Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Уақыт пен кеңістік және ұлт пен мемлекет

3278
Уақыт пен кеңістік және ұлт пен мемлекет - e-history.kz
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай қытай ғалымы Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» атты еңбегіне талдау

Елбасы аталмыш мақаласында «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес... Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті. Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр. Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды» дейді. Демек, Президент біз өзіміз өмір сүріп отырған кеңістіктің де әлемнің бір бөлшегі екеніне, оның шығыс пен батыстың мәдениет алмасуына айырықша үлес қосқанына маңыз береді. Бақсақ, біз әдетте айналамыздағы географиялық белгілерге назар аудармайды екенбіз. Ондай белгілер климатқа әсер еткен, ал климат адамдардың жаратылыстық ортасына әсер еткен, жаратылыстық орта адамдардың затық мәдениет жасаудағы жасампаздық күш-қуатына әсер еткен. Ендеше, тұтас Орта Азияның және Қазақстанның тарихи жағрафиясы кешенді түрде зерттелуі тиіс. Әйтпегенде, қазақ тарихының көкжиегі ашылмайды.

Белгілі бір мәдениетке сәйкес келетін, симметриялды немесе бірін бірі толықтайтын мәдени белгілерді іздеген кезде археологтардың шекара аттап кете алмай жіпсіз байланатыны сондықтан. Мысалы, Ертістің, Іленің, Шудың және Сыр дарияның, Еділ мен Жайықтың бас-аяғын бір бірінен бөліп қарауға келе ме? Басында бар мәдениет аяғына әсер етпеген бе, немесе керісінше. Сол секілді, ұлы Тәңір тауларының екі қапталы ежелден тел өркендеген ортақ мәдени қазыналарға бай. Ендеше, оның бергі бетін көріп, арғы бетін көрммеуге бола ма? Президент сөзіндегі кеңістік ұғымы осыған байланысты. Ал, уақытқа келетін болсақ, қашан Қазақстан жерінде қауымдасқан адамдардың шоғыры пайда болса сол кезден бастап қоғам тарихы басталған болып есептеледі. Дегенмен, сенімді жазба деректерге негізделген ұлт пен ұлыстардың тарихы кейінгі кездің еншісінде. Атап айтқанда бұдан 2500 жыл бұрын Қазақ жерінің қоғамдық саяси тарихы басталған деп нық сеніммен айтуға болады.

Дейтұрғанмен, біздің бүгінгі тарихнамалық көзқарастарымызға сырт көз, немесе басқа елдердің ғалымдары қалай қарайтындығы біз үшін тіптен маңызды. Бұл ретте Қытайдағы қазақтанушы ғалым, профессор Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» атты еңбегі айырықша атап өтуге тұрады.

Ең әуелі, өзіміз ғылыми аудармасы мен сараптамасын жасаған еңбектің отандық тарихнама үшін тиімді, пайдалы жақтарына тоқталайық, одан соң, оның кемшіліктері мен қателіктерін де атап өтетін боламыз.

Бәрімізге белгілі, қазақ тарихының алтын арқауы ұлт және мемлекет деген ұғымдардан өріледі. Жалпы, ұлт және мемлекет – осы екі ұғым тарихи категорияға жатады. Екеуі де ұдайы даму, кемелдену үдерісінде болады. Ұлт мемлекетті қалыптастырады, ал мемлекет болса ұлт дамуының жаңа сатыға көтерілгендігінің көрінісі. Бұдан соң, мемлекет ұлтты одан сайын ұйыстыруға, ірілендіруге, бұрынғыдан да дамыған сапалы деңгейге жеткізуге қызмет етеді. Сондықтан, ұлт пен мемлекетке қашанда ұдай даму үдерісі ретінде қараған жөн. Көне замандарда да, ортағасырларда да, тіпті, жаңа және қазіргі заманда да солай. Ендеше, ертедегі мемлекеттердің сипатына бүгінгі заманауи өлшемдермен қарауға келмейді. Олай етсек, әлемдегі кез-келген елдің тарихы, ұлттық өркендеуі түкке тұрғысыз болып қалады. Мұндай принципті біз қазақ тарихына қатысты да ұстануға тиіспіз. Қазақтың тегі қайдан шыққан, қашан өз жерінде мемлекеттік институттарды құрған, басқа елдермен қандай қарым-қатынасты жолға қойған деген мәселе қашан да күнтәртібінен түскен емес. Бұл мәселе бұған дейін де зерттелген, зерттелуде және зерттеле бермек.

