Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіздік және ұлттың рухани болмысы мен санасы

2014
Тәуелсіздік және ұлттың рухани болмысы мен санасы - e-history.kz
Ұлттық сананың жетілуінің бір бел­гісі ұлттың өзін-өзі анықтауы. Көне қазақ танымында бұл мәселе «жеті атасын білмеген – жетесіз» делініп, арғы тарихпен ұштасқан.

 Тәуелсіздік мерекесі – бүкіл қазақ халқы үшін, барша қазақстан­дық­тар үшін ерекше мереке. Өйткені, ол мемлекетіміздің өз саясатын дербес, өз еркімен жүргізуге қабілет­ті­лігінің мерекесі. Әңгіме біз солай ете алдық па, әлемдік қоғамдастықтан өз ор­ны­мызды ала алдық па, олар бізді егемен ел ретінде таныды ма, сонан өрбуі керек. Мәселені осылай қойсақ, оған «иә» деп айтуға толық құқы­ғымыз бар. 

Еліміздің тарихын зерттеушілердің айтуынша, тарихымыздың көптеген ақ­таңдақ беттері әлі ашылмаған, олар­дың бәрін халық біле бермейді, себебі, өз тарихымызды біз әлі жүйелі көрсе­тіп жатқан жоқпыз. Ол туралы кешенді көзқарас қалыптаспаған, мамандар­дың ортақ ұстанымдары да жоқ. Шын мәнінде ұлт тарихының ақтаңдақ тұс­тары алдыменен анықталуы, оқылуы керек. Өйткені, жастардың ұлттық тарихи санасы білім беру жү­йе­сінде қа­лыптасады. Ендеше, тарихи таным мен сана қалып­тасты­ра­тын тарих, басқа да гуманитар­лық ғылымдарға деген көз­қарасты өзгерту – бү­гінгі қажеттіліктердің бірі. Осы методология тұрғысы­нан келер болсақ, бізге тәуел­сіз­дікке дейінгі тари­хы­­мыз­дың жарқын беттерін де, жан­ға батар жағымсыз тұс­тарын да ашық жазуы­мыз керек.

Кезінде одақтық дең­гей­де ұстанған саясаты­мыз бізге Алаш қозға­лы­сын, ашаршылық жылдарын, өткен ға­сы­рдың 30-шы, 50-ші жыл­дарындағы нәубетті жан-жақты жазуы­мызға мүм­кін­дік бермеді. Ұлттың ұлт­тық сана­сы­ның қалыптасуына ерекше мән берілуі керек. Ұлттық сананың негізі – та­­ри­хи таным, тарихи сана-сезім. Сен өзіңнің қайдан шығып, қалай жара­­тылғаныңды білмей, бұл өмірге келуіңнің мақсатын да түсінбейсің. Сондықтан түбіңді білуің керек. Ұлт­тық тарихи сана-сезім қалыптасуы үшін мұның бәрі ал­ды­мен оқулық­тар­да қамтылуы, ізде­мей-ақ табатын жерлерде болуы тиіс, ал біз мұның бәрін іздеп жүріп табуға мәжбүрміз, кейде таба да алмай жата­мыз. Жаңарған қо­ғам­ның жастары жа­ңа ұлттық сая­сат­ты түсінуі және білуі – уақыт талабы. Ұлттық саясат – бір мемлекетте тұра­тын әртүрлі этнос­тар­дың, этнос­тық топтар мен диаспо­ра­лар­дың ара­сын­дағы қарым-қатынас­тар­ды реттеу. Өркениетті мемлекеттерде ұлттық саясат этносаралық тату­лық пен қоғам­дық келісімді сақтауды және нығай­ту­ды мақсат етеді. Сон­дық­тан ұлтара­лық қатынастарды, ұлт мәселе­сін жә­не ұлттардың өзін-өзі билеуі мәсе­ле­сін шешуге, реттеуге ба­ғыт­талған ұлт­тық саясатқа деген зәру­лік әлем мем­лекеттерінің басым көп­шілігіне тән құбылыс. Ендеше, оны біздің Қазақ­стан да айналып өтпейді.

Осы тұрғыдан алғанда жастар ара­сында қазіргі ұлттық саясат жүргізудің бір әдісі – оларға басқалардың құн­ды­лықтарына еліктеп кетпейтіндей дең­гей­де ұлттық болмысымызды насихаттай білу. Әрине, бұл – олар басқа ұлт пен ұлыстардың озық үлгілерін үй­рен­бесін, олардан тыс қалсын деген сөз емес. Бұл жердегі басты мақсат – тұтастық, бірлік, елдік мәселесі.

Елімізде тарихи сананы қалып­тас­ты­ру – ел бірлігінің кепілі, ол тұтас руханиятқа жеткізеді. Елдегі қазақтар әртүрлі тілде сөйлеп отырса, дүние жү­зіндегі қазақ үш әліпбиді пай­да­ла­нып отырса, дініміз де бөлініп, жіктеліп, әртүрлі пиғылдағылар әсіреңкі істерімен тыныштығымызға іріткі салса, тұтастық қайдан болады, тұтас руханият қалай қалыптасады. Бізге, әсіресе, аға буын ұстаздар қауымына ой­ланарлықтай мәселе. Ол үшін бү­гінгі заман, бүгінгі қоғам, бүгінгі ұлт­тық сана қандай, соларға көңіл ау­дар­ғанымыз жөн.

