Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жер киесі - Жидебай

3580
Жер киесі - Жидебай  - e-history.kz
Жидебай – жердің киесі! Ұлылар туған өлке, қасиетті топырақ. Бұл жерде туып өсіп, суын ішіп, топырағын басқандар тегін адам болмайды. Егер ондай жан Абайды толық танып-білген болса...

Экспедицияның екінші таңы осылайша Қарауылда атты. Қонақ үйден мерзімінде шыққан жасы егделеу, үлкен кісілердің түнімен ұйықтамай, жарқанатша жарбиған жастарды біраз күтуіне тура келді. Бәрі жиылып болған соң, аудан орталығындағы Абай ескерткішіне барып, түсірілімге қатысты. Бұл Абай ескерткіші Алматыдағы Хакімжан Наурызбаев туындысынан кейінгі көңілге қонған, жұрт айта жүретіндей, тұлғаның шынайы бейнесіне біртабан жақындаған сүбелі дүниеге айналыпты.

Ескерткіш маңында біз әрнені сөз етіп тұрғанда сыртымыздан көбелекше қалықтап дрон жүрді: титімдей құрал тек бізді емес, мұқым Қарауылды да тұтас нысанасына алып, аймақты түгел шолып шықты. Қара көрсетер  қырғидай жабдық көзжиекке сіңгенде көбелектей, көз ұшынан жоғалғанда шіркей сынды ғайыптанып қайта табылады. Дрон ұшырған дүр жігіт Есболдың әрекетінде қапы жоқ, ол жол бойында экспедиция мүшелерінің наразылықтарына қарамастан, өз жұмысын мүлтіксіз атқарып жүр.

Таңғы оразамызды біз киелі жер Жидебайдың өз басынан аштық. Әлі ашыла қоймаған дәмхананы аяғынан тік тұрғызып қойып жүгірткен Аслан бауырымыз ас-су мен су-суанға жауапты. Ол арыз-шағым мен өтініштерді екі етпей қарайды делінген. Үйдегі екі баланың тамақ ішісі қандай, әр түрлі мінезге ие, қалып-болмысы бөлек, жасы бар, жасамысы бар әр қилы он сегіз адамның ас бабын табу оңай емес-ау. Бұл жағынан артық сөз айттырып көрмеген, керісінше жұрт алғысына бөленіп келе жатқан Нұртөлеудің Асланы сыннан сүрінбей, міннен мүдірмей өтіп тұр.

Ішке ел қонған соң, біз Жидебайдағы ұлы ақынның музей-үйіне қарай аяңдадық. Кейіннен музейге айналған бұл қыстаудың тарихын Абай өмірінің соңғы кезеңімен байланыстыру тым келтелік болар еді, жас Абайдың бал дәурен балалық шағы да осы Жидебай мен көз ұшында сағымдай көлкіген Көлқайнар көлі, Бауыр қорығында өткен. Бұл жерді ұлы шешесі Зере мен өз анасы Ұлжан ауылы жайлаған. Шөбі шүйгін, суы мол, малға жайлы Жидебай жері – жаз жайлауға оңай шығуға, қиналмай жетуге қолайлы қоныс. Ширек ғасырдан астам уақыт өткенде жасы келген Абай Жидебайды өзіне қоныс қылумен қазіргі музей-үйдің тарихы басталады. Ақын көптеген тамаша шығармаларын осы мекенде дүниеге әкелгенімен байланысты Жидебай – қазақ поэзиясының Меккесі аталатыны сондықтан.

1890 жылдардан соң Абайдың ақындық шабыты тіпті шалқып өрістеді. Сезім оты үрлеп, бойын билеп, ақындық дарыны асқақтағанда қолына қалам алған ол өлеңнің не түрін тудырғанынан бөлек ағартушылық ақыл-ой, сын пікір мен көзқарас қалыптары тұрмыс-тіршілікте де жалғасын тауып жатыпты.

Абай Жидебайда қала үлгісіне сай етіп жарық, ауасы кең, үлкен үй салдыртады. Біз барғанда көрген ақынның музей-үйі кейінгі кезеңдерде күрделі жөндеуден өткені болмаса, Абай жобалаған сол бастапқы үлгіде толық сақталған екен.

