Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абай туралы естеліктер

3167
Абай туралы естеліктер - e-history.kz
«Сақалын сатқан кәріден...»

Бір жылы Абайдың үйінде көп кісі түстеніп отырса, Көтбақ қара Қазыбек дейтін өсекші, қыдырмашы кіріп келіпті. Ол есіктен кіре сәлем беріп:

 – Е, құдай айдап, бұйырған тағамға кез келгенімді қарашы, – деп қолын жумастан табаққа қарай ентелеп келе жатса, Абай зілді үнмен: Қайда барасың өңмеңдеп, отыр сол жерге, – депті.

 Қазыбек не дерін білмей сылқ етіп отыра кетіпті. Абай Қазыбекті қайырып тастаған соң бір сөз айтпастан, қонақтарымен етті жей беріпті.

 Ет артынан шай ішіліпті. Қазыбекті шайға да шақырмапты. Тамақ ішіп болысымен жұрттың бәрі шығып бара жатқанда Қазыбек те кете бермек болып түрегелгенде, Абай «отыр» деп ишара жасапты. Қазыбек қайыра отырыпты. Сонда Абай: Сен өзің өсек жинайсың, біреудің дауын сатып алып, айтысқа түсесің. Осының бәрі бір құдайдың бұйрығы ма? – депті.

 Қазыбек ештеңе деп үндей алмапты. Ал сен жаңа «Құдай айдап, бұйырған тағамға тап келдім-ау» деп едің. Бұйырды ма сол тағам, жоқ па? – депті. Қазыбек: Бұйырмады, – депті. Абай: Ол солай. Сен ас үшін арыңды сатып, бұйырмаған астан ішемін дедің. Оны бұйырып тұр дедің. Кәне, бұйырғаны. Онан да «қаңғырып жүріп ас үстіне кез болдым-ау» деп неге айтпадың? Жейтін тамағыңды шыныңды айтып жесең нең кетеді, – деп ұрсыпты.

 Сонда Қазыбек отырып: Абай, қазақтың бір ырым салты бар-тын.

Үлкенін сыйлаушы еді, тым болмағанда сақалымды сыйласаң етті, – депті. Сонда Абай: Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық.

 Сенің үлкендігің мен сақалыңның қадірлі екендігі рас. Бірақ соның қадірін өзің кетіріп жүрсің ғой. Өзің сыйламаған сақалды жұрт не қылсын? – деп жауап қатқан екен.

