Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бәйтерек мифофитонимі

6157
Бәйтерек мифофитонимі - e-history.kz
Мифологиялық шығармалардағы фитонимдердің қатарын қарастыратын мифологемалардың тобын – мифофитонимдер құрайды. Мифофитонимдер – мифтік таным-түсініктің негізінде қалыптасқан өсімдік атаулары.

Бәйтерек туралы мифтік наным жалпы әлемдегі барлық халықтардың да мифологиясында кездеседі десек артық айпаймыз. Жапырағына «жан» орналасқан осынау киелі терек туралы мифтік түсінік жалпы түркі халықтарында да кең таралған. Қазақтың мәдени танымындағы түсінік бойынша, бәйтерек ғаламның үш қабатын жалғастырушысы есептеледі. Яғни аспан, жер, жер асты. Үш ғаламды жалғастырушы деген мәнге ие бәйтерекке байланысты иен далада өсіп тұрған үлкен ағашқа шүберек байлау, басына түнеу, одан дұға-тілек тілеу ұғымдары халықтың санасына сіңгені сонша, қазіргі кезде діни тұрғыдан теріс деп саналатын бұл іс-әрекетке белгілі бір жағдайда тыйым жасалғанымен, халық оны жалғастыру үстінде. Бұл үрдісті Б.Ақбердиева мұндай іс-әрекеттің астарында «жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, космос пен хаос қарама-қарсылықтарының шет-шегін белгілеп, ажыратудың, ақиқат шындықты танудың сыры жатыр. Сондықтан да әлемдік ағашты ғалымдар таным ағашы деп те атайды», – деген тұжырым жасайды.

Бәйтерек ежелгі таным бойынша тылсым қасиетке ие алып ағаш. Халық түсінігінде жердің дәл кіндігінде өсетін, тамыры жерасты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені болып табылатын көк тіреген алып ағаш. Зерттеуші-ғалым Е. Жанпейісов қазақ этимологиясын айқындауда әйел затына қатысты бәйбіше мен осы бәйтерек сөзіндегі бай-бәй түрінің берер мағынасы бір екендігін дәлелдеуге тырысқан. Ғалымның ғылыми пікірін негізге ала отырып, бәйтерек ежелгі түркі сөзі, бәй «үлкен» деген сөз, «бай» сөзінің дыбыстық өзгеріске түскен түрі (бәйбіше, бәйшешек), үлкен, алғашқы деген ұғымдарды, ал терек (парсы тілінде – дарақ) «ағаш» деген ұғымды білдіреді деп пайымдауға болады. Демек, Бәйтерек екі сөздің бірігуінен жасалып, «зәулім ағаш» дегенді танытады.

Оқи отырыңыздар: Үкөк ханшайымы аңыз ба, ақиқат па?

Ертеден келе жатқан қазақ мифологиясында Бәйтерек – барлық ғалам бейнесі, ол жер астынан өрлеп, жер үстін көктей өтіп, аспанға тіреледі. Байырғы ортаның мифтік санасы көрінетін ауыз әдебиеті нұсқаларында қаһарман әртүрлі себептермен жер астына түседі. Төменгі әлем қараңғы, зұлым күштердің мекені, өлілер патшалығы. Осы әлемге тап болған қаһарман көкке тірелген Бәйтерекке келеді. Бәйтеректің түбінде айдаһар, төбесінде Самұрық құстың ұясы, ұяда жұмыртқа немесе жаңа ғана жұмыртқадан шыққан шақа балапандар. Мифтік қаһарман айдаһарды өлтіріп, балапандарды ажалдан құтқарады. Самұрық құс қаһарманға ризалығын білдіріп, Бәйтеректі бойлай ұшып, оны төменгі қабаттан ортаңғы қабатқа алып шығады. Әлемнің төменгі қабатына түскен мифтік қаһарманға жарық дүниеге шығатын жол тек Бәйтерек арқылы жүзеге асады (Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. 3-кітап. – Алматы: «Дайк Пресс», 2004. – 486 б). 