Міне, ұлы ақынның музей-үйін экспедиция мүшелеріне таныстыру басталып кетті. Кіреберістің сол жақ қабырғасында Абайдың ата тегі Олжайдан бастап бедерленіп жазылған, музей гиді ақын шежіресін тарқата бастағаны сол, арамыздағы бір профессор ағамыз «Абай арғын ба, қыпшақ па?» деп шалқадан түсіре жаздады. Экскурсовод маман еш саспады, мүдірмей жауап беріп тұр. Ақын үйінің ас бөлмесінен бастап, соңғы шошаласына дейінгі, ұстаған үш ішекті домбырасы мен протез тісіне дейінгі жәдігерлермен асықпай таныса жүріп, негізгі жайттарға әбден қанықтық. «Мың рет естігенше бір рет көрген артық» деген қазақ нақылы орынсыз айтылмаған екен.

Абай музей-үйі ас бөлме, жатын бөлме, жұмыс кабинеті, қонақ бөлмесі дегендей, 5-6 бөлмеден тұрады. Үй іші түрлі жиһаздарға толы және олардың барлығы да сонау Абай заманының куәсіндей көрініс береді. Тіпті Абай шығармашылықпен айналысатын бөлме де бастапқы қалпын сақтаған, Жидебайдың шығыс жағына көз тастап қарайтын Абайдың жұмыс үстелі терезенің тұсына орналастырылған. Ақын отырған қоңыр орындық түпнұсқасы болмаса да, соған сай, дәлме-дәл етіп жасалған. Экспедицияның әр мүшесі осы, Абай отырған орынтаққа отырып, үстеліне қонып, суретке түсіп үлгеріп жатты.

Келімді-кетімді кісі көп Абай үйінің ет сақтауға және қазан-ошаққа арналған арнаулы орындары бөлек тұр. Аулада Абай мінген пәуеске арба шыны ішіне қаңтарылған күйде.  

Музей үйінен шығарда сатылатын кәдесыйлардан ұнатқан заттарды алып болған соң, жетпісінші жылдардағы Ғабит пен Сәбит ұлылардың фотосуреттерінен белгілі Абайдың үлкен бюстіне армансыз фотосуретке түсіп алдық.

Енді біз демімізді ішке тартып, ұлы ақынның денесі мәңгілік тыныс тапқан Жидебайға қарай қадам бастық. Үй мен алып кешеннің арасы бір шақырымнан астам жерді жаяулап жүріп өту парыз сияқтанды. Экспедиция бір топ-топ болып шоғырланып сайын даладағы ақ кемеге әңгімелесіп барады.

Жидебай жеріне бұрын келгендер біледі, музей-үйден көбірек асып, зиратқа жақын жерде Құнанбай әулетіне жататын белгілі адамдардың зираты жатыр. Қырдың алқызыл, қара, қоңырқай тастарынан өріп жасалған өзгешелеу зиратта алаштан шаққан ақылман әйел Зере мен Ұлжан, Құнанбайдың тұңғышы Құдайберді жерленген, одан сәл төменіректе әулетке сыйлы адам, Құнанбай балаларына әліпті таяқ деп үйреткен Ғабитхан молда жатыр.

Есімі аталған кісілердің неліктен бір жерге жерленгені жайлы деректер абайтанушы Асан Омаровтың «Абайдың ашылмаған қырлары» кітабынан белгілі: «Құдайберді 37 жасында қайтыс болғанда Зере әже: «Менің алғашқы сүйген немерем еді. Барып тұруыма жеңіл болсын» деп сүйегін қыстауға жақын жерге қойдырған екен. Кейін өзі дүние саларда: «Құдайберді жас кетті. Оны жұрт тез ұмытады. Мені Құдайбердінің жанына қойыңдар. Маған келген адамдар Құдайбердіні де еске алсын» депті (мұны жақсы әженің даналығы демей көр). Зеренің тәрбиесін көп көрген Ұлжан анамыз дәмі таусыларда: «Келін ененің топырағынан, енемнің жанына жерлеңдер» депті».

Абайдың екі шешесі мен ағасына және ұстазына өзіміз білетін Құран сүрелерінен бір-екеуін қайырып, дұға тілеп, орнымыздан тұрдық.

