықтарға ой саларлық құбылыс екенін ұмытпайық. Қазақ халқының аяулысының бейіті неге Берлинде деген сұрақ көптеген Еуропалықты ойландырмай қоймайды. Біз егер оның Еуропаның ең дамыған елі Германияның төрінде тұрған бейітін қопарып елге әкелетін болсақ, бұл мүмкіншіліктен жұрдай боламыз.

Мұстафа Шоқай

Өйткені Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған тұста, 1990 жылдарда кейбір батыстық тарихшылар жазған мақалаларында “Қазақтар артта қалған халық. Олар тәуелсіздік деген қасиетті ұғымның өзі түгіл, исін де білмейді. Сондықтан егер Кеңес Одағының шаңырағы өздігінен опырылып ортасына құлап түспегенде, олар қарны тоқ, көйлегі көк болса болды, тәуелсіздік алу мәнгі естеріне келмей бодан болып жүре берер еді” деп тұжырым жасаған еді. Яғни, олардың пікірінше, кеңестік кезең бойынша қазақтар тәуелсіздік алу үшін ешқандай күрес жүргізбеген. Сөйтіп олар қаперсіз жүргенде Кеңес Одағы өздігінен құлаған да, олар тәуелсіз ел болып шыға келген. Тіпті бір ғалым ағылшын тілінде жазған мақаласының тақырыбын “олар катапультамен тәуелсіздікке лақтырылды” деп қойған.

Шындық солай ма? Әрине емес. Кеңестік патшалық кезден қазақ халқы 1986 жылғы қазақ жастарының көтерілісіне дейін сан рет тәуелсіздік үшін күреске шыққан, қаншама ерлері осы орайда құрбан болған. Міне осылардың ішінде ең көрнектілерінден бірі Мұстафа Шоқай еді. Мұстафа Шоқайдың Берлиндегі бейітінің өзі жоғарыдағыдай жаңсақ тұжырым айтқан Еуропалық ғалымдардың айтқандарын теріске шығаруға жеткілікті.

Койгелді өтініш хатында “Өкінішке қарай, еліміздегі жас ұрпақ Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсынұлының және басқа халқымыздың асыл азаматтарының мәйтінің қайда қалғанын да білмейді. Басқа халықтар сияқты жастарымыз басына барып, ішкі сырын ақтарып қайтатын “Ата бейітіміз” де жоқ” деп Шоқайдың бейітін Қазақстанға әкеліп “Ата бейіт” жасау ойын айтады. Неге “Ата бейіт” жоқ. Тіпті бүкіл түркілердің атасы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесі Түркістанда. Онан артық “Ата бейіт”ті қайдан табасыз. Бірақ солай болса да, Алаш қайраткерлерінің де бейіті болса екен деп армандаса, оның да мүмкіншілігі бар. Ислам діні ардақтаған тұлғалардың екінші бейіттерін жасауға қарсы емес. Мисал үшін түріктер өздері ардақтап пір тұтқан Қожа Ахмет Яссауи бабамызға арнап екі үш жерде Анатолия жерінде бейіт ашқан. Түріктер мұндай жасанды бейіттерге “мақам” деп ат қояды. Осындай мақамдарда олардың аруақтарына Құран оқиды. Міне осындай мақам бейіттерді, керек болса, тек Шоқай үшін емес, бүкіл Алаш қайраткерлеріне ашуға болады.

Найманбаев ағамыз да 1990 жылдарда Мұстафа Шоқай бейітін елге әкелу туралы пікірінде алыста Германияда жатқан бейіттің күннің күнінде жоғалып кететініне алаңдайтынын, сондықтан елге әкелу керектігін айтқан еді. Бұл да дұрыс емес. Кеңес Одағының қылышынан қан тамып Шоқайды “халық жауы”, “фашисттермен біргестескен сатқын” деп жала жауып туған халқына құбыжық етіп көрсеткен, сондықтан анда санда туристік сапармен Берлинге ат басын бұрған қазақтардың өзі бейітке барудан қашқақтап тұрған тұста жоғалмай бүгінге сақталып келген бейіт Қазақстан тәуелсіздік алып халықралық қауымдастықта зор беделге ие болып Берлинде елшілік ашып отырған тұста жоғала ма екен?!

Оның үстіне біз 2000 жылдарда Берлинде Шоқай бейітіне барған тұста бейіттің ішінде орналасқан мешіттің азаншысы осы бейітте жатқан марқұмдардың ішінде ең көрнекті тұлғанын Шоқай екенін, оны көздерінің қарашығындай қорғап қарап отырғандарын жеткізген еді.

Ислам дінінің тағы бір қағидасы шәйіттерді, шәйіт болған жеріндегі бейіттерінен қозғамау керектігін айтады. Яғни, Шоқайдың бейітін көшірмей Берлінде сақтау дін жағынан алғанда да дұрыс. Сонсон Шоқайдың бейіті өте әдемі жерде. Біріншіден Еуропанын төрінде Берлин қаласында орналасқан. Екіншіден бұл бейіт кезінде неміс үкіметі тарапынан Осман патшалығына сыйға тартылған жер екен. Сондықтан ол бейіт “Түрік шәйіттігі” деп аталады. Яғни мұсылман бейіті. Және ішінде екі мұнарасы бар әдемі мешіт те орналасқан. Яғни тіршілігінде ұлтына деген ұлы қызметіне сай аяулы мемлекет қайраткері қасийетті бір зиратта жатыр. Мұндай екінші бейітті бүкіл Еуропаны шарласаныз таба алмайсыздыр. Егер кім де кім Шоқайды осындай материалдық та, руһани да аса көрнекті жерде жатқан бейітінен жұрдай ететін болса, олардың Шоқайдың аруағының қарғысына қалары хақ.