Алдымен ЗАМАН туралы. Кейбір зерттеуші ғалымдарымыздың пікірінше, біздің түрік тектес халықтардың ұғы­мына (тіліне) «заман» сөзі араб-пар­сы әсерімен енгеніне қарамастан, қазіргі уақытта ең көп қолданатын сөзі­мізге айналды. Болмыс, дүние, әлеу­мет пен оның тарихына ойша көз жүгіртсек, «заманды» айтпай тұра алмаймыз. Себебі, тарихи санамыздың қалыптасуы­на біздің қандай заманда өмір сүр­ге­німіз әсер етпей қоймайды. Ал ұлттың санасы өзінің тарихын түсініп, ұғы­нып және ұғындырып жүре алатындай деңгейде болуы керек.

Ұлттық сананың жетілуінің бір бел­гісі ұлттың өзін-өзі анықтауы. Көне қазақ танымында бұл мәселе «жеті атасын білмеген – жетесіз» делініп, арғы тарихпен ұштасқан. Ендеше, ар­ғы тарихымыз қандай; қандай елде тұрып жатырмыз; дәстүрлі және заңды ұстанымдарымыз, мемлекеттік ны­шан­дарымыз қандай? – деген сұрақ­тарға жауап іздеуіміз, анықтылы­ғы­мыздың басы болса керек. Біз де осы қисынды басшылыққа алып, жауап іздеп көрелік.

Тарихтың ар жағында тек өткен жылдар мен көнерген ғасырлар тұрған жоқ. Ұлттың болмысы, санасы, дәс­түрі мен салты, кәсібі, ұстанымы, т.б. да бірде кетіліп, бірде жетіліп осы ғасырлармен бірге жаса­сып келеді. Бәрінен де бұ­рын тарих – тәр­бие­ші, ұлт­­тың бағдаршамы, жол сілтеушісі. Бағдары жоқ ел де, оның азаматтары да тарих айдынында компас­сыз жүргендермен тең. Олай бол­са біздің жас ұр­пақ та­рих­тың бетін қал­қы­май, оған тереңірек үңіліп, та­рих­­тың талай асауларға бас үйрет­ке­нін, тәубесіне түсіргенін, жуа­сыт­қанын білулері керек. Сол себепті де тарих ғылымының танымдық және әлеу­мет­тік функ­ция­ларына шабуыл ешқашан да толас­та­мағанын, әсіресе, бодан ха­лық­тар­дың тарихы өрескел бұрмалау­шы­лық­тарға ұшырағанын да білгендері жөн.

Кезінде Ә.Бөкейханов: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады… Дүниеде өңге жұрттар қатарында қор болма­йын, “тұқымым құрып қалмасын” деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады», деп жазған болатын. Сондықтан ол бастаған Алаш азаматтары қазақ бол­мы­сын айқындайтын рухани құнды­лық­тарға ерекше көңіл бөліп, ұлт та­ри­хын, ұлттық сананы қалып­тайтын, бір ізге түсіретін істерге ерекше назар аударды. Алайда, Кеңес өкіметі ұс­тан­ған саясат Алаш азаматтарының бұл ойын жүзеге асыртпады. Өйткені, ол тұстағы ұстаным бойынша аз, кіші халықтардың мемлекет субъектісі ретінде өз тарихтары болмайды, ол тек үлкен тарихтың объектісі деп түсін­ді­ріл­ді. Осы ұстаныммен бұрынғы ұлт-азаттық көтерілістер бүлікшілік ретінде бағаланып, оның жетекшілері тарихи тұлғалар емес, елге іріткі салу­шы­лар деп қараланды. Ал Ресей импе­рия­сының өзінің шет аймақтарын жаулап алуы бұ­ра­тана халықтарды өркениетке бастау, жақсылыққа жетелеу, көзін ашып, көкіректерін ояту деп түсіндірілді.

Қазір біз тәуелсіз даму жолындағы елміз. Алайда, үш ғасырдан астам уа­қыт­қа созылған Ресей империясының, кейінгі Кеңестер Одағы жүргізген сая­саттың үстемдігі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанынан кейін де бірден жойыла қоймайды. Өйткені, ол отарланған халықтың рухани өміріне тереңірек тамыр жіберді. Кезінде Қайта өрлеу дәуірінің ірі ой­шылы Никколо Макиавелли ұзақ уа­қыт отарланған халықтың санасында үстемдік еткен ұлттың тілі, діні, мә­дениеті сақталып қалатыны жөнінде ескерткен болатын. Ал, Кеңес Ода­ғын­да басқа халықтарды ұлтсыздандыру саясаты ғылыми негізде, жүйелі түрде оқулықтарға кіргізіле отырып жүр­гі­зілді. Мысалы, басқасын айтпағанда марксизмнің құрамдас бөлігінің бірі деп жоғары оқу орындарында оқы­тыл­ған «Ғылыми коммунизм» курсында, болашақ коммунизм кезінде ортақ бір тіл – орыс тілі, ортақ бір мәдениет – орыс мәдениеті, аралас неке бола­тын­дығы ашық айтылып, кітап бетінен тараулар мен тармақшалар берілді.