Әркімде өзі білетін бір ой, өзі білетін бір сезім. «Абай жолындағы» кейіпкерлердің адамдық қалпы мен болмыс-бітімі көз алдымызға келіп, ой-санамызда жаңғыра бастады. Қаладан ауылға қайтқан бала шәкірт ата-анасын сағынғаны сондай, шешелерінің құшағына енеді ғой, кейін әке бауырына бас қояды. Құдайберді көп суреттелмесе де, оның ара-кідік айтылып қалуынан-ақ тұлғаның өмірден ерте кеткенін аңғартады. Ал Ғабитхан молдаға, жалпы молда, қожа ұрпағына Құнанбайдың ықыласы алабөтен. Біз осы кісілердің басына келіп тұрып, олардың негізі бейітінің сақталған жалғыз қабырғасын да айнала қарап шығып, ұлы ақынның өзінің бейітіне қарай қозғалдық.

Көз алдымызда ақ кеме... Сарыарқадай сайын даланы айдындай ескен ақ кеме.

Ақ кемені жасаған Сайын аға. Сайын дала – Сайын аға. Жидебай төсіндегі Маңғыстау бөлшектері, ақ мәрмәр тастары.

Мәрмәр тастар мақтадай аппақ болып көрінуге тиісті еді, жел мен жауын шайғандықтан ба, ақ түсіміз сарғыш тартыпты.

Жидебайдай жер киесін, Абайдай ел иесінің басын көру бүгінге бұйырыпты.

Мемориалды кешеннің алдында экспедиция мүшелерін «Жидебай-Бөрілі» мемориалды-музейінің қызметкері Нұржан Байтөс қарсы алып, жол бастады.

Абай-Шәкерім кесенесі 1995 жылдың 10-11 тамызында ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталған дүбірлі күндерде ашылғаны баршамызға белгілі жайт. Нұржан кешенге кіргенге дейін 5 минуттай уақыт ішінде бізге өзгеше бітімді зираттың салыну тарихымен таныстыра келіп, құрылыс-бөліктерінің жөн-жобасын анықтап, зиратта мәңгілік дамылдап жатқан арыстардың аруағына тағзым етіп, дұға тілеп келетін ағайынның үзілмегенін айтты.

Иә, сәт! Сөйткенше болмай біздің табанымыз қасиетті жердің табалдырығынан аттап, маңдайымыз есіктен енді. Арнайы дайындалған топырақ салу рәсімін өткердік, ұлы Мұхаң әзірлеп жаздырған тас белгіні тамашалап алып, орталық алаңға қарай ойыстық. Мұнда Колизей мұнарасындағыдай ежелгі театр үлгісі алдымыздан шықты. Жылда Абайдың туған күнінде еліміздің жер-жерінен балғын жасөспірімдер ақын өлеңдерін оқып, нақылына бойлап, жарыстарға қатысады екен. Тепкішектер арқылы жоғары көтеріліп алып кеменің ортаңғы бөлігіне шығып, ұлылар тербеген ортада шаң құрлы дәнемеге ұқсадық-ау.

«Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім алып шынар құлады. Өмірден Абай өтті». Мұхтар Әуезов қаламынан шыққан соңғы парақтардың демі біздің ішімізде де сезіліп, тыныс алуымыз ауырлай түскендей ме, қалай?!

Абай жатқан кесененің табалдырығын іштей біссімілла деп айтып, бойымыздан әлсін-әлсін қобалжу білініп, ұлы тағдырға мінәжат еткендей еңсеміз түсіңкі қалпында табалдырықты аттадық. Іші алакөбең, салқындау күмбезді зиратта Абаймен қатар Оспан жатыр.

Ақынның өзі «Жан біткенге жалынбай, Жақсы өліпсің, япырмай!» деп күңіренетін сүйікті інісі, жан бауыры Оспан ертерек 1891 жылы тосыннан өмірден өтсе, жаңа ғасырдың төртінші жылында өмірден озған Абайды алғашында Ақшоқыдағы ата зиратына апарып қоймақшы болған деседі. Маусым айының аяғы, күн ыстық, тақау жерге жерлеуден басқа амал қалмағандықтан, жүз шақты қаралы жұрт Жидебайдағы Оспан зиратына қою керек деп шешеді. Осылайша неше мың кісіден басы асып тұратын білекті Оспан мен неше жұрттан алапаты асқан білімді Абай қатар дамылдаған.

