Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көкшетау кереметтері

6368
Көкшетау кереметтері - e-history.kz
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы атанған Көкше өңірінің көрікті жерлері көп-ақ

Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Оқжетпес шыңы, құпияға толы Жұмбақтас жартасы секілді ғажайып орындары еліміз ғана емес алыс-жақын елдерден келетін туристерден бір босап көрген емес.  Сонымен қатар, Қосбатыр Құмай археологиялық-этнографиялық кешені,  Батығай кесенесі,  Қабанбай батыр қорым-кесенесі, Беспақыр мазары, Олжабай батырдың қабірі, Баубек батыр және Науан Хазірет кесенесі секілді киелі орындар да көп. Бұлардың барлығы да «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында (Ақмола-Көкшетау өңірі бойынша) киелі орындар тізіміне енгізіліп отыр.

Абылай хан алаңы

Зерттеушілердің айтуынша, бұл жерде қазақ халқының тікелей болашағына қатысты тағдырлы шешімдер қабылданып отырған. Бүгінде Абылай хан стелласы аталатын биік мұнарадан небары 120 метр жерде гранит тасынан жасалған тағы орналасқан. Көкше тауының бөктеріндегі бұл тақты жергілікті тұрғындар киелі жер деп есептейді. Себебі, бұл жерде расында да тақ болған екен.  Абылай хан сол тақта отырып үлкен жиындарға басшылық жасаған, өз кесімін шығарып, бұйрықтарын бекіткен. «Абылай ханның алаңы» деп аталатын бұл жерден төңірек расында да алақандағыдай болып көрінеді. Бір ғажабы алаңдағы барлық дауыстар өте алысқа, әрі анық естіледі.

Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл маңайда кезінде Абылайдың атымен байланысты екі алаң болғанға ұқсайды.  Олар «Үлкен алаң»  және «кіші алаң» деп аталған. Сонымен қатар, бұл маңайда «Ханның қызыл ағашы», «Ханкөл», «Төре Қызыл ағашы», «Қымызнай», «Оразбұлағы», «Аталықтың ауылы», «Қара қыстақ», «Жұмақай қыстау», «Текекөл», «Жайнақкөл»  секілді тікелей Абылай атына қатысты көптеген тарихи мекендер бар.

Кенесары үңгірі

Халық арасында «Кенесары үңгірі» деп аталатын бұл үңгір Бурабай көлінен оңтүстік-батысқа қарай 0,5 км жерде, Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан. Аласа шоқының үстінде орналасқан бұл үңгір Көкшетау қыратының гранитті сілемінің үгілуінен пайда болған. Үңгірге кіре берістегі қуыстың биіктігі 3 метрдей. Ол екі бөліктен тұрады. Оларды бір-бірімен тар қуыс жалғастырады. Екінші бөліктен сыртқа шығатын ауыз бар. Бекініске өте қолайлы жер. Халық арасындағы аңыздарда Кенесары ханның бұл жерде бекініс құрып патшалық ресей әскерімен атыс жасаған. Тағы бір аңыздарда Хан Кененің аңға шыққан кезінде келіп тынығып, түнеп жататын орны болған. Бүгінде Кенесары үңгірі де туристердің ең көп баратын орындарының бірі.

Сонымен қатар бұл өңірде (Ақмола) «Түркі қағандар ордасы» деп аталатын тарихи орын бар. Құрамында бірнеше мыңжылдықтардың мәдени мұралары кіретін бұл нысан Ерейментау ауданы, Бұйратау тауының етегіндегі «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ауданында жатыр. Бұл жерде сонымен қатар Құмай бірегей ескерткіштер кешені және «Қос батыр» діни ескерткіштерін кездестіруге болады.  Зерттеушілер бұл көне ескерткіштердің облыс аумағындағы ежелгі және орта ғасырға тән жалғыз нысан екенін айтады. Жалпы кешен Ақшоқы, Ершоқы және Жыланды тауларының шығыс, оңтүстік-шығыс етегінде жинақы орналасқан, түрлі дәуірлерге тән ескерткіштерді қамтитын бірнеше топтан тұрады. Қос батыр ғұрыптық ескерткіші ежелгі түркі заманында өз жерінде ерлік жасап аты аңызға айналған қос батырдың құрметіне жасалғанын және жергілікті халық та осы аймақты қос батыр деп атап кеткендігі жөніндегі мәліметті қазақтың белгілі археологы Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде жазып қалдырған. Құмай археологиялық және этнографиялық кешені түркі ескерткіштерін ашу және зерттеудің негізі көлденең орнатылған және тасқа салынған тас тақталардан тұратын тіктөртбұрышты құрылым болып табылатын бірдей типтік рәсімдік құрылымдардан тұрады. Барлық қоршаудың ішкі алаңы қиыршық тасқа толы. Барлық ескерткіштер Құмай өзенінің сол жағалауында террассаларында, 5-7 шақырым радиусты қамтитын ауданда шоғырланған. Құмай археологиялық-этнографиялық кешені – мемориалдың хронологиялық тұрақтылығы, діни ескерткіштер мен қоныстардан тұратын географиялық, табиғи, ландшафт бірегейлігін, тұрғылықты топонимикалық номенклатурасы, ескерткіштер әртүрлі құрылым бөліктерінде көрсетілген.