Бұрынғы отарлық кезең де, кеңес дәуірі де көпғасырлық қазақ тари­хы­ның бір бөлігі, сондықтан ол біздің қазіргі жазылып жатқан тарихы­мыз­дан өз орнын алуы тиіс. Кейбіреулер, көбі жағымпаздар, немесе, ұлттық рух пен намыстан, тарихи санадан мақ­ұ­рым­дар Ресей империясы құра­мын­да, Кеңес Одағында өмір сүрдік, жақ­сысы да, жаманы да болды, өтті, кет­ті, енді ол ке­зең туралы айта берудің не қажеті бар – дейді; екіншілері, бұл кезең­ді айта беру өс­пе­ген сананың, отар­ланған халықтың «кекшілдік сезімі» деп түсін­дір­гі­лері келеді; ал, осындай сана­да­ғы­лардың үшін­ші­лері, Кеңес Ода­ғында бәріміз бірдей, тең құқылы өмір кештік деп отарлық кезеңді мүл­дем жоққа шығарғылары келеді; төртін­ші­лері болса, қазақ халқының отарлық үстемдікке қарсы күресін ұйымдас­паған «қарсылық қозғалысы» ретінде көрсетіп, «ұлт азаттық қозғалысы» түсі­нігін ғылыми айналымнан шы­ға­рып тастауға әрекеттенуде. Бұлардың бәрі ұлттық болмысын енді тіктеп тарихи санасына сілкініс жасап жатқан қазақша ойлау мен тарихқа ұлттық сана тұрғысынан қараушылар мен европоцентристік методология ұстанған орысша ойлап өлшейтіндер мен басқа ағайындарымыздың арасындағы ақи­қат­қа жету жолындағы әрекеттер екені көрініп тұр.

Мұндай қорытынды жасау себеміз, ел тәуелсіздігі тұсында да көптеген мәселердің тарихи ақиқат тұрғысынан баяндалмай, қайсыбірінің дүдәмал тұс­тарының көп болуы дер едік. Олар­дың қатарына: бұрыннан келе жатыр­ған мәселе қазақ халқының қалып­тасуы мен қазақ хандығының құрылу кезеңдері, қазақ халқын аса зор ма­териалдық, интеллектуалдық, мәдени-рухани, психологиялық нәубетке ұшы­ратқаны отарлық үстемдіктің шын та­рихы; өткен Кеңес өкіметінің алғаш­қы жылдарында қазақ халқының қыр­ғын­ға, ашаршылыққа ұшырауы; халық қамын ойлаған Алаш зиялыларының мақсат-мүдделерінің орталықтың ойы­мен қабыспауларының саяси-әлеу­мет­тік себептері; 1986 жылғы оқиғаның дұрыс бағасын ала алмай келе жа­т­қаны, т.б. айтуға болады.

Тәуелсіз еліміздің өткен тарихына шынайы көзбен қарап, деректерге жү­гінсек, қарапайым қазақ қауымының көпшілігінің Қазан төңкерісін қабыл­дай­тындай, оны ой елегенінен өт­кі­зетіндей саяси да, қоғамдық та санасы болған жоқ, өздерінің тіршіліктеріне де қо­лайлы болмаған, ал оның мәнін тү­сін­ген сол кездегі қазақ зиялы­лары­ның 99 пайызы Қазан төңкерісіне қарсы бол­ғанын мойындауға мәж­бүр­міз. Алай­да ол жөнінде нақтылы ма­териалдарды біздің тарихшыларымыз әлі күнге дейін ғылыми айналымға қос­пай отыр. Ал оған танымдық-тағы­лымдық, жал­пы дүниетанымдық тұр­ғы­дан баға беру басқа қоғамдық-әлеу­мет­тік ғы­лым­дар өкілдерінің ойына да кірмейді. Тарихи санасы қалыптасқан тәуелсіз ел азаматтары олай етпесе керек.

Біздің тәуелсіз мемлекет жолымен дамуымыз барысында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы Кеңес Ода­ғы республикаларында өткен ға­сыр­дың 30-жылдары болған жаппай аштық құр­бандарын еске алу туралы қарар қабыл­дады, олардың ішінде Қа­зақстан да бар. Соған қарамастан, жал­тақтықтан құтыл­ма­ған, өз бол­мы­сымызды тіктеп, сана­мызға сілкініс жасап үлгермеген біз осы халық­ара­лық қоғамдық пікірге ден қоймай, әліп­тің артын бағудамыз. Бұл – де­мократиялық құндылықтарға бой ұрған елімізге де, ұлттық рухани болмы­сы­мызға да үлкен сын.

Тәуелсіз Қазақстан тарихы жас ұр­пақтарға ғана емес, бәрімізге де қым­бат. Наполеоннан «тарихты жасайтын кімдер, бұрмалайтын кімдер?» деп сұрағанда, «тарихты жасайтын біздер, ал бұрмалайтын тарихшылар» деуі тегін айтылмаған. Ендігі жерде Қазақ­стан­ның тарихын кеңестік дәуірге дейін, одан кейін деп екіге бөліп, бірін қа­ра­лап, екіншісін даралап мақтаудың қа­жеті жоғын түсінгеніміз абзал. Өйт­кені, Қазақстанның бір ғана тұтас тарихы бар, оның бір кезеңі – «нағыз», келесісі – «жалған» емес деушілердің пікірімен де есептесіп, алдағы уақыт­тар­да сана болмысы тұрғысынан сара­ла­ған абзал. Біздің бұл ойымыз бүкіл қоғамдық гуманитарлық ғылымдарға, әсіресе, қазақ әдебиетіне де қатысты. Өйткені, басқа гуманитарлық ғылым­дар маркс­тік-лениндік ұстаныммен жүрсе, әде­биет оларға қоса «жағым­ды» және «жа­ғымсыз» образдарды қол­дан жасап көркем санамызды көркейтпей қойды.