Бәйтерек зұлымдық патшалығының өкілі айдаһарды үстіңгі қабатқа жібермей, қаһарман келгенше төменде жорғалатып қояды, тіпті төбесіндегі балапандарға да жібермейді. Сөйтіп Самұрықтың ұясын да, жоғарғы қабатты да таза ұстайды, өзі де шайқалмай, тіп-тік күйінде тұрады. Ол – мәңгіліктің символы. Самұрық қаһарманды жер бетіне алып кеткенде де Бәйтерек оның ұясын, балапандарын қарауылдап қалады. Бәйтерек тек үш қабатты байланыстырып тұрған дәнекер ғана емес, адамға ізгілік жолын көрсетуші, жақсылық жасаушы. Бәйтерек жай ағаш емес, ол өте үлкен, «үйдің жуандығындай», алты қанат киіз үйді көз алдыңызға елестеді (Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. 3-кітап. – Алматы: «Дайк Пресс», 2004. – 486 б).

Белгілі мифтанушы С. Қондыбай: «Ертегілер жинағының тек қана төртінші томынан біз бәйтерекке қатысты тоғыз рет қайталанатын трафареттік сюжетті есептеп шығардық. Сол сюжеттер бойынша бәйтеректің образын аз да болса жинақтап көрсетуге болады. Біріншіден, бәйтерек ғаламның орталығы болып табылатын киелі жерде, киелі бұлақ қасында орналасады. Ол үш дүниені жалғастырушы, төбесі – аспанда, тамыры – жерасты дүниесінде орналасқан. Екіншіден, бәйтеректің екі полюсінде алып қарақұс пен жылан-айдаһар бар, олар дуалистік қарама-қарсылықтың тұлғалануы болып табылады. Үшіншіден, бәйтеректің түбінде белгілі бір мифтік – киелі процесс өтеді, бұл шамандыққа байланысты. Осы жерге батыр келіп жыланды өлтіріп, қарақұс балапандарын құтқарады, сол еңбегі үшін қарақұс батырды басқа дүниеге өткізеді. Бұл тұрғыда бәйтерек – ғаламдардың есігі болып табылады», – деп атап өткен болатын.

Мифологиядағы Бәйтеректің осыншама ізгілікті қызметі ел танымына ерекше ықпал етіп, керемет ағаш деген ұғым қалыптастырған да, «бәйтерек» сөзі қосымша астарлы мағынаға ие болған. Бәйтерек атауына байланысты тілімізде қолданылатын сөз орамдарынан оның бірнеше мәнде: кәдімгі зәулім ағаш; екіншісі, әлем ағашы; үшіншісі – мықты, зор, күшті мағынасында; төртіншісі, тірек, сүйеніш, қорған, пана мәнінде ұғынылатынын байқаймыз. Ғалам моделінің бір нақтыланып көрсетілген нұсқасы және ғаламның үш дүниесінің кіндік – өсі, жалғастырушысы.

Бәйтерек ғаламдық ағаш ретінде басқа мифтік дәстүрлерде де таралған.

Мысалы, скандинав мифінде осындай ағаш Игдрасиль, саха-якутгарда пай-қайың деп аталады. Бәйтерек сөзінің этимологиясы бәй – «байырғы, түпкі, алғашқы, бірінші», терек – «тіріг» сөздерінен құралып, «өмір беруші», «алғашқы өмір» – дегенді білдіреді  (Қондыбай С. Арғы қазақ мифологиясы. 3-кітап. – Алматы: «Дайк Пресс», 2004. – 486 б).

Оқи отырыңыздар: Қазақ тарихындағы жануарлар культі

Қазақ жады бәйтерек – ғалам ағашының қатаң трафареттік моделін ғана сақтаған, ал таза мифтік сюжеттерін сақтай алмаған. Бірақ оны басқа түркілердің мифтік түсініктеріндегі ағаш образдары мен қазақтікін салыстыра зерттеу арқылы қалпына келтіруге болады. Мысалы, саха-якуттар «ал лук масс» деген ағашты қасиетті деп санайды, оның сипаттамасына қарап, көне түркілердің ағаш туралы мифтік түсінігі деп тануға болады.

