Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаштың бес мұраты

2906
Алаштың бес мұраты - e-history.kz

 

Ұлт азаттығы жолында бір идея айналасында топталған Алаш қайраткерлерінің негізгі мақсаттары - озық үлгідегі Қазақ мемлекетін құру еді. Осы мақсатта олар Алаш атты партия құрып, арнайы бағдарлама жасады. Оның негізгі ұстанымдары мыналар еді:

Біріншіден – Ресей империя емес демократиялық құндылықтарға негізделген феде­ра­тивтік республика болуы керек. Оның құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз түрде әрекет етеді.

Екіншіден – Ресей республикасында тең құқықтық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар ерікті болады.

Үшіншіден – дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең құқылы.

Төртіншіден – билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажет, би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі шарт деп есептеді.

Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары Алаш орда үкіметі болашақта осы ұстанымдар негізінде яғни тәуелсіз, дербес ел ретінде дамиды деп сенді. Ол үшін Алаштың негізгі идеясы мынадай бес тұжырымға негізделуі тиіс болды:

 Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы тиіс. Жерсіз – отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі тиіс. Жер – отан. Жерді сатқан отанды сатқанмен бірдей. Осы жердің бір қадамын басса, ең бірінші сол ұлттың өкілі басуы тиіс. Ал өзінен асып жатса – ғылым мен техниканы игерген соң қазақ өз еркімен береді.

Екінші мұраты – Алаштың жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Яғни, Бөкейхановтың сөзімен айтсақ: Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс болды.

Үшінші ұстанымы – Ә. Бөкейханның жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған.

Алаштың төртінші мұраты – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттардан қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Яғни бұл идеологиялық ұстаным болатын.

Ал, бесінші әрі ең негізгі ұстанымы  - ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құру болды.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?