Ұлттың тарихи сана­сы дегеніміз – күрделі феномен. Оның қалып­тасуында, дамып жетілуінде мемлекеттің рөлі ерекше. Жеке адам да, ұлт та ұзақ уақыт тәр­бие­ден өту арқылы өз бойына ұлтжандылық, із­гілік, басқа ұлттармен бейбіт қатынаста өмір сүруге бейімделу секілді қасиеттерді жинақ­тай­ды, ұрпақтарының бойы­на дарытады. Не болмаса, ұлтсыздану үдерісіне жол беріліп, кеңестік интернационализм кезіндегідей ұлтты ұйыстыратын ұйытқыларды жоғалту мақсатын көздеген саясат жүр­гізіледі. Құлдық психология қазақ­тар­ға ұзаққа созылған отарлық саясат, ке­йін кеңестік дәуір дарытқан ең сорақы, ең зұлым, ең қасіретті құбылыс. Ашаршылық, соғыс, індет, қуғын-сүргін секілді зұлматтар қоғамның кемел тұлғаларының түбіне жетті, аман қалғандардың өздерінің рухани дү­ниесін жұтатты, қандай да жолдармен, әр түрлі сорақы әдістермен өзін өзі қор­ғау, жан сақтау инстинктін д­а­мыт­ты, сөйтіп, оларды «өз ұлтым», «өзге ұлт» дегенге үйрететін дербес ұлттық санасынан ажыратып, өзіндік өмір сүру әліппесінен айырды, мәңгүрттену үдерісі жалпыхалықтық сипат алды. Бұл ұлт санасының терең дағдарысқа ұшырауына, ұлттық намыстан жұрдай болуға алып келді. Осыдан келіп, ұлт­тық тарихи санасы тұтаспаған ұр­пақ пенделіктің не бір түрлеріне барып ұлт беделін түсірді, мазақ бола жүріп мақтан қуды, дақпыртқа, даңғаза қо­сыл­ды. Өз дамуында алға кеткен ха­лықтың озық жетістіктерінен саналы түрде үйренудің орнына, Абайша айт­сақ, «өзгеге жатып жастық, тұрып төсек болып, жалпақшешейлік таны­т­ты», билік басындағылардың алдында табынды. Бұл үдеріс әлі тоқтар емес. Сөйтіп, саналы адами, рухты, ұлттық болмысы бар азаматтар сиреді.

Соған қарамастан, өткен тари­хы­мызға көз жүгіртсек, қазақ халқы өзі­нің табиғи дарыны, тарихи-саяси, қо­ғамдық ахуалына байланысты, батыр­лары мен билерінің ерен еңбегінің арқасында ұлттық сананың халықтық шеңберін бойларына терең сіңіре білді. Сондықтан да ұлтымыздың тарихи жолында ешбір отарлау саясатының зобалаңы қазақтың ұлттық санасын сансыратқанымен, түбегейлі жоя алма­ды. Тек қана Кеңес Одағының жасы­рын, астарлы, зымиян, зұлымдық сая­сатының кесірінен терең тарихи тамы­рынан сусындап өскен ағашы қатты зақымданды, ұлттық намысы­ның дең­гейі төмендеді, бірақ ұлттық тамыры біржолата солып кеткен жоқ. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы тұ­сын­дағы ақын Жұбан Молдағалиевтің қызыл им­перия қылышынан тайын­бай өз ойын білдіруі, қазақ жас­тары­ның ұйым­дасқан талап-тілектері осының айғағы.

Кезінде айтулы Алаш азаматы М.Шоқай: «Мемлекетте мәңгілік дос та, мәңгілік жау да жоқ. Онда тек мәңгілік мемлекеттік мүдделер ғана бар», деген еді. ХV ғасырдан бастап әдебиеттерде кең қолданыла бастаған ұлттық мүдде ұғымы жалпыұлттық іс-әрекетке негіз болатын себептер мен құбылыстарды қамтиды. Ұлттық мүд­де мәселесі түрлі саяси күштер мен топтар тарапынан әрқалай түсіндірі­ле­ді, әр қилы ұғынылады. Ұлттық мүд­де­ге саяси және идеологиялық кеңіс­тік­те мемлекеттік, қоғамдық, ұжым­дық мүдде және жеке тұлғалар мүд­делері тікелей әсер етеді, немесе, олар өзара байланысып, ықпалдасып жата­ды. Қазіргі халықаралық саяси қаты­нас­тарда ұлттық мүдде мәселесі ерекше маңызға ие. Тіптен, лаңкестік топ­тар­дың өздері жанкештілік әрекет­тері­нің себебін ұлттық мүдде деп жариялауда.