Төлеу ақынның естелігі

1896 жылы өзім 22 жаста едім. Абайды алғаш көргенім. Көруімнің басты себебін айтайын.  Бұдан бір жыл бұрын қасымда бір жолдасым бар, екі кісіміз, Қарқаралыға баруға шықтық. Ескіше Темірші болысына қарайтын Қамбар деген елдің Көкшетау, Сораң деген жер мекені болады. Сол Сораңның Қызылбұлақ деген бұлағында Алданазар баласы Сабыр деген кісінің ауылы отыр екен. Сонда келіп қондық.  Сабыр деген кісінің көзі тірі, Сүлеймен, Ақтайлақ деген балалары бар. Сабыр ақсақалдың өз үйіне қондық. Біздің алдымызда екі кісі қонақ отыр екен. Олармен жөн сұрастық. Ол отырғандар Шыңғыс елі Тобықты, оның ішінде Жігітек, Шыңқожа баласы Ақтамберді деген жігіт екен. «Біз де Қарқаралыға барамыз, бір шақыртумыз болып бара жатырмыз», – деді. Мал сойып, жақсы қонақасы берді. Дәмге тойып, ойнап-күліп, әңгімелесіп отырдық. Ақтамберді өте жайдары, күлдіргі, адамды тез бойына тартып, тез үйір болыса кететін адам екен. Жаттық, таң атты. Ертеңінде шай ішіп, қымыз ішіп жүреміз деп едік, Ақтамберді және Сабырдың Сүлеймен деген баласы екеуі күндіз жүрсеңдер қорқасыңдар, бүгін жатып кешке түн қатыңдар, – деді. Онда ел арасында ұры көп болады, оннан-он бестен көп болып аттанып, елдің малын жылқышыны ұрып жығып, жылқысын  алып кетеді.  Ел арасында жүрген жолаушыны да тонап, ат-тонын алып, өзін жаяу-жалаңаш тастап кететін уағы. Осылар бізге достық айтып отыр ғой деп ойлап, сөйтсек сөйтейік дедім. Жаттық. Күндіз жүрмедік. Түске жақын болғанда Сүлеймен бір сүйретпеге қымыз құйғызып алып, таудағы пішеншіге апарамын деп жүрмек болды. Әлгі Ақтамберді мен де барайын, босқа отырғанша тау аралап, пішеншіге барып көкке шығып келейін, – деп екеуі атқа мініп, сүйретпе торсықты байланып жүріп кетті. Біз ауылда жатып қалдық. Менің мінген атым көрнекті, көрген кісі қызыққандай жүйрік, сұлу бәйге ат еді. Жортақтап отыратын сәнді жүрісі бар еді. Ер-тоқым, киімдерім де тәуір болса керек. Соған қызығып, мені түнде түнғатып жүр деп айтуының себебі сол тауда бекініп жатқан кісі ұрылары бар екен. Күндіз соларға хабарлап, мені түнде жолымнан түсіртіп, соларға ат-тонымды, тонатып алуға жасаған айласы екен. Күн батқан соң атқа мініп, ауылдан шығып жүріп кеттік. Айтқандай жолымызды тосып, он бір кісі жау, қараңғыда алды-артымызды орап қамап алды. Жан-жаққа бұрылып қашуға ешбір мүмкіндік болмай, біздің жан-жағымыздан мылтық атып, айнала-қамап тұрып ұстап алды. Менің ер-тоқымым мен атымды алды, киімдерімді тонап алды. Бір қабат іштік киімімді өзіме қалдырып, жолдасымның атын, ер-тоқымын алмай, өзімізге қалдырып жүріп кетті. Біз олар кеткен соң, бір атқа мінгесіп, әлгі шыққан ауылға қайта келдік. Бізді тонаған жау бөтен жау емес, осы ауылдың өзінің ұрысы деп жатып алдық. Олар мойнына алмады. Бізді лаулап, еліміздің шетіне әкеліп тастады. Сонымен біз де көкбауырдай жабысып, жатып алдық.  Ақыр келесі жылы мойындап, Сабырдың баласы Сүлеймен: «Алған Әділхан, Ақтамберді еді. Бізге де пайдасы жоқ еді. Бірақ мен өлімді болдым ғой. Сол Әділхан, Ақтамберді алған тон-тонауыңды біз төлеп берелік. Сабыр баласын босат деген хат, мөр әкеп берейін» деп сөз байласып, айтқандай-ақ хат пен мөр әкеп берді. Сол хат пен мөрін алып Шыңғыс еліне Әділхан, Ақтамбердіні іздеп қасымда екі жолдасым бар үйден аттанып кеттік. Жазды күн. Маусым айының іші. Керей, Тобықтының жайлауға  шыққан уағы. Жолда Абайға жолығып, осы жайымды айтайын деген ойым бар еді. Бірақ әуелі өзінің айтқан сөзі, жазған хаты бойынша өздеріне бармақпын. Ауылдан шыққан күні Шақпақтың алдында Қаранай, Тазқызылдың сыртқы жайлауында отырған Жауыншы, Суырбай деген ағайынды екі жақсы бай ауыл бар еді. Сонда кеп қондым. Менің алдымда, біздің арғы жағымызда жайлайтын Төлеңгіт деген бір болыс ел болды. Сол  Төлеңгіттің Наушабай деген жақсы адамы кеп отыр екен. Оның да қасында екі жолдасы бар. Наушабай,  Көкше тобықтыдан жоқ іздеп барып, қайтып келе жатқан беті екен. Екеуіміз қарсы әлгі ауылдағы бір үйде қонақ болдық. Қонып отырған аулымыз екі үйдің арасынан кермелеп, арқан тастап, бәйге ат, құнан жаратып отыр екен. Өздері бұрыннан-ақ бәйге ат ұстайтын ауыл еді. Бұл кермеге байлап, жаратып отырған аттарың не деп сұрадық. Жауыншы ақсақал: «Абайдың Ақылбайының қызын Көксаладағы найман Самбайдың Иманғалысы айттырып, құда түспек екен. Соған «ат шаптырып, құнан шаптырып, жорға жарыстырып, балуан күресетін тойымыз бар. Соған келіңіздер» деп біздің елімізге хабар айтқан. Сол тойға қосуға ат жаратып отырмыз», – деді. Той қашан болады? – дедік.