Қабанбай батыр кесенесі

Қабанбай батыр кесенесі Астана қаласының іргесіндегі Қызылжар ауылында орналасқан. Кесененің ғимараты 2000 жылы салынған болатын. Сол күннен бастап Астана қаласының жерінде Қазақстан халқының жан-жақтан келетін киелі жерінің біріне айналды. Кесене батырдың дулығасын еске түсіреді.

Қаракерей Қабанбай – қазақ батырларының қолбасшысы, әйгілі батырлардың бірі, XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес бастаушыларының бірі. Қабанбай бабамыз шамамен 1691 жылы Сырдария жағалауында дүниеге келген. 1769 жылы 78 жасында дүниеден озды. Өмірінің ақырына дейін күрес жолында жүрді.

Қолбасшы Қабанбай батырдың шын аты – Ерасыл болған. Абылай хан оны ерекше құрмет тұтып жұрттан бөлек Дарабоз деп атаған екен. Қабанбай батыр кесенесі қазақ халқы үшін айрықша қасиетті орын болып есептеледі.

Баубек батыр кесенесі...

Баубек батыр Бекмырзаұлы 1824 жылы Көкшетау облысы аумағында дүниеге келген. 9 жасында ата-анасынан айырылып жетім қалған Баубек Кенесарының бәйбішесі Күнімжанның қолында өседі. Уақыт өте келе Баубек жорықтарға қатысып, жауапты тапсырмаларды тыңғылықты орындап көзге түсе бастайды. Кейін үлкен жорықтарға қатысып ел азаттығы жолында талай шайқасқа қатысады. Кене­сары қозғалысының басынан аяғына дейін қатысып, қырғыз жерінде хан қазаға ұшыраған уақытта қырғыздардың қолында тұтқында болады.

Баубек батыр еліне келген соң Терісаққан өзенінің бойын жайлап, бейбіт өмір кешеді. Дегенмен, Кенесары көтерілісіне қатысқан, ел алдында үлкен беделі бар Баубек батырды патша шенеуніктері тыныш қоймайды. Содан оны көтеріліске қатысқаны үшін Сібірге, Түмен облысына жер аударады. Туған жерінен кетіп бара жатып батыр «Енді қайтып келе алмасам, денем туған жерде қалсын» деп, шынашағын шауып, жерге көміп кетіпті деген аңыздар бар жұрт арасында. Кейін Түмен жерінде батырдың қайтыс болғанын естіген балалары әкелерінің шынашағын көмген жерге зират орнатады.

Шымнан қаланған кесене-мазары Есіл өзенінің жағасында жатыр.

Олжабай батыр кесені

Олжабай батыр Орта жүздің арғын руынан шыққан қазақтың даңқты батыры. 1709 жылы дүниеге келіп, 1783 жылы қайтыс болды. Оның арғы атасы Айдабол кезінде би болған адам. Әкесі Толыбай «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» ұлт-азаттық соғыс кезінде елді жаудан қорғап жүргенде оққа ұшып, қайтыс болды. Сол кезде он үш жастағы Олжабай нағашысы Қаратай батырдың қолында тәрбиеленеді. Олжабай жас кезінен ержүрек батырлығымен көзге түседі. Ер жеткен соң елді, жерді қорғау үшін жоңғарлармен болған талай шайқасқа қатысады. Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері – Баян-ауыл баурайындағы өткен шайқас. Олжабай батыр, жиені – Жасыбай батырмен жаудың жолын тосқауылдап жатады. Жасыбай батыр сарбаздарымен Шойынкөлге өтетін асудың іргесіне, ал, Олжабай батыр Торайғыр көліне өтетін асуына бекінеді. Жау әскері Жасыбай батырға тосыннан келіп тиіседі. Осы шайқаста Жасыбай батыр қаза табады.