Қазақ ұлтының ұлттық мүддесі оның ана тілін сақтауға, демокар­тия­лық ахуалының жақсаруына, ұлттық төл мәдениетінің дамуына, салт-дәс­түрінің сақталуына, әдебиеті мен ғы­лымының өркендеуіне, рухани мұра­лары­ның жаңғыруына байланысты. Ұлт­тық мүдделеріміздің іске асуы оның тарихи кеңістікте ұзақ өмір сүруін қамтамасыз етеді. Ал сол мүддені іске асыратындар білікті, білімді, ұлттық рухы мен санасы барлар. Міне, осын­дай адамдар, егемен елдің жастарына үлгі болар тұлғалар, тәуелсіз елімізде шетқақпайлық көрмей, бойындағы бар қасиеттері мен қабілеттерін жастарға беріп кетулеріне мемлекет тарапынан жағдайлар жасалуы керек. Әрине, ұлттық сананың қалыптасуы түрлі шаралармен, заң жолымен біте салатын нәрсе емес, ол үшін әр қазақтың өз ұлтының, ата-бабаларының алдын­дағы жауапкершілікті терең сезіне білуі, осы жолда күресе білуі керек. Әсі­ресе, оқу орындарындағы оқу-тәрбие жұмыстарына жауапты адамдардың да мұны терең түсінгендері жөн.

Бүгінгі жастар тәуелсіз ел жас­тары, олар баяғы біздер сияқты санасы мен өмір салтындағы елес қуудан арылған жастар. Адам факторының бар мәні де, маңызы да, құндылығы да осында. Жаңа адам – тек жас адам емес, болмысын, санасын жаңартқан адам. Қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар. Біздің тұс­тас­тарымыз социалистік идеяға көп үміт артты, Еу­ро­паны кезіп жүрген «ком­мунизм елесі» бізге де келер деген үмітпен жастық шақтарын өткізді. Бірақ елес жеткізбеді, коммунизм келмеді. Сонан соң ол қоғамның әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуын «дамыған», «кемелденген» социализм деп жұмсартқан бол­дық. Кейін «қайта құру» идеологиясы келді, бірақ ол да алдыңғы сенім-на­нымды, арман-елесті жоққа шығар­май, соның бір белесі болып тарих қойнауына енді. Сөйтіп жүргенде, қоғам дамуының объективті жағдайы алып империяның құлауына әкелді. Марксистік-лениндік идеология негізіне құрылған, биліктің басқару тетігіне айналған Коммунистік партия аз уақыттың ішінде әуелі беделінен айырылды, кейін өмір сүруін біржола тоқ­татты. Барлық өзгерісті орта­лық­тан күтіп отыратын, ұлттық сана­сы­ның өсуін «ұлтшылдыққа» балап дамытпаған империяның бір бөлігі Қазақстанды мекендеуші қазақ ұлты да осы әлеуметтік-экономикалық дағ­дарысты басқалармен бірге көрді, осы өзгерістердің куәсі болды. Ортақ бағ­дар болмаған соң, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қиындық күрделене түсті. Әркім өзінше күн көріп, көбі алыпсатарлықпен айналысты, қайсы бір топтар ұрлық-қарлықпен, зорлық-зомбылықпен баю жолына түсті. Біз­дің бұларды термелеп айтып жат­қа­ны­мыздың басты себебі, кеңес дәуірінде «құлдық психологиямен» қоса, ұлт­тың «дәрменсіздігі», «кіріптарлығы» да қалыптасқан еді. Соның сал­дары­нан осындай өзгерістерге қазақ қоға­мы да, ұлтымыздың қоғамдық санасы да даяр болмай шықты. Біз бұрын­ғы­ша біреуден шешім күтіп соны орын­дауға қалыптасып қалған дағдымыз­дан шыға алмадық. Өйткені, біз ұзақ жылдар бойы әлдекімді асыра дәріп­теуге, немесе, адал еңбекті ескерусіз қалдыруға соқтыратын, азаттық тари­хын көшбасшылар тарихына айнал­ды­ра­тын сыңаржақ тарихи көзқарасқа жол берген ел, соны санаға сіңірген ұлт болып қалыптасқан едік. Қазіргі уа­қ­ытта жағдай басқа, біз қаласақ та, қаламасақ та, біз де бүкіл әлем қауым­дас­тығымен бірге даму үстіндеміз. Алайда, қазақтар Қазақстанда байыр­ғы ұлт, азаматтардың басым бөлігі әрі мемлекет құраушы ұлт ретінде қандай да құқықтық басымдыққа ие болмаса да, тарихи миссияны – елдегі бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етіп отырғанын, мемлекеттік мәртебесі бар тілі – барша қазақстандықтарды ұйыс­тырушы тіл болуы керектігін баса айт­сақ бізді әлемдегі ешқандай қауым­дас­тық ақиқаттың ақ жолынан ауытқы­дың­дар деп кінәламасы анық.

Қазіргі жаһандану заманында тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғы­лы­мын, басқа да қоғамдық гумани­тар­лық ғылымдарды жетілдіру біздің мем­лекеттік саясатымыздың басым ба­ғыттары болуы керек. Осының айға­ғы ретінде 1995 жылы «Қазақстан Рес­публикасында тарихи сананы қа­лып­тастыру тұжырымдамасы» қабыл­дан­ғанын, 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жа­рия­ланғанын, ал 2004 жылғы 13 қаңтарда «2004-2006 жылдарға арналған «Мә­де­ни мұра» мемлекеттік бағдарламасы өмірге келгенін және әлемде теңдесі жоқ бұл бағдарламаның күні бүгінге дейін өз жалғастығын тауып жатқа­нын, тағы басқаларын айтсақ та жеткілікті.