 – Ертең құдасының келмек күні. Енді екі өтіп, үшінші күні тойға барамыз, төртінші күні ат шабады, – деді. Наушабай Абаймен замандас, бұрын бірін-бірі көрген, білісетін адам және өзі ойын-сауыққа құмар, сауыққой адам. Наушабай «Япыр-ай, мен Абайдың ауылын білмей өтіп кетіппін ғой, Абайға сәлем беріп, амандасып кету өзімнің міндетті жұмысымның бірі еді. Ертең қайта жүріп, Абайға амандасып, әрі тойды қызықтап көріп кетпесем болмайды екен» деді. Сөйтіп ертеңінде әлгі ауылдан жай аттанып, Абайдың ауылына келе жаттық. Жиыны алты адамбыз. Абайдың ауылы Тайдың өзені деген жердің бойындағы бір кең алқапта отыр екен. Өзен бізге көлденең ағып жатты. Біз бүйір жағынан бір өзекті қуалап келе жаттық. Мезгіл қазақтың бие сауып жатқан уағы еді. Абайдың ауылы аппақ күмбездей боп күнге шағылысып, жарқырап көрінді. Сөйтіп келе жатқанымызда ауылдың төменгі жағынан өзенді өрлеп келе жатқан мөлшері қырық-отыздай топты кісі сау етіп  шыға келеді. Біз ауылға көлденеңінен келе жатыр едік, әлгі көп кісінің ішінен екі адам ауылға қарай шыға шауып, недәуір бұрын озып келіп, кермеге атын байлап тастап, Абайдың өзі отырған үйіне кіріп кетті. Біз  бәрін көріп келе жатырмыз. Аз ғана аялдап, кешікпей қайта шығып, кермедегі аттарын шешіп мініп жатқанда біз де өкпе тұсынан үйге келіп қалдық. Екеуі бізге бұрылып келіп, сәлем беріп амандасты. Көкбай мен Абайдың Мағауия деген баласы екен. Әлгі келе жатқан Найман құдалары екен. Бұлар соларды құрметтеп алдарынан шыққан беті екен. Құдалардың түсетін ауылы Ақылбайдың ауылы, ол Абайдың ауылынан сәл жоғары тігілген екен.  Біз Абай үйінің ауласына тоқтап  «Наушабай деген кісі келді» деп хабар айттырдық. Ол Абайға барып хабар айтты. Абай: «Наушабай болса осында келтір», – депті. Атты кермеге байлатып, үйге сәлем беріп кіріп келдік. Абай төсегінің алдында малдасын құрып отыр екен. Біз кіріп келген соң орынынан ұшып түрегеліп, Наушабаймен құшақтасып, төсіне төсін тигізіп көрісті. Бізге де сол құшағын жайып тұрды. Өзгеміз Абайды құшақтай алуға қорынып, қолымыздың ұшымен көрісіп ғана амандастық. Төрдің алдында жайылған кілем, көрпеге отырдық. Азырақ отырғаннан кейін күні екінті болды. Наушабай тысқа шығып, дәрет алам деп түрегелді. Абай күліп: «Дәрет алсаң да, зікір салсаң да енді қонақ үйге барасыздар», – деді. Наушабай: «Осы жалғыз дәретім болмаса, өзге мінезім сізге қолайсыз емес», – деді. Сонымен тысқа шығып дәрет алып, қонақүйге бардық. Бір жігіт ертіп  келіп кіргізді. Қонақ үйі ауылдан оңаша алты қанат аппақ үй. Қонақтың шәй-жабдығы сол үйдің ішінде болады  екен. Шәй, қант, орамал, дастарқан, тегене, қымыз ішетін кішкене сырлы тостаған, үлкен қара сүйретпе – барлығы сол үйдің ішінде. Ойнақтап тұрған екі даяршы жігіті бар. Кісі басы астына төсеген бір-бір қалың көрпе,  үлкен-үлкен  мамық құс жастық, кісі басы үстіне жамылатын бөлек-бөлек бір-бір көрпе, барлығы сол үйдің ішінде жиюлы тұр. Біз үйге кіріп, намаз оқып отырғаннан кейін қайнаған самаурын шай келді. Қонақ үйге Абайдың өзі де келді. Шай жасалып ішіп отырып Наушабай екеуі әңгімеге кірісті. Кіріскенде, көбінесе әңгімені айтушы Абай. Сол жылдан бірер жыл бұрын Абайдың Әбдірахман деген баласы Жаркентте әскербасы болып тұрып, өз ажалынан ауырып қайтыс болған еді. Соған Абай қатты күйініп, бүгін өлгендей қайғырып отырады екен. Анда-санда сөйлеп отырып «уһ» дегенде төрде отырып, ауызынан шыққан демі киіз үйдің есігін желпігендей болады.  Сол Әбдірахманмен тірлігінде сөйлескен бір сөзін айтты. «Балам офицер оқуын бітіріп, күзге қарсы әскербасы қызметіне Жаркентке жүретін болып, үйге бес-алты ай демалысқа келді. Келгенде басқа сырт елдер «Абайдың баласы ірі білімді» деп көтеріп, мақтап жүрді. Өзім қандайлық білімді екенін білмеймін, тек тірі келгеніне, көргеніме мәзбін. Сүйтіп жүргенде «осы балам қандай білім алды екен, бір сөз сұрап қарасын көрейінші» деген ойға түстім де, «сөзімді дұрыс шешіп берсе жақсы, шеше алмаса, тауаным қайтып, өкпелеп қаламын-ау» деп аяп, айта алмай жүрдім. Сөйтіп жүргенде Жаркентке кететін уағы таянып қалды. Сонан соң түсіндім, бұл Жаркентке барады, онда бес жыл тұрады, оған дейін мен өлі болам ба, тірі бола ма, жанның бәрі менің сөзімді шешіп бере ме, соның бірі болар, мұның қандай екенін қарасын көріп, білмей қалғаным арман болар деп, өзімді-өзім сөз сұрауға бекітіп, бір күні төсектің алдында шешесімен екеуі шай ішіп отырып еді, мен төрдің алдында үстелде бір кітап оқып отырдым да:

-Әбіш, осы ақ асыл ма, қара асыл ма? – дедім. Әбіш жымиып күліп:

-Ақты асыл дейсіз, – деді. Мен:- Қараның асылдығын айтайын: Құдай тағала он сегіз мың ғаламды жаратты. Ақ асыл болатын болса, көздің ортасындағы қарасы көрмей, екі жағындағы ағы көретін болсашы, ағы көрмейді, қарасы көреді. Қараның асылдығын осы адамның көзі айтып тұрған жоқ па, – дедім. Екінші себеп: адамның жас күнінде сақал-шашы қара болады, қартайғанда сақал-шашы ақ болады. Ақ асыл болатын болса, адамның сақал-шашы ағарған сайын, ақыл-қайраты молая беретін болсашы. Сақал мен шашы ағарған сайын, ақыл-қайраты азая береді. Үшінші дәлел: бір үй толған ақ қағазды жиып қойсаң, одан не пайда табамыз, қағаздың бетіне тамған қара сиядан Құдайдың бірлігін, пайғамбардың хақтығын, екі дүниенің ғылымын ақ қағаздың үстіндегі қара сиядан біліп, пайдаланып отырмыз. Құдай-Тағала қағазды қарадан жасап, сиясын ақтан жасаса, құдіреті жетпеп пе? Төртінші дәлел: адам баласы не істесе, күндіз істейді, түнде ұйқыға кіріп, тыным алып, тыныш жатады. Оған қарағанда күндіз қызметін күңге істетіп, жайына жатқан түн бай секілді, күн байдың қызметкері деп білемін. Бесінші дәлел: пайғамбар миғыражыға шыққанда, түнде шыққан екен. Қараның, қараңғының асылдығын осыдан білдім, – дедім. Әбіш:

-Осының бәрін немен білдіңіз? – деді. Мен:

-Ақылмен біледі де, – дедім.