Қазақ мифологиясында бәйтерек космос ағашы ретінде рәмізделеді. Бәйтеректің шағын модель-үлгілері бақан, адалбақан, таяқ, асатаяқ ғұрыптық жосындарды атқаратын киелі құрал қызметін атқарады. Бәйтерек – үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде әспеттелінеді. Қазақ арасында кең тараған адамның жаны киелі теректе сақталады деген ұғым бәлкім осы жайтқа байланысты қалыптасқан болар.

Ол туралы мынадай миф бар: «Рух адамның тәнін өлерден қырық күн бұрын тастайды. Сөйтіп, құсқа (көгершінге) айналып, ұшып барып бәйтеректің жапырағында өз адамының есімі жазылған бұтаға қонады. Мұнда адамның аты жазылған қисапсыз жапырақтар көктеп-солып, алма-кезек ауысып тұрады. Жан адам өлгенде шыбын бейнесінде денеден шығып, үй ішінде ұшып жүреді. Тек қырық күннен кейін барып, үйді біржолата тастайды. Бәйтеректің діңгегі арқылы әлгі жал жерге түсіп, не жерге шығып жүреді де, мезгілі болғанда әйелдің құрсағына қонады, сөйтіп, жаңа өмір пайда болады. Жануарлар да, өсімдіктер де дәл осылай өмipгe қайта келеді» (Тойшанұлы А. Түрік-моңғол мифологиясы. Монография. – Алматы: Баспалар үйі, 2009. – 192 б).  

Бәйтерек жайлы славян халқының мифологиясында да түрлі мифтік таным-түсінік бар. Оның бойына адам жаны мен жын-шайтан мекен етеді деген наным-сенім қалыптасқан. Мәселен, орыс халқының кейбір мифологиялық аңыздарында өлген туыстарының жаны осы бәйтерекке қонады екен, қырық күн өткеннен соң ғана ағаш басынан ұшып кетеді деген ұғым бар. Сондықтан орыс халқында осы күнге дейін бейіт басына бәйтерек ағашын отырғызып, оны күтіп-баптау дәстүрі сақталған. Ал болгар халқының мифтік наным-сенімінде керісінше бәйтерек ағашының бойында жын-шайтандар мекендейді. Олар тек жамандық шақырады деп бұл ағаштың жанынан аулақ жүреді екен. Халықтың наным-сенімі бойынша «Афанасий (грек.Ἀθανάσιος, лат. Athanasios, «өлім», «бес», «бессмертный» деген мағынада) – ер адамның есімін білдіреді, ол терек басына шығып алып, өз құрбанын күтіп отырады. Бірінші кімді көреді соны құрбандыққа шалады, жанын пида етеді» деп үрейленетін болған. Сондықтан теректің жанынан аулақ жүруге тырысқан.

Кейбір қалыптасқан мифтік түсінік бойынша бәйтерек жеміс бермейтін ағаш болғандықтан адамдар оның жанына барып, өз ауру-сырқаттарын алуды өтініп, жалбарынған. Жеміс бермейтін ағаш болғандықтан «кесіріміз тимес» деген оймен ауру-сырқаттарынан сауығу үшін тырнақтарын, шаштарын ағаш қуыстарына тығып, ескі киімдерін іліп, ағаштың бір шыбығын сындырып алып, бастарынан артқа қарай лақтырып дұға-тілектерін айтып отырған. Бұл сенім халықтың арасында қазір де сақталған (Қазақ ертегілері. Казахские сказки. 1 бөлім. Жауапты редактор С. Қалиұлы; Отв. ред. С. Раева. – Алматы: Алматы кітап баспасы, 2012. – 272 б).

Қорыта айтқанда, қазақ мифологиясына арқау болған бәйтерек мифофитонимі әр халықта әр түрлі танымда сипатталады екен.

 Элмира ҚАНАЙБЕКОВА, ҚР Ұлттық Музейі, Ғылыми-әдістемелік жұмыстар қызметі,

Археология және этнография бөлімінің әдіскері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?