Біздің арамыздан құран сүрелерін жақсы білетін және оны нәшіне келтіре әуезді оқи алатын Елдос Тоқтарбай жиенім күмбез ішін күмбірлете құран оқып, дұға тіледі. Ол оқыған сүрелер лебі қабір үстіне түсетін сәулемен бірге өріліп, көкке көтеріліп бара жатқандай әсер қалдырды. Жалғыз ғана саңылау, жалғыз-жарым сүре-аят пен мұқым экспедиция құранның әуезді үніне ұйып, іштей тілектер тілеп, бет сипап, орнымыздан түрегелдік.

Абайға мінәжат – қазаққа мінәжат, өткен тарихтан тағылым, келешекке бағдар. Абайға бас қою – қазақтыққа бас қою, жамандықтардан арылу, жақсылыққа шақыру. Абайға тағзым – адамдыққа тағзым, адалдыққа ұю. Күллі қазақ халқының ой-санасын, ақыл, сезімін жаңа биікке көтерген ұлы Абай – мәңгілік символ.

«Абайдың ізі – қазақтың ізі, біздің ізіміз. Біз, міне, басыңызда тұрмыз, Абай ата, Абай баба! Өзіңізге келдік! Өзіңізді іздеп келдік! Өзіңізді сағынып келдік, аңсап жеттік! Қабыл аласыз ба, құшағыңызға қысасыз ба, бауырыңызға басасыз ба, әулие атам!»

Кесенеден шыққан кездегі ойлар басымызды мең-зең етіп, есеңгіретіп тұр.

Үлкен күмбезден соң біздің тобымыз кіші күмбезге қарай аяқ басты. екі ортада ақ малта тастардың көптігінен, кеме палубасындай аралық ақ теңіздей жарқырап жатушы еді, сірә, тәу етуші ағайын ақ тасты теріп алып кеткеннен әлгі жер қарақошқыл, айтақыр жерге айналыпты.

Шәкерім мен ұлы Ахаттың басында да мәрмәр тас. Екі рет тумақ та жоқ, өлмек те жоқ. Шәкерім ғұмырында 1931 жылдың суық күзінде бір рет өлтірілсе, 1959 жылы ақтатпай, құрқұдықта қалған қастерлі денесін аршып алмай, таудың таза бұлағындай мөлдір мұрасына тыйым салып, екінші рет өлімге байлайды. Үшінші реткі 1988 жылғы ақтауда да адал басы әрең ағарған тағдырлы тұлға ғой! Экспедицияның есті жігіттері оқыған құран  сауаптары атаңа нәлет жауыз үштіктің қорғасын оғынан опат болған оғландардың барлығына арналғанымен, ең негізгі өзегі Шәкерім бабамызға арналғаны анық. Әке сүйегін қырық жылдан соң өз қолымен қазып алып, қайта жерлеген Ахаттың өнеге толы еңбегі де, ерлігі де ұрпақ жадынан өшпейді.

Жидебай – жердің киесі! Ұлылар туған өлке, қасиетті топырақ. Бұл жерде туып өсіп, суын ішіп, топырағын басқандар тегін адам болмайды. Егер ондай жан Абайды толық танып-білген болса...

Абайдың ізімен жүріп, оны тану – бізге мұрат. Біз қайтар жолда Алмахан апайдың айтуындағы Құнанбай құдығына соға алдық. Шын мәнінде құдық тас жолдың теріскей бетінде екен, оны кейінгі кезде біреулер арғы бетке көшіріп, қолдан құрап, жаңа құдық жасап қойыпты. Ескерусіз, ел көзінен тасадағы Құнанбайдың шын құдығын дала жаңбырының сеуіп өткеніне қарамастан, жақыннан барып тамашалай алдық. Әттең-ай, құдыққа да жан бітіріп, су ішіп, шөл басатындай етіп қойғанда ғой. Қаһарлы қайраткердің дәмін алып келгендей сезініп қаларымыз рас-ау.

Құдығы айтылған жерде Құнанбай бабамыздың өзі айтылмауы мүмкін бе!

Асфальтта өскен қаланың ақсаусақ балаларындай ақ сүйрік Sprinter-імізге мініп, Ақшоқыға бет түзедік.

Фотосуреттерді түсірген Алтай ШОЛТЫҚ.
 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?