-Ақылмен білсеңіз, ақыл нұр болады, нұр ақ болады, – деді. – Және миға салып білетін шығарсыз, басыңыздағы ми ақ болады, – деді. Сонан орнымнан тұрып барып, мойнынан құшақтап, бетінен сүйдім. Шіркін ,оқ атып, қылыш шауып тұрса да, қайтпайтын жүректі, ерлігі бар еді және кішіпейіл, есіктен бір қайыршы, мүсәпір адам кіріп келсе, орнынан атып тұрып, соған «жоғары шық» деп орын беріп отыратын кішпейіл еді. Осындай көп тұрмайтын мінездері бар еді, – деп қатты арман етіп отырды. Арада бірер жыл өткесін Абайды тағы көрдім. Мұнда Керей мен Көкшенің арасындағы туындаған үлкен бір даудың жайымен Керейдің Мырзахан деген ақсақалы бас болып, Көкшенің, әсіресе Көкбайдың бітімге келмей дауды созып жүргенін  айтқалы Абайға келдік. Өйткені Абай екі жағымызға да бірдей әділ бітімін айтатынын жақсы білеміз. Абай даудың жайын тыңдады да: «Барып сөйлесіңдер, көнбесе ол Көкшені (Көкбайды қалжың етіп) мен былай-былай көндіріп берейін», – деп бір жұдырығын бір жұдырығына нұқып қойды. Абай өзі көңілді, жайдары еді, өзімен тұрғылас Мырзақанмен едәуір әзіл-қалжың сөздер де айтысып отырды.  Бұдан бір жыл бұрын ең жақынынан ешкім болыстықты ала алмайтын болғандықтан, Мырзахан Бөлебай деген бір байды болыс сайлаймыз деп қолына қаршыға ғып ұстап, бір партияны басқарған екен. Бірақ Бөлебайдың дәулеті болмаса, ел жек көретін құнсыз адам еді. Осы жайды біліп, Керейдің Бегіш деген бір қу тілді шешен адамы – біздің Мырзаханның қанжығасына бір жая байланып жүр депті. Осы сөз жұртқа жайылып, бұдан бұрын Абай да естісе керек.  Сөзден сөз шығып отырып Абай: -Мырзахан, былтыр байлап жүрген жаяң жеуге жарады ма, – деп күліп, бір қағытып өтті. Мырзахан да күліп отырып: «Жая түгіл, бір елдің ішек-қарнын байланып жүргендер де бар ғой», – деді.  Шай ішіп отырғанда Мырзахан Абайдың жаңа салдырған күміс тісінің жайын сұрады. Абай қартайған адамдарға Семейде осындай тіс салдырып алуға болатынын, бұл да өнер-ғылымның көп пайдасының бірі екенін, отарба, шойынжол, суда жүзетін кеме, не керемет ғылым жайын ұзақ әңгіме қылып кетті. Басқа өнерлі елдердің бізден артық тіршілігін де сөз қылды. Мұндай ғылым әңгімесіне келгенде Мырзаханнан бастап, мәжілісте отырған барлық жұрт ұйып тыңдаудан басқа, бір ауыз сөз айтқан жоқ. Сонда Абай бәрімізден де Алатаудай биік, ақылды, дүниенің барлығын біліп, болмай кеткен ерекше бір сәуегей жан сияқты көрінді. Онда ұшқалақ жас кезім ғой, Абайдың айтқан мың сөзінен бір сөзін ғана ұғамын. Абайды соңғы  рет Семей қаласында, пәтерінде көрдім. Біздің елдің адамдары Абайдан бір жұмыстың жайын сұрап кел деп мені жұмсады. Мен Абай жатқан үйге келдім. Жаздың күні еді. Бір көлеңкеде Ертістің аралына қарап отыр екен. Қасында қылжақбастау бір атшы жігіт отыр екен. Абай Ертістің аралын, оның ар жағындағы көкжиек аспанды нұсқап, әлгі жігіттен: - Анау көрінген не? Оның ар жағында не бар? Оның ар жағында не болады? – деп жоқтан өзгені сұрап, атшының аузына келгенін айтқызып, өзі оған әбден рахаттанып, қарқ-қарқ күліп отыр екен. Мен ішімнен: «Жаным-ау, мынау Абай бала болып кеткен бе?» – деп аң-таң болып қарап тұрдым да қалдым.

                                            Материалды дайындаған Ықылас Ожайұлы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?