Балқадиша кесенесі

 Ақандай серінің әніне арқау болған Балқадиша (негізгі шын аты Қадиша болған) Зеренді ауданы Кеңөткел ауылының мұсылмандар зиратында жерленген. 2015 жылы Зеренді ауданының Зеренді ауылының кіреберісінде ескерткіш тұрғызылды.

Ақанның сал-серілік кұрып, ауыл-ауылдарды аралап жүрген кезі. Күндердің күнінде Ақан сері Ыбырай деген аты баршага танымал кісінің ауылына ат басын бұрып, шілдехана тойының үстінен түседі. Ауылға серінің келгендігін естіген халық оған ілтипат білдіріп, қошемет көрсетеді. Алайда төрде отырған Ақанның маңына ешкім отырмайды. Бұл ел аузында Ақан сері туралы алып-қашпа сөздердің кеңінен етек алған тұсы еді. Ақанның қиялға беріліп, жын-перілермен қатысы барын алға тартып, жас қыздар серіден үрейленген. Ақын да, қыздар да өздерін жайсыз сезініп, отырыстың берекесі кашқандай болады. Осы кезде Қадиша қыз «Сері ағамның жанына мен отырайын» деп Ақан¬ның жанына жайғасады. Мұны естіген Ақанның көңілі жай тауып, іштей бойжеткенге риза болады. Отырыста әндер орындалып, зерделі әңгіме-аңыздар айтылады. Серінің жанында Қадишаның отырғанын естіген ағалары екі жеңгесін жіберіп, қызды алып шығуды тапсырады. Алайда Қадиша орнынан козғалмайды, Аканның да жібергісі келмейді. Осы кезде таң атып, бойларында қимастық орнайды. Кейін бұл қимастық «Балқадиша» әніне айналған.

Ақтоты кесенесі

Ақан серінің ғашығы Ақтоқтының зираты да осы Зеренді өңірінде жатыр. Зеренді ауданына Қызылағаш ауылында. Ақан Ақтотыға өлердей ғашық болған. Бірақ үйлене алмаған. Құлай сүйген ару өзіне сай келмейтін басқа адамға тұрмысқа шыққан.  «Ақ көйлек», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың», «Ж-ға» секілді әндерінің барлығы да осы Ақтоқтыға арналған.

Саққұлақ би кесенесі...

Саққұлақ би кесенесі де осы өңірдегі ең сәулетті ескерткіштердің бірі. Ақмола облысы Ерейментау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 24 шақырым жерде, Қоржынкөл көлінің солтүстік-шығыс жағалауындағы ашық далада орналасқан.

Cаққұлақ би (шын аты Сәбден) (1800-1880) - Орта жүз руы Арғын тайпасының атақты биі, шешен. Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі. Шешендік өнерімен, әділ шешімдерімен сый-құрметке ие болған. Жасынан зерделі де зерек өскен ол 12-13 жасынан әкесі Бапан бидің қасында жүріп, шешендік өнерін ұштаған, ел билеу ісіне араласқан. Баласының қабілетін сезген әкесі Сәбденді 15 жасында кішігірім дау-дамайды шешіп келуге жұмсаған. Ол 16 жасында сол өңірде шешендік аты шыққан Байдалы бимен сайысқа түсіп, Байдалының «құлағың неткен сақ еді» деген сөзінен кейін «Саққұлақ» атанып кеткен делінеді жұрт арасында айтылатын аңыздарда.

Бұл ескерткіш жұрт арасында Саққұлақ би кесенесі деп аталғанмен, Саққұлақ бабамыз бұл мазарды өзінің көзі тірісінде 1880 жылы өзінің үлкен ұлы Нұралыға арнап салдырғанға ұқсайды. Саққұлақ бидің өзі Қоржынкөл көлінің жағалауындағы Бөгенбай батыр ұрпақтарының қорымына жерленген. Мазарын халық шебері Рысқұл орнатқан. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?