Алайда, кеңестік дәуірдің тар шең­берінде қалған тарихымызды, қоғам­дық-философиялық ойымызды әлем­дік биікке көтеру басты мақсат. Қазір­гі уақытта Қазақ елі көшпелілер өр­ке­ниетінің орталығы, түркі халық­тары­ның атажұрты ретінде әлемге таныла бастады, осындай жағдайда өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау ұлттық идеямыздың құрамдас бө­лігіне айналуы қажет. Идея – ой, түпкі ой, бір нәрсенің негізгі ойы, теория­лық жүйенің, логикалық құрылым­ның, соның ішінде дүниетанымның негізінде жатқан анықтаушы түсінік. Идеология – адамдардың үлкен әлеуметтік топтарының іс-әрекетіне бағдар беріп, олардың мақсат-мүдделерін білдіретін идеялар мен көзқарастар жүйесі. Идео­ло­гияның түрлері көп, солардың ішінде аса белгілісі саяси идеология.

Алайда, ел азаматтарының отан­шыл­дық сезімін білдіретін ұлттық идея мен саяси идеология арасында үлкен айырмашылық бар. Ұлттық идея – халықты топтастыратын, біріктіретін, өз елі үшін мақтанышқа бө­лей­тін асқақ рух болып табылады. Сондықтан Отан үшін, ұлты, халқы үшін адамдар ғажап ерлік көрсетіп, идея үшін өзін құрбан етуге дейін барады. Осындай істің жарқын үлгі­сін, сана болмыстарының биіктігін кезінде Алаш азаматтары көрсетті. Жас­тар­ды ұлт бірлігі мен отаншылдыққа тәрбиелеудің басты факторларының бірі тарихи сана қалыптастыру екенін, оның халықтың зердесі, қайнар күші екенін ұстаздар қауымы мен аға ұрпақ өкілдерінің естен шығармағандары жөн. Өйткені, әр халық өз тарихынан ғана қуат алады, өз болмысын қалып­тайды, сонысымен де ерекше.

Түрлі мәдениет пен білім сала­сын­да жинақталынған алуан мәліметтерді қабылдасақ та, оларды өз болмысы­мыз­бен және мәдениетімізбен үйлесті­ру­ге лайықты арнайы дайындық керек. Әр саладағы мамандарымыз кө­не­нің көзі мен бүгінгі тәуелсіз елдің қажетін бірдей алып кете ала ма, әң­гіме сонда. Оның басты талабы – ма­ман­дардың интеллектуалды және әдіс­те­мелі мәде­ниетін бірдей қалы­п­тас­ты­ру. Әзірге бұл бағытта тындырған істерден гөрі, үзіл­меген үміт басым. Ең басты ескерер жәйт – төл тамырымыз бен мәде­ниеті­мізге деген патриоттық сезімнің, азамат­тық құлшыныстың, қазақтық, ұлттық болмысымыздың жетіспеуі. Кейбір рух­сыз, намыссыз жастарымыздың бойында бақытты, жақсы өмірді басқа жақтан іздеу сияқты құ­былыстар да кездеседі. Мұндай жағ­дай­дың Президенттің «Бо­ла­шақ» бағ­дар­ламасымен шет елдерге барған­дар­дың ішінде де кездескені өкі­нішті. Бұл туралы Президент: «…Мен кейбір бо­ла­шақтықтардың елден ұзаған соң ұлтпен байланысын үзетінін, ұлт­жан­­дылық сезімді жоғалтатынын көп естіп жүрмін», деген еді. Иә, шетелдегі жақсы өмірдің, мол ақшаның буына ма­сайрағандар өзінің туған еліне, өскен же­ріне менсінбей қарайтындар жоқ емес. Салыстыру үшін айта кетелік, ХХ ғасыр­дың басында Петерборда, Варшавада, Уфада, Қазанда, Түр­кия­да, Томскіде жә­не басқа шет жерде оқыған қазақ зия­лы­лары жоғары біліммен туған еліне ора­лып, ел болашағын ойлап, сол үшін күре­сіп, жандарын да сол ұлы мақсат жо­лын­да пида етті, Алаш ардақтылары кейінгі ұрпағының жадында атымен қалды.

Біздің ойымызша, оның басты себебі, қазіргі жастарымыздың бойын­да­ғы этномәдени білім мен тәрбиенің тапшылығы болса керек. Әйтпесе, ата-бабаларымыздың айтып кеткен: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», деген өсиетін ескерер еді. Ба­қыт­ты өмірді басқа жақтан іздемей, өз Отанымызды бұл дүниенің жәннаты мен шуағы деп есептеп, өз білімдеріміз бен қайрат-жігерлерімізді еліміздің мүддесіне жұмсауымыз керек деп түсінер еді. Туған еліміз дәулетті, туған жеріміз сәулетті болса бұл бүкіл ұлтымыздың ырысы. Ал оны ары қарай еселейтін бүгінгі жастар. Кешегі кеңес кезінде «бәрін де кадр шешеді» деген ұран болды, кезінде оның мәні­сі­не терең үңілмедік, байыптап қарасақ, орынды қойылған талап­тардың бірі.