Иә, Шоқай Құдайға жаққан тұлға. Өйткені Ислам діні “халыққа қызмет Хаққа, яғни Құдайға қызмет” дейді. Ұлтына қызмет етіп жаққан ол әрине Құдайға да жаққан. Тіпті біз мұның бір ишарасын 2009 жылы Берлинге бейітке барғанда ондағы мешіттің күтушісінден естідік. Сонда мешіттің күтушісі таң азанында мешітті ашып, түнде жауып жүрген Кәрім Чичек дейтін кария Шоқайдың отаны үшін жанын құрбан қылған шын шәйіт екенін растайтынын атап өтті. Ол, бір күні ораза айында таң сәріде мешітке келіп терезесін ашыпты. Сонда терезеден ауладағы зиратта Шоқайдың бейітінен нұр көрген. Алдымен оның фонардың жарығы, біреу ұмытып кеткен екен деп алайын деп бейітке жақындағанын, бірақ жақындаған уақытта сол нұр – сәуленің жоғалып кеткен. Қадыр түніне дейін үш рет бұл уақиға қайталанған. Бұл уақиға бізге Шоқайдың тек халқы алдында емес, Құдай алдында құрметті орында екенін аңғартса керек. Біз Шоқай танушы болғандықтан, зерттеу қаһарманын мақтап әсірелеп жатыр деп ойлап ел сенбейді деген оймен әлгі кісінің сөздерін камераға алып Youtube салдық.Осы жерден тамашалауыңызға болады..

Рас академик Койгелді айтқандай,  1996 жылы Түркия Тәжікстан жерінде Басмашылармен бірігіп Большевиктерге қарыс күресіп жүріп шәйіт болып сонда жерленген Әнуар пашаның сүйегін Ыстамбұлға әкеліп жерледі. Ыстамбұлдағы қайта жерлеу рәсіміне мен де қатысқан едім. Бірақ соны істегендер бүгін өкініп жүр. Бекерге көшіріппіз, ол сонда қалу керек дейді. Неге? Өйткені, Ыстамбұлдағы Әнуар пашаның бейітін елеп оның басында айда жылда барып Құран оқып жүргендер көп байқалмайды. Егер бейіт сонда қалғанда түрік азаматтарының кезінде Түркістандағы қардашларына жан қиярлықпен көмек бергененін естелігі, ескерткіші ретінде сонда тұрар еді. Түркістандықтар мен Түркиялықтарды туыстығы мен достығының символына да айналар еді.

Сөз соңында айтарымыз, аяулы мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың Берлиндегі бейітін көшіру ұлы тұлғаға және оның тарихи саяси мұрасында қиянат болып табылады. Сондықтан орнында сақтауымыз дұрыс.

Бұл қайта Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени және достық байланыстарды нығайтудың тетіктерінің біріне айналады. Өйткені Германия да, Шоқай да Гитлердің озбыр саясаттарынан зардап шекті, құрбан болды. Сондықтан да бейітті көшірудің орнына осы бейітке байланысты Берлинде бір көшеге, бір саябаққа Шоқайдың атын беруге неміс үкіметіне тілек білдіруге болады. Мәселен Парижде тұрған үйлерінің болуына байланысты онда саябақтардың біріне Шоқай атынын берілгенін естеріңге сала кетейік.

Оның сыртында ең негізгісі біз Мұстафа Шоқайдың тарихи тұлғасын қалпына келтіретін жұмыстарға күш жұмсайық. Мұстафа Шоқайға елінің тәуелсіздігін алуға күрескені үшін Кеңестік саясаттың оған “сатқын” деп жала жапқан үгіт-насихатына әлі де болса сеніп жүрген Қазақстан азаматтары баршылық. Сондықтан да Қазақстанда бір де бір үлкен көшеге Шоқайдың аты берілмей келе жатыр. Туған жері Қызылордадан басқа жерде, әсіресе елордасы Нұр-Сұлтан немесе Алматыда бір ескерткіші қойылған жоқ. Сонда тәуелсіз Қазақстанның өзінің тәуелсіздігі жолында ұлы күрес жүргізген мемлекет қайраткеріне көрсеткен құрметі, опасы қайда?

Егер мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазатын болсам, 2021 жылын Мұстафа Шоқайдың 130 жылдығы болуына байланысты Шоқай жылы деп жариялап онын тарихи тұлғасын, ұлттық келбетін қалпына келтіретін іс-шараларға қолдау көрсетуін сұрар едім.

Құжаттарда Мұстафа Шоқайдың туған жылы 1890 жылы, 25 желтоқсан күні деп жазылған. Бірақ, өздеріңізге белгілі жәйт, Патшалық Ресейдің календары бүгінгі қалендардан 13 күн артта болатын. Бұл сәйкессіздік Кеңес Одағы кезінде түзетілген. Сондықтан Мұстафа Шоқайдың нақ туған күні, бүгін біз қолданып жүрген календарь бойынша, 1891 жылы, 7 қаңтар болып келеді. Сол себепті 2021 жылы оның туғанына дәл 130 жыл, Қазақстан тәуелсіздігіне де 30 толады. Сонда тәуелсіздіктің де 30 жылдығы мәнді де баянды түрде өтетін болады.

Әбдіуақап Қара

Тарих ғылымдарының докторы,
Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?