Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері

4621
Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері - e-history.kz
Елімізде «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру қарқынды жүргізіліп жатыр. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы жұмыс сапарларынан өңірлерге республикалық экспедиция жасауға көшті

2017 жылғы 5 қазанда Астана – Солтүстік Қазақстан облысы – Астана бағытында Солтүстік Қазақстанның қасиетті жерлері бойынша республикалық экспедиция жолға шықты. Экспедицияны тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Досымбаева Айман Медеубайқызы бастап барды. Жұмыс тобының құрамына «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы бастығының орынбасары Батырхан Жұмабаев, ғылыми қызметкерлер  Құндызай Ерімбетова(Мемлекет тарихы институты), Бекзат Ирина («Халық қазынасы» ғылыми институты),  Арман Сүлейменов ( «Қазақстан тарихы» интернет-порталы) кірді.

5 қазан таң қылаң берісімен экспедиция мүшелері жұмыс үрдісіне белсенді кірісіп, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесіп, Солтүстік Қазақстан облысының БАҚ-на сұхбат берді.

Муниципалдық телерадиоарнаның «Өзекті сұрақ» бағдарламасына қатысқан Айман Досымбаева «қасиетті» деген терминнің мағынасын түсіндіріп, археолог В.Ф.Зайберт ашқан Ботай қонысының осы түсінікке сәйкес келетіндігін атап өтті.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы бастығының орынбасары Батырхан Жұмабаев ғылыми экспедицияның мақсаты мен міндеттері, Солтүстік Қазақстанның қасиетті географиясы туралы айтып берді. Құндызай Ерімбетова мен Арман Сүлейменов «Қазақстан-Петропавл» ОТРК бағдарламасына қатысып, сөз сөйледі. Осыдан «Абылай хан резиденциясы» музейінде бірінші республикалық «Қасиетті Қазақстан» экспедициясының Солтүстік Қазақстан облысы аумағында басталуына орай дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы, облыстық мәдениет басқармасының өкілдері, ғалымдар, шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері, өлкетанушылар, БАҚ өкілдері қатысты.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Қожахмет Мадьяр Дуйсембайұлы солтүстікқазақстандықтарды экспедицияның басталуымен құттықтап, экспедицияның Петропавлдан басталғандығына мақтанышын жеткізді. Осы сәтті пайдалана отырып ол белгілі ғалым-археолог В.Ф.Зайбертті 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ресми бөлім аяқталған соң, экспедицияға қатысушылар «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының жұмыс тобы өкілдерімен кездесу өткізді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Талапкерқызы Нұрмұқанова кездесуді ашып, атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Сарапшылар Айыртау ауданында орналасқан Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Ботай қонысы, Сырымбет  усадьбасы, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені, Жамбыл ауданы Благовещенка ауылында орналасқан Қожаберген жыраудың кесенесі сияқты СҚО қасиетті ескерткіштері тізіміне ұсынылған барлық объектілерге өз сипаттамаларын берді.   

Белгілі өлкетанушы, абылайтанушы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай Солтүстік Қазақстанның қасиетті объектілері тізіміне таңғажайып әрі бірегей археологиялық ескерткіш -  Ақ-Ирийді кіргізу туралы ұсыныс жасады.  

Ерте темір ғасырына жататын қонысты ғалымдар 1968 жылы Долматово ауылының жанынан ашқан болатын, алайда көп жылдар бойы жүйелі түрде зерттеулер мен қазба жұмыстары жүргізілген жоқ.  В.Ф. Зайберт, Л.А. Гривенная, С.З. Мәлікова сынды және басқа да ғалымдар өз ойларымен бөлісті.  

Мамандар мен өлкетанушылар республикалық маңыздылығы бар объектілер қатарына Абылай ханның үзеңгілес серігі Құлсары батырдың кесенесі, Тайынша ауданының Озерное ауылындағы «Қазақстан жұлдызы» алтары сияқты археологиялық және тарихи объектілерді қосуға болатындығын айтты. 

Жұмыс кездесуінен кейін республикалық экспедиция мүшелерін «Абылай хан резиденциясы» музей кешенімен таныстырды. Музей кешені директорының орынбасары Әсемгүл Қыдбекова музейдің бірегей жәдігерлері туралы әңгімелеп берді. 2017 жылғы 6 қазанда жұмыс тобы БАҚ өкілдері және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінің қатысуымен республикалық маңыздылығы бар объектілерді аралады.    

Тайынша ауданындағы Озерное ауылында бірнеше қызықты өлкелік объектілер орналасқан. Мысалы, өлкетану музейінде өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Солтүстік Қазақстанға жер аударылған поляктардың өмірінен хабар беретін заттар мен құжаттар жинақталған.  Діни қызметші (священник) Войцех  әйелдер монастырын, костелді, «Қазақстан жұлдызы» алтары орналасқан кішкентай шіркеуді (часовня) көрсетті. Ат басын тіреген келесі жер – Сырымбет усадьбасы. Ол Айғаным ханша үшін 1822-1827 жылдары салынған, бұл жерде Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен. Усадьба бірнеше ғимараттан: мешіт, мектеп, диірмен, монша және т.б. шаруашылық үй-жайларынан тұрады. Айыртау ауданының қасиетті объектісі Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені 1999 жылы салынған. Мемориалдық кешеннің шырақшысы Саладдин Солтүстік Қазақстанның қасиетті жерлерінің республикалық тізіміне кірген осы жердің сақталуына қатты көңіл бөледі.  

2017 жылғы 7 қазанда экспедиция мүшелері Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне барды. Музей жәдігерлері өңірдің ерте тарихынан егжей-тегжейлі сыр шертеді бұл жерде ХІХ ғасырдағы тұрмыстық заттар, құжаттар, карталар қойылған. Республикалық экспедиция басшысы Айман Медеубайқызы Досымбаева экспедиция мүшелерінің өздеріне қойылған тапсырманы толық орындағандарын, барлық ескертулер мен ұсыныстардың тыңдалғандығын, старттың сәтті өткендігін айтып берді. 

«NDH» порталының редакциясы экспедицияны ұйымдастырған «Қасиетті Қазақстан» ҒЗО басшылығына, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына  алғысын білдіреді. «NDH» инетрент-порталы бұдан әрі де «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы жайынан хабардар етіп отырады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?