Біздіңше, қазақ халқы Еуразиялық кеңістікте өз тарихи орны бар халық. Қатаң мемлекеттік шекаралар пайда болмай тұрған кездегі оның этнотерриториясы қазіргі Қазақстан шегінен әлде қайда кең болатын. Нақты жағрафиялық белгілермен айтатын болсақ, қазақтардың ата-бабасы мекен етіп келген жерлер батыста Құбаң даласынан шығыста Қыдырхан тауларына, солтүстікте Байқал мен Сібір тайгасынан оңтүстікте Хуанхэ қыры мен Хэси дәлізіне, Еренқабырға етектері мен Мауреннахрге дейінгі жерлерге жететін. Бұл әрине, қазақ халқын құраған этникалық құрамдардың ертеден өмір сүрген аймағы болып табылады. Бір ғажабы, осынау ұлан-ғаыр аймақтың тарихи даму үдерісі жер бетінің басқа аймақтарынан алабөтен өзіндік ерекшеліктерімен көзге түседі. Ол әрине, осы аймақтың өзіне ғана тән жағрапиялық табиғи шарт-жағдпайымен тығыз байланысты. Ұлы дала деп сиатталған осынау бір тұтас этно-мәдени кеңістікте бір-бірінен соншалдық парықталып кетпейтін, тілі мен ділі, ғұрп-әдеттері, тіпті, табынатын Тәңірі де ортақ көшпенді этностар өмір сүрді. Табиғи-жағрапиялық факторларға байланысты, олардың жылдың төрт мезгіліндегі үйреншікті көшіп-қону белдеуі мен шаруашылық дәстүрлері бір-біріне соншама жақын еді. Сол себептен, қытай деректері олар туралы сипаттай бастағанда бірін бірімен салыстырып, ортақ жақтарын іздей бастайды. Осындай табиғи ортада бірге өсіп, біте қайнасқан этностар ұзақ тарихи даму арқылы бір тұлғаға айналып, ортақ іргелі этнос болып қалыптасуы табиғи еді. Қазақ халқы дәл сондай шарт-жағдайда қалыптасқан іргелі этнос. Оның қалыптасу кеңістігі батыста Еділ бойынан шығыста Орхон, Тоғла өзендеріне, солтүстікте Енесей мен Байқал бойынан оңтүстікте Сыр, Әму дәрия, Тарым бассейініне дейінгі ұлан-байтақ алқапты алып жатыр. Қазақ халқын құраған ежелгі және ортағасырлық түрлі этникалық топтардың барлығы дерлік осы өлкеде өмір сүрген халықтармен, мәдениетпен тығыз қарым-қатынаста болған.

Профессор Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» атты еңбегі осынау кеңістіктегі байырғы этностардың бірсыпырасын, айталық, көне сақтарды, иүзейлерді, үйсіндер мен ғұндарды, қаңлыларды, аландар мен юэбаньдарды (эфталиттерді) қазақ халқын құраған ең алғашқы этникалық қайнарлар ретінде қарайды. Еңбектің басты жаңалығы: осы аталған этностар мен олар құрған мемлекеттерді қазақ ұлты мен оның мемлекеттілігінің бастауы ретінде қарайтындығы. Бұл үшін қазақ халқының ұлттық ұйтқысын қалыптастырған түпкі тұрақ ретінде Іле мен Шу, Талас өзендерінің бойындағы этникалық тоғысуларға маңыз береді. Ерте заман тарихында болып өткен түрлі оқиғалар, мемлекеттердің ауысуы, этностардың тоғысы және сыртқы күштердің сұғанағы түгелімен осы өңірге байланысты болғаны тарихтан мәлім.

 

Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?