Біз ғасырлар мен мыңжылдықтар алмасып, әртүрлі үлгідегі қоғамдар қалыптасқан, соған сай адамдардың болмысына өзгерістер еніп, пси­хо­логиясы сол өзгерістерге бейімделген, ұлттық саналары да ояна бастаған ке­зеңде өмір сүріп отырмыз. Адам атау­лының жасампаздығына, яғни, қоғам­ды да, дүниені де өзгерте алатынына нақты көзіміз де жетіп келе жатыр. Алайда, кісінің санасынан өткен шақтың өкініштері де, қуаныштары да өшірілмек емес. Кеңес дәуіріндегі жас­тарға кедей болу жақсы, кедей ең­бекқор, ақылды деп оқытты, тәрбие­ле­ді. Бұған Ыбырай шығармаларынан алынған Асан мен Үсен бейнелерін еске түсірсек те жеткілікті. Осыдан келіп, «кедейдің бәрі жақсы, байдың бәрі жаман» деген психологиямыз қа­лыптасты. «Байларды қойдай қу қам­шымен» деп өлең жаттадық. Бай «жаман, надан, ештеңеден хабарсыз кебеже қарын, қуыс кеуде болса, қалай байыған» деген ой санамызға кірмеді. Ке­ңестік идеологияның бізге кедейді дәріп­теткені сонша, әкем, ата-бабам тү­гел кедейден шыққан деп өмірбаян тол­тыруды ар көрмедік, керісінше, жетістік санадық. Қазақта «тексіз» деген өте ауыр сөз бар, біз сол тексіздігімізді өз қолы­мызбен жазып, мақтанышқа айнал­дыр­дық. Бұрын балаларымызды тегімізді айтып тәрбиелесек, енді «тексізден шығып адам болдық» деп мақтандық.

Біз әлі күнге дейін өз тарихы­мыз­ды, ба­балар жасап кеткен байтақ та­рихы­мыз­ды өндіріп жаза алмай, өз­ге­лердің жазып кеткен жылнамалары мен айтып кеткендеріне жүгінумен келеміз, өзгенің айтқанын қайталаумен келеміз. Олар біз­дің тарихымызды өз мемлекетінің мүд­­делері тұрғысынан және өз таным-түсі­нігі деңгейінде ғана жазды. Ендеше, бізді осы кездері тұтас елді біріктіретін ұлт­тық сананы қалай қалыптастыруға бола­ды деген сауал толғандыруы тиіс. Ұлт­тық сананы қалыптастыру үшін Ұлы Дала тарихын ұрпақ санасында тірілту керек шығар деген шешімге тоқталған зерттеушілердің пікірінің жаны бар.

Қазақстанды дамытудың алғы­шарт­тарының жасалуына біз әрқай­сысымыз қал-қадерімізше қызмет еттік. Енді қоғамды өркендету үшін ең­бек етуіміз шарт. Сондықтан да тәуел­сіздікті ұлттық болмысты қалып­тау­дың, ұлттық рухты көтерудің, ұлттың тарихи санасын қалыптастырудың ма­ңызды факторы ретінде насихаттау әлі де болса қажетті деңгейге көтерілмей келеді. Осы орайда Мұстафа Шоқай­дың «ұлттық рухсыз, ұлттық намыс­сыз ұлт тәуелсіздігі болмайды» деген өсиетін еске сала кетсек артық болмас. Танымал Алаш қайраткерінің бұл ойы бүгін де өз өзектілігін жойған жоқ. Себебі, ұлттық рух – халықтың өзін-өзі тануымен айқындалатын, өс­ке­лең арман-мұраттарымен сипатта­ла­тын, елдік тұтастық идеясымен негізделетін өміршеңдік күш-қуаты.

Ал ұлттық намыс – ар-ожданнан бастау алатын, отансүйгіштікпен ұш­та­сып жатқан рухани-құндылық сезім. Ұлттық намыс адамның ұлттық құн­ды­лықтарының маңызын түйсінуден туындап, халқының мұң-мұқтажын түсініп, туған елін қорғауымен си­пат­талады. Ұлттық намыстың негізгі көрінісі адамның туған еліне сүйіс­пен­шілігінен, төл мәдениетіне деген құр­метінен байқалады. Намыс адам­ның өзіне етене жақын дүниесінің ұлттық рухани мұраларының қадірін білуімен негізделгендіктен, оның құ­рам­дас бөлігі болып табылады. Ұлт­тық намыстың этностың рухани өмі­рінде өзіндік зор маңызы бар. Ұлттық намыс ұлттың өзіндік менін, өткен тарих тағылымын ұмытпай, ар-ожданын таптатпауы үшін керек. Ұлттық на­мыстың қозғаушы күш-қуатын әдеби мұралардан: батырлық жырлардан, тарихи жырлардан, соларды арқау еткен тарихи шығармалардан айқын көре­міз. Ұлттық намыс елдің ұлттық тұ­тас­тығы мен рухани бірлігіне қызмет жасайтын елдікпен егіз ұғым.

