Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ еліне рух керек – Т. Әминов

1794
Қазақ еліне рух керек – Т. Әминов - e-history.kz
Жалған тарихта бірлік те, рух та болмайды. Қазақ еліне рух керек. Рухты тек шындық әкеледі. Тарихшылар осы жөнінде айтып отыруы керек

Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен 15 қаңтарында өткен Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» еңбегіндегі инновациялық тұжырымдамалар» тақырыбы бойынша өткен дөңгелек үстелде күн тәртібіндегі мәселелер үлкен белсенділікпен, зор қызығушылық білдірумен талқыланды. Мұның бірнеше себебі бар.

Алайда оның ең маңыздысы – институт директоры, т.ғ.д., профессор Б.Ғ. Аяған осы жиында айтқанындай, Мемлекет басшысының өте дәйекті дәлелдер негізінде қоғамды советтік дәуірдің көнерген идеологиялық және тіпті құнды деген жүйелерінен бас тартуға және қазіргі әлем бағыт алып отырған жаңа жолға бет бұруға шақырғанында. Елбасы осы еңбегінде  жалпы адамзат тарихы мен өзіміздің төл тарихымызға мүлдем жаңа көзқарас ұсынып отыр. Әлем елдерінде өздерінің ежелгі тарихына деген көзқарастары қалыптасқаны баршаға мәлім. Тарих дүниенің, жердің тарихымен тығыз байланысты дүние. Әр өркениеттің мысалы, Рим, Жапон, Америка елдерінің өз ерекшеліктері бар. Өркениеттердің барлығы көнеден келе жатыр. Сонда біздің Ұлы Даланың тарихы қайда қалды? Адамзаттың тарихында Ұлы Дала адамзаттың өркениетіне не берді, қандай жаңалық әкелді? Біздің сол өркениеттен алатын орнымыз қандай? Елбасы осы мәселелер төңірегінде сұрақ қойып, жауабын осы еңбекте тұжырымдап беріп отыр. Бұл – тарихқа деген жаңа тұжырымдамалық көзқарас. Бұрынғы біздің тарихи санамыздың барлығы ол басыбайлы көзқарас, тәуелді елдің көзқарасы болып келді. Ал бұл еңбегінде Елбасы тарихқа тәуелсіз көзбен қарауға шақырып отыр.

Елдің бірлігі тарихты білгенде ғана шын бірлік болады. Жалған тарихта бірлік те, рух та болмайды. Қазақ еліне рух керек. Рухты тек шындық әкеледі. Тарихшылар осы жөнінде айтып отыруы керек. Тарихты білмей бірігу мүмкін емес.

Президенттің еңбегіндегі ұлт тарихын зерттеу, тарихи сананы жаңғырту бойынша жаңа тұжырымдамалар мен идеяларды ашып көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға белгілі мемлекет жəне қоғам қайраткерлері, дипломатиялық миссиялардың және БАҚ өкілдері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, доктаранттар мен магистранттар қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар тарихи мұра, ұлт тарихын зерттеп-зерделеу мəселелерін, тарихи сананы жаңғыртудың Қазақстан қоғамын дамытудағы рөлін, «Архив-2025», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Түркі əлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнері жəне технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен теледидардағы көрінісі» атты іргелі бағдарламаларға жеке-жеке тоқталды.

Дөңгелек үстелге қатысып, өз ойымен бөліскен Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы, ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов:

«Біздің тарихымыз ұзақ уақыт бергі жақтан басталып, соңғы екі-үш ғасырды ғана оқып келдік. Ал қазақ тарихы сонау шумерлер заманынан бастау алады. Тəуелсіздік алған жылдардан бері Елбасының бастамасымен біз тарихымызды қайта зерттеп, зерделеп жатырмыз. Əлі күнге дейін қойнауы ашылмаған, қыртысы алынбаған мол дүниелеріміз жатыр. Өткен тарихымызға ұлт ретінде қызығатын адамдар көбейді. Бұл қуантады. «Ұлы Даланың жеті қыры» атты Елбасының мақаласы қалың жұртшылықтың сол ықыласына жаңа серпін берген дүние болды. Бүгінгі дөңгелек үстелдің де түп мəні сол – қазақ тарихын жаңа заманға өте түсінікті етіп жеткізу. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің ұлттың тарихнамасын дамытуға кірісті. Бізде жұртшылықтың санасында интернационализм ұғымының сақталуына мүмкіндік берілді. Мұның өзі ұлттық тарихнамамызды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Айтып, талқылап болдық. Енді жұмыс істейік», – деді.

Дөңгелек үстелге қатысқан мемлекет жəне қоғам қайраткері, белгілі дипломат, ф.ғ.д., профессор Мырзатай Жолдасбеков елімізде деректану ғылымын дамыту керек екендігін айтты. «Тарихтың бəрін де айналып келгенде жасайтын өзіміз, яғни халық. Шежіреге сүйенгенімізбен, нақты деректерге баса маңыз беруіміз керек», – деді ғалым. Дөңгелек үстелге қатысқан ғалымдар Ұлы Дала тарихын жаңаша жазып, тіпті мектеп бағдарламасында тарих оқулықтарын ретке келтіру керек деген пікірлерін де ортаға салды.

Жиналған қауым «Дешті Қыпшақ» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сапар Ысқақұлының, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, с.ғ.д. Наталья Павловна Калашникованың, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, т.ғ.д. Тастанбек Яхияұлы Сәтбайдың Елбасының мақаласынан туындайтын тұжырымдамалар мен идеяларды іске асыруға қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын зор  ықыласпен тыңдады.

Сонымен бірге, дөңгелек үстелге қатысқандар Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы ұлттық тарихты жан-жақты жəне жүйелі зерттеудің қажеттілігін айқындап, отандық жəне шетелдік мұрағат қорларынан Ұлы Дала тарихы бойынша жаңа материалдар мен құжаттарды теріп-жинақтаудың, оның қалың қауымға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында цифрлық жүйеге көшірудің өзектілігін арттырып отырғанын тілге тиек етті. Қазақстан тарихына қатысты жаңадан табылған жəне ұлттық тарих жөніндегі жаңа білімді қалыптастыратын мұрағат деректерінің негізінде жасалған ғылыми еңбектерді жарыққа шығарудың маңызы даусыз. Ол үшін тарихи мұраны мақсатты зерделеу, Қазақстан тарихын əлемдік тарихтың құрамдас, ажырамас бөлігі ретінде жүйелі зерттеу қажет.

Мақаламның соңында айтайын дегенім: Елбасының еңбегінен туындайтын идеялар мен мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға арналған біздің Бөкең басқарған институттың кезекті іс-шарасы, әдеттегідей, жоғары деңгейде өткені баршаға мәлім. Бұл дөңгелек үстелдің қазіргі талаптарға сай әзірленіп, ойдағыдай өтуіне Әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің қызметкерлері де өздерінің лайықты үлесін қосты деп ойлаймын. Алдағы уақытта да бірлесіп атқарған жұмыстарымыздың жемісті бола беруіне тілектестігімді білдіремін.

 

Әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. – Астана, 2017.
  2. Назарбаев Н.Ә. Ұлы Даланың жеті қыры. – Астана, 2017.
  3. Тұрсынбайұлы Б. Ескі тарихтың жазылуы. «Егемен Қазақстан газеті», №9 (29488). 16 қаңтар 2019 жыл.

           Талғатбек ӘМИНОВ, Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?