Ендеше, біздің жас кадрларымыз бүгінгі күннің талаптарына сай ма, олар­да ұлттық намыс бар ма? – деген сұ­рақ төңірегінде ойланған жөн. Бәрі мүмкін, көбі сай дей алмаймыз. Оның басты себебі, кейбір жас­тарымыздың әкесі­нің не­месе көкесінің ақылы­мен өзі қаламаған ма­мандықтарға ақылы оқу­ға түсіп, білімі мен бі­лігін де басқаның кө­ме­гі­мен «меңгеріп» жүр­ген­дігінен болса керек. Кейін он­дай­лардың жұ­мыс­қа орнала­суы да, жұ­мыс ба­бы­мен саты­лап көтерілуі де осы бағыт­пен жүреді. Бұл күнде мекеме бас­ты­ғын жұмыс беруші (работадатель) деп атаймыз, олар өтірік болса да, қа­зіргі талапты басшы­лық­қа ал­ған бо­лып, бос орын­­дар­ға ор­на­ласуға қа­­тысты баспа­сөз­де ха­бар­­лан­ды­ру­лар, конкурстар жа­рия­лайды. Біз бұл жерде кадр таң­даудың әді­лет­ті, әділет­сіз­дігі тура­лы әңгі­мені жұмыс беру­ші­нің ары төреші деп әңгіме етпей-ақ қоя­лық. Ал жаңа­ғы жарнаманы оқыса­ңыз, «тек компьютермен жұмыс істей білу, ағыл­шын тілін меңгеру деңгейі» сияқты талаптар тұрады. Бұл – заман талабы, оған дау жоқ. Бірақ бұлар қыз­меттік талаптар. Ал оның патриот­ты­ғы, парасаты, ділі, мемлекеттік тілді білуі, ұлттық намы­сы, т.б. сияқты адами сапаларына бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Бұл орайда ұлттық мүд­де­ні айтып жатудың өзі артық. Сонда бізге 10 тілді білетін, қы­зыл диплом­ды, шет елде оқыған, бизнесті шыр айналдыратын, бірақ нигилист, пара­сат­сыз, өмірлік ұс­танымы жоқ, ұлттық намыстан жұрдай, ұлттық болмысы қалыптаспаған, «космополит» робот керек пе, әлде еліміздің болаша­ғына жаны ашитын, бүгінгі игі істерді алға апаратын азамат керек пе?! Бір нәрсе айқын – біз «тәрбиесіз білімдіні» де, «көкесінің көмегімен жүрген­дер­ді» де үкілегеннен ештеңе таппай­мыз. Біз­дің­ше, сыбайлас жемқор­лық­тың да, шет ел асуға қиналмайтын сат­қын­дық­тың да тамыры осы ұлттық намыс­сыз­дықпен, рухсыздықпен са­бақ­тасып жатса керек. Сондықтан кадр­ларды даярлау, іріктеу, таңдау мә­се­лесі ұлт мүддесімен, ел бола­ша­ғы­мен тығыз байланыста болып, тарих сабақтары да ескерілуі тиіс.

Кезінде кеңестік жүйенің Қазақ­стан­ды ұлтсыз елге айналдыру мақ­сатында жүргізген саясатының кесірінен қазақ­тың ұлттық санасы табиғи өсуінен қа­лыс қалды, ұлттық рухы әлсіреді, елдегі саяси биліктегілердің патриоттық өрісі тарылды, не мүлдем жойылып, өзін, ұлтын сыйлаудан қал­ды. Бұдан шыға­тын қорытынды – келешек жас маман саясаткерлерді, іс ба­сындағы жастарды толықтай ұлттық құндылықтарымызға қанықтырмай, бой­ларына этномәдени болмысты да­рыт­пай, оларға билік тізгінін ұстатуға болмайды. Жастар ең әуелі қазақтың тілін, дінін, ділін сыйлауға тиіс. Бо­йын­да осындай ұлттық намысы бар қазақ жастары айтылғандардың өз­дері­нің болашақ өркендеу өзегі екендігін әбден сезініп, әрі оған сеніп, со­ған орай мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында саясаттың күрделі кеңіс­ті­гіне қадам басулары қажет. Ал дүние мен байлықты, жеке бас құлқын ой­лайтын, намыссыз адамдардың ұдайы сұм істерін жалғастыра беретінін ескеріп, ондайларды биліктен ығыстыруды көздейтін жолдарды қарастырып, кадр саясатын ұлттың мүддесін қорғай оты­рып, мемлекеттік бағытта жүргізу заман талабы екенін ескергеніміз абзал.

Қазақ халқының ұлттық санасы мен жан-дүниесін мазалаған түйткілді ойы ұлттық, һәм мемлекеттік тәуел­сіз­дік еді. Бұл тұрғыдан алғанда тәуел­сіз­дікке балама жоқ. Қалай болғанда да, қазіргі жаһандану заманында өзінің ұлттық бірегейлігін терең ұғынған, соған орай қи­мылдайтын халық қана алпауыт мем­лекеттердің жемсауында кетпей, тарих сахнасында сақталып қала алады. Қазақ елі өзінің тәуелсіз дамуының 20 жылы ішінде оның саяси, әлеуметтік-эконо­ми­калық, рухани тұрғыда егеменді жолмен дамуының алғышарттарын жасады. Оған барша Қазақстан азаматтары қал-қа­де­рін­­ше өз үлестерін қосты. Алайда, біз әлі де болса көптеген салаларды үй­ренуші, өзгелердің істегендерін қайта­лау­шы жағ­дайында жүрміз. Енді бізге белгілі орыс тарихшысы Карамзиннің «өзгенің ақы­лы­мен ақылды бола алмай­сың, өзгенің даңқымен даңқты бола алмайсың» деген жанды сөзін ескере отырып, алдағы уа­қыттарда өз ақы­лымыз, өз даңқымыз өзімізге жететінін де­ шамалап, өз межемізге өзіміз ұмтыл­ғанымыз жөн және солай боларына сенім бар.

Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылым­дары­ның  докторы, профессор.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?